Шынайы өмірдегі тыңшылар: Ұлыбританияның құпия агенттерімен сұхбат

Олар жұмысы жайлы ойларын білдірді

Нұрдәулет Кәкіш
26/07/2023 - 17:48

Фото: BBC

Фото: BBC

Керемет көліктер, экзотикалық елдердегі құпия операциялар. Британиялық тыңшы болудың сыры неде? Sarbaz.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап Ұлыбританияның үш құпия қызметінің кейбір көлеңкелі тұстарын оқырман назарына ұсынады.

Қауіпсіздік қызметі Mi-5, Сыртқы барлау қызметі Mi-6 және үкіметтік байланыс орталығы GCHQ қызметтерінің алты агенті BBC-ге өздерінің жұмысы туралы сыр шертіп, барлау агенттіктерінің кейбір стереотиптеріне қатысты пікір білдірді.

BBC алты агенттің есімін өзгертіп жариялаған.

1. МИ-6 қызметіндегі жұмыс Джеймс Бондтың шытырман оқиғаларына расымен де ұқсай ма?

«Жоқ. Яғни, мүлде ұқсамайды. Тіпті маңайламайды да. Бірақ біз мұндай стереотипті жиі кездестіреміз», - дейді құпия агент Кейт. 

Кейт 10 жылдан бері MИ-6-да кадрларды іріктеумен және дайындаумен айналысады.

«Шынымды айтсам, біз құпия қызмет өкілдерін өмірі думанға толы Джеймс Бондпен салыстыруға бейілміз. Бірақ өкінішке қарай бәріміз Астон Мартин көлігін тізгіндей бермейміз. Бізді автобуста немесе метрода да жиі кездестіруге болады», - дейді ол.

Ал МИ-6-да еңбек өтілі 15 жылдан асатын, қазіргі таңда шетелде қызмет етіп жүрген Джон әріптесінің сөзіне кереғар пікір білдірді.

Ұлыбританияның барлау қызметінің штаб-пәтері Лондонның Темза жағалауында орналасқан

«Бонд туралы кейбір фильмді өтірікке толы деуге келмейді. Бізде де өз Q-ымыз болады (агент фильмдерінің кейіпкері 007, зерттеу және технологиялар бөлімінің бастығы). Q нақты өмірде бар. Барлық қажетті гаджеттермен қамтамасыз ететін мықты инженерлеріміз жұмыс істейді. Тек біздің жігіттер Бондқа қарағанда салқынқанды», - дейді Джон.

2. Тыңшының тіршілігі өте қиын ба?

«Иә немесе жоқ».

Бұл – мамандарды жұмысқа қабылдаумен айналысатын, МИ-5-те 15 жылдық еңбек өтілі бар Джонның пікірі. Оның айтуынша, үміткерлерді тексеру әдетте 6 айдан 9 айға дейін, ал олардың әрқайсысымен жүргізілетін сұхбаттың өзі 3-8 сағатқа дейін созылады.

«Бұл процесс ұзақ әрі қызықсыз. Бірақ бізде өмірді айтарлықтай жеңілдететін тексеру тобы бар», - дейді ол.

3. Ұлыбританияның құпия қызметіне Оксфордты немесе Кембриджді бітіргендер ғана қабылдана ма?

«Олай емес».

Дегенмен алты кейіпкердің кейбірі расында да Оксфордты немесе Кембриджді бітірген. Есімдері ойдан шығарылғандықтан, олардың кейбірінің ақсүйек тегіне қатысы бар-жоғы белгісіз.

Бірақ Дианың сөзінше, бұл – қате түсінік.

«Мен Оксфордта да, Кембриджде де оқыған емеспін. Біздің арамызда қарапайым мектепті бітіргендер де бар. Кейбірінде тіпті жоғары білім де жоқ. Бірақ бұл олар жұмысты дұрыс істей алмайды дегенді білдірмейді», - дейді Диа.

Джон да оның пікірімен толық келісетінін айтады.

«15 жыл бұрын барлығы құпия қызметкерді беделді оқу орнын бітірген ақ нәсілді адам, ақсүйектердің өкілі деп есептеді. Бірақ сол кезде де бұл стереотиптер шындыққа жанаспады. Ал қазір бәрі жақсы жаққа қарай өзгеріп келеді», - дейді ол.

Джон қарапайым мемлекеттік мектепте оқыпты.

Оның сөзінше, үш құпия қызмет те мамандарды әртүрлі әлеуметтік және этникалық топтардан жалдауға тырысады. Әсіресе, биыл жарияланған парламенттік баяндамадан кейін олардың кадрлық саясаты сынға ұшыраған.

«Мұнда едәуір ілгерілеушілік бар, бірақ әлі де көп нәрсені жақсарту керек», - дейді Джо.

4. Егер кем дегенде бір рет есірткі қолданып көрген адам құпия қызметке орналаса ала ма?

