«Соғысты көрген соң жарқырап жүргім келмей қалды»: медбике Ауғанстандағы жағдай туралы айтты

8 наурыз Ауған соғысы кезінде қалай тойланды?

Нұрдәулет Кәкіш
11/03/2024 - 14:52

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Ауғанстаннан қайтқан ару», «Мать Тереза» атанған, 1984-1986 жылдары Ауғанстанның Пули-Хумри қаласы маңындағы КСРО әскери госпиталінде медбике болып қызмет атқарған Бақыт Қалиева Sarbaz.kz тілшісіне сұхбат берді.

– Бақыт Рақымжанқызы, соғыс кезінде Ауғанстанның қай жерінде қызмет атқардыңыз? Онда өз еркіңізбен бардыңыз ба? Соғыс болып жатқанын білдіңіз бе?

– 1984 жылы осы жақтан, яғни Целинаградтан аттандым. Бізге «ол жақта қазір соғыс болып жатқан жоқ, медбикелер керек» деп ұсынды. Содан бірнеше қыз өз еркімізбен Ауғанстанға баратынымыз туралы өтініш жаздық. Үйге барып, бұл жаңалықты айтып едім, анам ұрысты. Ағам дәрігер еді, ол да ұрысты. «Ол жақта соғыс болып жатыр. Адамдарды өлтіріп жатыр. Қайтесің ол жаққа барып? Ақша керек болса, мен беремін», деді ағам.

Үлкендердің сөзін ескеріп, «анам ауырып қалды, бара алмаймын» деп едім, ол Кеңес Үкіметінің кезі, құжаттың бәрі Мәскеуде дайындалады, менің құжатымның жасалып қойғанын, кері шегінерге жол жоқ екенін айтты. Біз, соғыс жылдарынан кейін 1950 жылдары өмірге келген тым отаншыл ұрпақпыз ғой. Жылап-сықтадық. Дегенмен сонда да баруға бекіндік. Ташкентке барып, ұсынылған телефон нөмірге хабарластым. Қандай аялдамадан, қай автобусқа отырып, қай жерге дейін баратынымды айтты. Жабық әскери аэродромға барып, онда бір тәулік болдым. Содан маған нақты қай жерге баратыным туралы қолыма бұйрық берілді. Қағазды әкеліп берген сарбаз: «Пули-Хумри деген жер екен, қиындау жер» деді. Менде басқа таңдау да, кері шегінерге жол да жоқ. Соғыс тынышталып, аспан ашық боп тұрған кезде әскерилермен бірге ұшақпен әрі қарай Кунтузға дейін жетіп алдым.

– Сіз сонда топпен бірге емес, жалғыз өзіңіз бардыңыз ба?

– Жалғыз бардым. Осында славян тектес екі-үш қыз болған. Олар өтпей қалып, мен өтіп кеттім. Салмағым 40 келі, шағын ғана қараторы қазақтың қызы болған соң ба, мені өзбек ретінде өткізіп жіберген болуы керек. Содан Кунтузға келдім. Онда әйел адамдар болмады. Госпитальдан емделіп шыққан сарбаздар жүр екен. Сол жердің бастығы маған кабинетін босатып берді. Атыстың дыбысын алғаш рет сонда естідім. Терезенің түбіне тығылып, қорықтым, «қайда келдім?» деп жыладым. Кері қайтуға жол жоқ, апарып тастайтын адам да жоқ. Мұнда екі-үш тәулік болдым. Сол жердің басшылығы маған бір блог темекі алып кетуді ұсынды. «Шылым шекпеймін ғой» деп едім жолай сарбаздарға сыйға бергенге керек болатынын айтты. Сол оңды болды, ұшақпен Пули-Хумриға жетіп, сарбаздар мені сондағы әскери госпитальға жеткізіп тастады. Неше күн ұйқы шала, қорқа-қорқа жұмысқа кірістім. Госпиталь бастығы менің инфекциондық бөлімге баратынымды айтты. Артынша жұмыс тәжірибемді ескеріп, мені хирургиялық бөлімге ауыстырды. Ол жерде оңай болған жоқ, әрине. Бір айдан кейін әскери ант қабылдадық. Әскери міндетті болып саналдық. Сарбаз болып барып, сержант болып қайттым.

