«Сұлатып түсірді»: Ұлттық ұландағы ағайындылар бастарынан өткен жайтты баяндады

Сарбаз: «көшеде әлді біреу өзінен әлсізге әлімжеттік көрсетсе, бос тұрмай қорғауың қажет»

Нұрдәулет Кәкіш
25/01/2024 - 15:53

Каратедағы қара белбеулерін  шешіп, әскердегі тактикалық белбеумен белдерін бекем буған ағайынды Қадырбековтер – елімізге белгілі спортшылар. Sarbaz.kz 2023 жылдың 11 желтоқсанынан бастап «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің оқу пунктісінің  2 взводының атқыш сарбаздары атанған спортшылар Жалғас пен Рифхат Қадырбековтермен болған сұхбатты назарыңызға ұсынады.     

– Өздеріңдей  білекті  жігіттердің бірліктің  білте шамын шағып, әскерге бірге келгендерің зор қуаныш. Бұл кімнің ұсынысы еді?  Бауырдың ба? Әлде  ағаның ба?   

Жалғас: Бұл ортақ шешім деп айтсақ та болады. Сөздің ашығы, әскерге шақырту маған келді. Рифхат болса, менімен  бірге баруды  жөн көріп, осылай  Павлодардағы  әскери  бөлімге  келдік.    

Рифхат: Осы орайда, қай өңірден шақыртылғанымызды  еске салсақ жөн болар деп олаймын.  Біз  әскерге  жер   жәннаты Жетісу өңірінен келдік.  

Жалғас:  Мен 2002 жылы 26 ақпанда дүниеге келдім. 2009 жылы Текелі қаласының №4 орта мектебінің табалдырығын аттап, 2020 жылы тәмамдадым. Бұдан кейін Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетіне  дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түстім. Жалпы, он жасымнан бастап каратемен айналысамын. Қазіргі таңда  бірінші дәрежелі  қара белбеу  иегерімін. Сондай-ақ  республикалық, халықаралық  сайыстардың жеңімпазымын. Мен 2017  жылы  Түркияда ел намысы сынға түскен  халықаралық  турнирде  карате-шинкиокушинкайдан   жүлделі  бірінші орынды  иеленіп,  көк туымыз бен   Әнұранымызды  әлемдік аренада  асқақтаттым.  Бұл сәт әлі де менің есімнен кетпейді. Қалың жұртшылықтың алдында еңсемді тік ұстап, тапжылмай, елім деп еміреніп Әнұран шырқадым. Мен сол уақытта «Отанымды қызғыш құстай қорғаймын» деп ішімнен серт берген едім. Міне, сол сәт орындалып, енді туған елімді спорт саласынан ғана емес,  Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп,  мерзімді әскери қызметші ретінде қорғаймын.  Жалпы, мен бағындырған асулар аз емес. Айталық,  2019 жылы Тараз қаласында  өткен  Азия чемпионатының күміс жүлдегерімін. Каратеден Қазақстан Республикасының  спорт  шеберіне  үміткерімін әмбе  І дәрежелі төреші, каратэ шеберімін.

– Рифхат, сенің ағаңның жеткен жетістіктері толайым екен. Ал сен ше?  Қателеспесем, екеулерің де спорт үйірмесінің табалдырығын бірге аттадыңдар емес пе?       

Рифхат:  Мен де Жалғастың  артынан  карате  үйірмесіне  8  жасымнан  бастап қатыстым. 2017 жылы Астана қаласында өткен   Қазақстан чемпионатының  бас жүлдегерімін. Сонымен қатар  2018  жылы  Алматы  қаласында өткен әлем чемпионатында намысты қолдан жібермей чемпион атағына ие болдым. Бауырлас  Түркия мемлекетінде  2017 жылы өткен әлем чемпионатында өз салмағымда жеңімпаз  атағын сақтап,  «шын шеберге тұсау жоқ»  екеніндігін дәлелдеп, жарыс нәтижесінде өзгелерден шоқтығым биік шықты.

– Түркияда болған сайыста баптарың мен бақтарың қатар жанған екен.  Жалпы,  қарсыластарың қаншалықты мықты болды?

Рифхат: Халықаралық сайыста әлсіз  қарсылас кезікпейтіні айдан анық. Көпшілігінің тәжірибесі басым.  Біздің спортта жылдамдық пен ептілікке көп көңіл бөлінеді. Өз басым,  жылдамдығым жаман емес деп ойлаймын. Негізінен, аяқпен әдіс жасағанды ұнатамын. Енді өзім үлгі тұтатын бапкерім  Рафаель Агаев секілді лақтыру әдістерін сәтті орындасам деген ойым бар. Каратенің қазіргі уақытта Олимпиада ойындарының қатарына енгізілгенін біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан алдағы уақытта төрт жылда бір рет  төрткүл әлем көз тігетін байрақты бәсекеге дейін шыңдалуға тырысамын.