«Әр жолғы шешім жеке қабылданады. Егер сіз, айталық, 16 жасыңызда бірдеңе шексеңіз, бұл автоматты түрде барлау қызметіне жұмысқа қабылданбайды дегенді білдірмейді. Дегенмен үміткер ешқашан есірткі қабылдамауы керек», - дейді Джо.

Алты агент те жұмысқа қабылданар кезінде есірткіге қарсы тест тапсырған. Көп жағдайда анықтау үшін үміткердің шашы алынады.

Жеті жылдық тәжірибесі бар GCHQ зерттеу инженері Лилли кейде мұндай сынақ күтпеген жағдайға әкелетінін айтады.

Үкіметтік байланыс орталығының (GCHQ) штаб-пәтері

«Осы процедурадан кейін мен шаштаразға бардым. Шаш қиятын кісі өте әңгімешіл адам-тұғын. Бір кезде ол күтпеген жерден шошып, шыңғырып жіберді. Менің жұлынған шашымның орнын байқаса керек. Оған алдын ала ескертуді ұмытып кетіппін. Оның бұған кінәлі емес екенін айтып, әрең сабырға шақырдым», - дейді ол.

5. Қайда жұмыс істейтініңізді біре-міреуге айта аласыз ба?

«Мүмкін. Бірақ оны кімге айтасыз? Міне соған мұқият болуыңыз керек».

Джоның сөзінше, MI-5 қызметкері қайда істейтінін отбасына және жақын досына айта алады. Ол осы сұхбат алдында отбасына МИ-6-ға жұмысқа баратыны туралы айту жөнінде шешім қабылдапты.

«Әкем бірден кеңсесіне барып, Джон Ле Карренің толық шығармаларын алып келіп, «сұхбаттасар алдында осыны оқып шық» деді. Ал жұбайыма өз жұмысым туралы қарым-қатынасымыз жарты жыл өткен соң айттым. Әңгіме қызықты болды. Бірақ біз әлі біргеміз», - дейді Джо.

Джонның айтуынша, MI-5-ке орналасуға үміткерлер болашақ қызметі туралы өте қызық түсініктермен келеді.

«Бірде менен кандидаттардың бірі: «Сіз жұмысқа киіміңізбен бара аласыз ба, әлде маскировка жасауыңыз керек пе?» - дейді. Үміткердің тағы бірі: «сізбен бірге жұмыс істеу үшін сүйген қызымды тастап кетуім керек пе?» деп сұрады. Қажет болса, тастайтынын айтты», - дейді ол.

6. Тыңшылар өздерін «тыңшы» деп атамайтыны рас па?

«Негізі солай дейді. Бірақ жиі емес».

Джо өз жұмысы туралы ешкімге ашылып айта бермейтіндіктен, бұл сөздік қорына жиі кездесетін сөз емес екенін айтады.

Ал Джон, керісінше, «тыңшы» сөзін ұнататын көрінеді.

«Мен өзімді тыңшы деп санаймын. Тыңшылық – бұл біздің кәсіп. Біз мұны жақсы мақсатта жасаймыз. Сондықтан мен өзімді тыңшы деп санауға еш ұялмаймын», - дейді ол.

Джонның пікірімен әріптесі Кейт те келісетінін жеткізді.

«Біз құпия ақпараттармен жұмыс жүргіземіз. Сондықтан бұл атау орынды», - дейді ол.

7. Бұл жұмыс көңіл көтеруге мұрсат бере ме?

«Бұл сіз көңілді деп санайтын нәрсеге байланысты».

Джон MI-6 жыл сайын қызметкерлер үшін қызықты қойылым ұйымдастыратынын айтады.

«Бізде бәсекелестік рухын тудыратын бірнеше нәрсе бар. Мысалы, біз аспаздық ісі бойынша жекпе-жек өткіземіз», - дейді Джон.

Джонның пікірімен GCHQ-де 10 жыл жұмыс істеген Диа да келісетінін жеткізді.

«Бізде де қызметкерлер арасында аспаздық байқаулар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар өте қызықты», - дейді Диа.

8. Жұмыста қоғамнан алшақтап, оқшауланып қалмайсыздар ма?

«Иә және жоқ».

«МИ-5-тің кіреберісінде ұялы телефонды қалдыру керек. Бұл рас. Бірақ бұл қызметкерлер қоғамнан толығымен оқшауланған дегенді білдірмейді. Олардың да отбасы және балалары бар. Қажет болған жағдайда мектептерден бізбен байланысуға мүмкіндік беретін арнайы технологиялар бар», - дейді бала тәрбиелеп отырған Лилли.

Әріптесінің бұл пікірін Джо да қолдайтынын жеткізді.

«Балаларымыздың мұғалімдері бізбен байланыса алмайтын жағдай болмайды. Мен баламмен байланысымды шектейтін жерде жұмыс істей алмаймын. Ұялы телефонды пайдалануды шектеуге келсек, кейде смартфоннан үзіліс жасау пайдалы», - дейді ол.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94