Бұл госпитальда екі жарым жыл уақыт жұмыс істедім. Мені ауыстыратын медбике болмай, өз уақытымнан тыс екі ай күттім. Медбикелер өбінесе Ленинградтан келді.

– Әскери госпитальде қанша адам жұмыс істедіңіздер? Жұмыс кестесі қалай болды? Жұмыстан қол босаған уақытта қалаға шығып тұрдыңыздар ма? Бос уақыт болды ма жалпы? Сіздерге қандай қауіп төнді? Сондағы ерекше есте қалған оқиға туралы айтып берсеңіз.

– Госпиталь үлкен ауыл сияқты болды. Ол жерде хирургиялық, инфекциялық, терапевтік бөлімшелер болды. Біз соның жанында үлкен ағаш үйде тұрдық. 80 орындық хирургия бөлімшесінде жалғыз медбикеден кезекшілік еттік. Бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік демалдық. Әрине, жұмыс қиын болды. 4 хирург болды, оның бірі – госпиталь бастығы, енді бірі бет-жақ хирургі дегендей. Ол жақта күн өте ыстық. Ауа температурасы +65 градусқа дейін көтерілді. Сағат түскі 12.00-ден 16.00-ге дейін дәрігерлер түскі асқа кететін. Егер тыныштық болса, түнгілікте өздерінің бөлмелерінде демалады. Олар нағыз әскери дәрігерлер болды. Жаралыларды әкелгенде олардың жарасы кішігірім болса, дәрігерлерді артық мазаламауға тырысатынбыз. Ота жасайтын орын, жансақтау бөлімі болды. Офицерлердің бөлек палатасы болды. Олардың палатасының бір артықшылығы онда теледидар тұратын. Соның бәріне бір медбике қарайтын. Әрине, өте ауыр. Бірақ бізге басшылық «әлсіздік танытпаңдар, жас балаларға көз-жастарыңды көрсетпеңдер» дейтін. Қазір еске түссе, соның бәрін қалай жасағанбыз деп таңқаламын.

Әртүрлі жарақат алғандар келіп түсетін. Біреуі есін білсе, енді бірін ес-түссіз келеді. Үсті-бастары қан-жоса. Мина жарылып, аяқ-қолынан айырылғандар, кеудесі, бас сүйегі зақымданғандар болды. Оның бәрін түсінген адамға өте ауыр. Дәрігер тағайындаған ем-домды жасаймыз. «Менің кезегімде ешбір адам өлмесе екен!» деп Құдайдан тілейтінбіз. Изоляторда комада жатқандарға олар о дүниеге қиналмай кетуі үшін уақытында жансыздандыру дәрісін егетінбіз. Дәрігерлер қай уақытта екпе жасау керектігін жазып қоятын.

Жүктеме өте көп. Екі ота жасайтын үстел болды. Жағдайы өте ауырларға бірінші кезекте от жасалатын. Кезекте күтіп жататындары қаншама?!

Таңғы сағат 9.00-ден келесі күнгі 9.00-ге дейін тыным таппай жұмыс істедік. Көз ілуге мұрсат болмады. Біреуге кислород жетпей тұрған сияқты, тағы біреу шақырып жатқан сияқты көрінетін. Кейде тыныш болғанда жұлдыздарға қарап, айналамды көрмеуге тырысып, үйде отырғандай елестететінмін.

Бір күні «госпитальға қазақ түсіпті» деп естігенде қуанып, бірден барып, қал сұрастық. Тағы бірнеше қазақ баласы болды. Оларды көргенде туғандарымызды көргендей болдық.

– Госпитальда сізден басқа қазақтар болды ма?

– Иманғали Молдағалиұлы деген алматылық хирург болды. Мықты хирург еді, былтырлары қайтыс болыпты. Менен бір жыл бұрын барған алматылық Айжан есімді медбике болды. Басқасының көбі Украина жақтан болды.

– Жұмыстан тыс уақытта не істейтін едіңіздер? Қалаға шығуға мүмкіндік болды ма?

– Жұмыстан қатты шаршайтындықтан, біраз ұйықтайтынбыз. Территориядан шығуға рұқсат болмады. Соның ішіндегі дүкенге барамыз, шай ішеміз. Шыққандарды үйге қайтарып жіберетін.