–  Неліктен бұл спорт түрін таңдадыңдар?  

Жалғас:  Көбіне  каратені  ұрда-жық ұрыс тәсілі  деп ойлайды. Алайда спорттың бұл  түрі адамды машықтандырады. Карате физикалық қабілетпен қатар, интелектуалдық  қабілетті дарытатын спорт түрі. Жалпы, кенжелеп, ел арасында лайықты бағасын алмаған спорттың бұл түрі соңғы жылдары қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, каратеның олимпиада ойындарының санатына кіргені бауырымыз екеуімізге ерекше қуаныш сыйлады. Қалың бұқара ішінде спортқа деген алашапқын көңілдің қайта оянғанын сездік. Әсіресе, Талдықорғанда бапкер боп шәкірт тәрбиелеп жүрген мен үшін каратеның айбыны асқақтап, абыройы аспандағандай көрінеді. 

–  Кімді үлгі тұтасындар?

Жалғас:  Ең бірінші қара домалақ шағымызда каратеге жетектеп алып барған атамызды үлгі тұтамыз. 2012 жылы ақ адал ниетті ардақты әулетіміздің сыйлы азаматы «менің қос құлыншағымнан чемпион шығатын болсын» деп бізді есімі өңірге белгілі жаттықтырушы Рафаэль Раймановқа тапсырды. Білікті бапкер  ініміз екеуімізді үйірмеге келген өзге шәкірттерден бөліп жармай, әкесіндей қамқорлық таныта отыра, денемізді  шынықтырып, каратенің сан түрлі тәсілдеріне  баулыды.

Рифхат: Ал мен Қазақстандағы таэквондо федерациясының негізін қалаушы, аты аңызға айналған әлемге мәшһүр Мұстафа Өзтүрік атамызды үлгі тұтамын.  Бұл кісіні үлгі тұтатын  себебіміз өз туған еліне оралып, таэквандо,  карате мектептерінің негізін қалап, спорттық бағытта сан түрлі  федерациялар құрып, Қазақстанға  әлемнің есігін ашқан абзал азамат.

–  Күнделікті өмірде  спорттың пайдасы тиген сәттер болды ма?

Жалғас:  Әрине,  ер бала болғаннан кейін өз-өзіңді қорғай білуге міндеттісің. Жалпы, қандай бір да спортпен айналысқанда біреуден өш аламын, таяқ жегіземін деп емес, оның пайдасы тиетін тұстарын ескеріп айналысқан жөн. Көшеде әлді біреу өзінен әлсізге әлімжеттік көрсетсе, бос тұрмай қорғауың қажет.  Себебі сен шыныққан шымыр спортшысың. Ал өзің барып, күшім тасып тұр екен деп  ешқандай себепсіз біреуге соқтығысуың ақымақтық болады. Карате ең бастысы тәртіпті жүруге, сондай-ақ  тәртіпті бұзбауға баулиды.

– Тәртіп демекші, Жалғас, сен алдағы уақытта Рафаэль бапкеріңдей жаттықтырушы болғың келе ме? Жалпы, әскери бөлімдегі офицерлер мен сержанттардың көрсеткен тәрбиесі мен спорттағы жаттықтырушы тағылымының  айырмашылығы неде?

Жалғас:  Жалпы, спортта әскердегідей тәртіпті талапты қажет етеді. Қызу дайындық барысында жоғары нәтижеге жету үшін әрбір күн әскердегідей жоспарлы болуы шарт. Спортпен айналысатын адам басқа адамдарға қарағанда тәртіпті, қажырлы болып келеді. Және спорт дұрыс ойлауға өз күшін дұрыс қолдануға бағыттайды. Сол себепті әскери тәртіпті меңгеру қиынға соқпады.

–  Енді қызықты оқиғаларыңмен бөліссеңдер?

Жалғас: 2017 жылы каратедан Қазақстан Республикасының біріншілігінде Рифхат 2 татамида мен 3 татамида қарсыластарымызбен  бір уақытта кім мықтыны анықтап жаттық. Сол уақытта Рифхаттың қарсыласы тыйым салынған әдісті қолданып, бауырымды  есінен тандырды. Рифхаттың ұзыннан сұлай құлағанын көріп, аңтарылып тұрып қалған мені байқаған қарсыласым, ұрымтал тұстан айналып тебу әдісімен мені де «ұйықтатып» жібергені. Санаулы сағаттан соң есімді жинасам, Рифхат екеуміз дәрігерлер бөлмесінде отырмыз. Әйтеуір, медициналық көмек көрсетілген бөлмеден шыққан тұста екеуміздің бірдей уақытта  есімізден танғанымызды  еске алып, ішек-сілеміз қатып, күліп шыққанымыз бар. 

– Әңгімелеріңе рахмет!

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94