– Екі жарым жыл ішінде бірде-бір рет шықпадыңыздар ма?

– Шыққан кездеріміз болды. Бізге госпитальға келген әскери көліктермен, күзетпен апаратын қаладағы дүкендерге. Бірінші жауынгерлер ғимаратқа кіріп, тексеріп шығатын. Егер бәрі тыныш болса, кіретінбіз. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, тез-тез көлікке отырып, жүріп кететінбіз. Сонда бір байқағаным, Ауғанстанның қалалары бай, өзгеше болды. Дүкендерінен де неше түрлі тауардың түр-түрін көрдім. Мен өзім шағын ғана Целиноград қаласында туып-өскен соң ба, ондағы қалалар басқаша көрінді. Безендірілуі бәрі бөлек болды.

 
Фото Бақыт Қалиеваның жеке мұрағатынан

– Сонда Ауғанстан сол заманда бізден алға озып кеткен бе?

– Сол кездерде озық болған сияқты. Бірақ кейіннен соғыстан көз ашпай, тоқырауға ұшыраған шығар.  

– Жергілікті тұрғындарға ем-шара жасаған кездеріңіз болды ма?

– Бір рет болды. Одан бері 40 жыл өтті. Аттарын ұмытып қалыппын. Бір жоғары шендіні әкеліп, бөлек палатаға жатқызды. Есіктің бір жағында олардың күзетшілері, екінші жағында біздің күзетшілер автоматпен тұрды. Ал біз кіріп, екпемізді жасап, үндемей-ақ кетіп отырған күндер болды.

– Соғыс жүріп жатқан кезде 8 наурызды қалай атап өттіңіздер?

– Шынымды айтсам, ұмытып та қалыппын. Өйткені анда-санда ғана басқосуларда болмаса, соғыс туралы әңгімені көп жерде айта бермейміз. Сол госпитальдың ішінде қыздармен бірге дүкеннен азық-түлік сатып алып, манты пісіріп, шай ішіп, атап өтетінбіз. Оның ішінде спирттік ішімдік мүлде сатылмайтын да, рұқсат та етілмейтін. Өкініштісі 1988 жылдары сол госпитальға бомба түсіп, жарылып кетіпті.

Фото: Бақыт Қалиеваның жеке мұрағатынан

– Егер құпия болмаса, Ауғанстандағы соғыста медбике болып қызмет істегеніңізде осындағы жалақыңызбен салыстырғанда қаншалықты айырмашылық болды? Табысыңызды қайда жұмсадыңыз?

Жалақымыз елдегіден 2-3 жалақыға көп болды. Оның бір бөлігі елде банктік есеп-шотта қалып отырды. Қалған екі бөлігін чекпен алдық. Сондағы дүкендерден азық-түлік сатып алатынбыз. Көп жинамадық. Жинағанымызды тек Алматы, Мәскеу сияқты үлкен қалаларға ғана барып, жұмсауға мүмкіндік болды. Ол кезде қазіргідей көлік, пәтер алу деген үрдіс жоқ. Тек киім-кешек сатып алдық. Әйтеуір чекті жұмсап бітіру керек болды.

– Бір сөзіңізде «Қанша жерден соғысты көрдім десем де, адамдармен ұрсысуға жоқпын. Дауласа алмаймын» дедіңіз. Өміріңізді Ауғанстанға дейін және кейін деп екіге бөлуге болатын шығар? Сол жылдар өміріңізге қалай әсер етті? Қандай сабақ алдыңыз?

– Мені ауыстыратын медбике болмаған соң елге уақытынан кеш келдім. Жүйке жүйем аздап сыр берді. Келген соң бір жыл ауырдым. Екі алақаным қышып, ісіп кетті. Сонда да қолымды таңып алып, жұмыстан қалмадым.

Елге келген соң жаңадан сатып алған жақсы киімдерді кие алмайтынмын. Соғысты көргеннен кейін әдемі киініп жүру мүлде қызықтырмай қалды. Алтын сияқты әшекей бұйымдарымызды да көрсеткім келмейтін. Соғыс мида қалады екен. Алдыңғы жылы Қаңтар оқиғасы кезінде бізде, Астанада тыныш болса да, тереземді жастықпен қалқалап қойдым. Бір снайпер көздеп тұрған сияқты көрінді. Қазір соғыс туралы киноларды да көргім келмейді, ол туралы кітаптарды да оқымаймын. Соғысты көргеннің әсері ме екен, ешкіммен дауласып, ұрсысқым да келмейді.

– Бетін әрі қылсын, дегенмен дәл қазір сондай госпитальға баруға бұйрық берілсе, қайта барар ма едіңіз?

– Егер ел үшін қажет болса, барар едім. Ал басқа елдердегі соғысқа көмектесуге бармаймын, әрине.

– Әскери болғысы келетін балалар көп. Бірақ қазіргі уақытта әскери болудан, әскерге барудан қашқақтайтын жастар да аз емес. Әскери қызметтің мәртебесі сіз үшін қандай?

– Қазір шақыру бойынша түрлі патриоттық кездесуге барып-тұрамыз. Сонда жас балалардың әскерге баруға қорқақтайтынын байқаймын. Оларға «әскерге барудан қорықпаңдар. Егер сені біреу ұрып жатса, қарап тұрмай сен де ұр» деп айтамын. Қорқуға болмайды ғой.

Әскерилердің мәртебесін көтеру керек. Қазіргі таңда жас балалар әскерге барудан қорқады. Қазір еліміздегі әскери мерзім бір жыл ғана. Ол дегеніміз аса ауыр емес қой. Мысалы, қазір мені жіберсе, әскерге барар едім. Намыс болуы керек.

– Сіз үшін бүгінгі заманның батыры кім?

– Қазіргі заманның батыры кім екенін білмеймін тіпті. Қазір батыр деп ешкімді айта алмаймын. Кімді айтамыз? Тек әскерге барған балаларды батыр деп айтуға болатын шығар.

– Қазіргі әлемде болып жатқан соғыстарды жаңалықтардан бақылап отырасыз ба? Бұрынғымен салыстырғанда соғыс тәсілдерінде өзгеріс бар ма, қалай ойлайсыз?

– Анда-санда ол туралы жаңалықтарды көріп қаламын. Жазықсыз көз жұмып жатқан бейбіт тұрғындарға, балаларға жаным ашиды. Анамның ағасының баласы Израильде тұрады. Оның анасы осы жақтан кеткен еврей ұлтының өкілі. Маған әртүрлі нәрсе жазып жіберсе, мен оған ұрсып отырамын. «Мен мұсылманмын, маған ондай ештеңе жіберме» деп айтамын.

– Сонда туысқан ініңіз сізге не жазады?

– Еврейлерді ақтайтын әртүрлі видео роликтер жібереді. Онда еврейлердің бұрын қалай өмір сүргені, қайда тұрғаны сыңайдағы ақпараттар. Бірақ мен ол материалдарды соңына дейін қарамаймын да. Жалпы, әлемнің саясатын түсінбеймін. Жер үшін күресіп жатса, жауынгерлер өзара әскери іс-қимыл жүргізіп жатса, бір жөн еді, бірақ балалардың өлімі, мектептер мен ауруханаларды күйрету – қандай адамшылық?

– Сіз туралы газеттерде «Ауғанстаннан қайтқан ару» деген сияқты көптеген мақала жазылған. Содан кейін сізді кейбір әскери «Мать Тереза» деп атайды екен. Бұлай атаудың сыры неде?

– Мен осында госпитальда істеп жүргенде 1989 жылы Ауғанстаннан жаралыларды алып келді. Олар 16-17 жастағы жас балалар болды. Тентектіктері де болды. Біреу бірдеңе деп жатса, «оларға қатты сөйлемеңдер, олар Ауғанстаннан келген балалар» деп оларға шаң жуытпайтынмын. Үнемі солардың сөзін сөйлеп, көмек керек болса, шамама қарай қол ұшын созуға тырыстым. Сол соғыс алаңынан қиын жағдайда келген сондай балаларды өз көзіммен талай көрдім ғой. 16-17 жастағы ғана біреудің әлпештеп отырған баласы. Соғысқа бірі білсе, енді бірі білмей барған. Оларды аяйтынмын. Содан олар мені «Мать Тереза» деп атап кетті. Негізінен осы Астанадағы әскерилер солай атайды. Көрсе, әлі күнге дейін құрметтеп тұрады.

– Сұхбатыңызға рақмет! Сізді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз!

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94