«Күзетте тұрып, ұйықтаймын деп қаруымнан айырылып қала жаздадым»: Шыныбек Бұхарбаев әскердегі кезі туралы

Ол ротадағы 120 сарбаздың арасында жалғыз қазақ болыпты

Нұрдәулет Кәкіш
25/07/2023 - 17:54

Ақтөбе қаласындағы Баишев университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Шыныбек Бұхарбаев әскердегі естен кетпес сәттері туралы Sarbaz.kz тілшісіне сұхбат берді.

– Шыныбек Мұсаұлы, әскери борышыңызды қай жылдары, қай жақта өтедіңіз?

– Әскери борышымды 1987 жылдың мамырынан 1989 жылдың мамырына дейін сол кездегі Украин КСР-інің Харьков облысына қарасты Купянск, Изюм аудандарында орналасқан әуе күштерінің әскери бөлімдерінде атқардым.

– Әскери өмірге бейімделу қиын болмады ма?

– Мен үшін аса қиын болмады. Себебі мен оған дейін Алматы қаласындағы әскери мектепте оқығанмын.

– Онда неше жыл оқыдыңыз? Бала күніңізде әскери адам болуды армандадыңыз ба?

– Шынымды айтсам, ондай арманым болған жоқ. Түсінікті болуы үшін әңгімені сәл әріден бастайын. 1984 жылы Ақтөбе облысы қазіргі Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылдық кеңесіне қарасты Сарыбұлақ ауылындағы Мамыт сегіз жылдық мектебін үздік бітірдім. 8 жылдық мектепті аяқтай сала, Сарыбұлақ ауылының оқушылары 9-10 сыныпты совхоз орталығы саналатын Басқұдықта оқитын. Бірақ мен сол сәтте тікелей әкемнің ұсынысымен Ақтөбе қаласындағы құрылыс техникумына тапсырмақ болдым. Оған мектепті үздік бітіргенім себеп болды деп ойлаймын. Оның үстіне, совхоз орталығындағы мектеп ауылдан қырық шақырым қашықтықта орналасқан. Соны да ескерген болар, әкем менің қалада білім алып, техникумнан белгілі бір мамандық алып шыққанымды қалады.

Ол уақытта бала өздігінен ештеңе шешпейтіні белгілі. Сонымен әкемнің шешімі бойынша қалада оқымақ болып бекіндім. Содан Ақтөбеге жол тарттық. Түстен кейінгі автобусқа билет алып, аудан орталығындағы дәмханадан түскі ас ішіп отырғанымызда әкемнің ертеректе Орал қаласында механиктер курсында бірге оқыған жолдасы кездесті. Ол кісі сол кездегі Қарабұтақ ауданының райсполкомында нұсқаушы болып қызмет атқарады екен. Ол кісі сол сәтте менің бағытымның өзгеруіне ықпал етті. Амандық-саулық сұрасқаннан соң ол әкеме қарап: «Мұса, неше балаң бар?» деп сұрады. «Сегіз бала бар, алтауы – ұл, екеуі – қыз бала» деді әкем курстас досына. Онда не отырыс, шүкір, балаларың бар екен. Мына балаңды әскери мектепке берсеңші. Өткен жылы Алматы қаласында әскери мектеп ашылды. Ол мектеп 9-10-сыныпты бітіргеннен соң түлектерін әскери училищелерге жіберіп, болашақ офицерлер дайындап шығарады. Барлық шығын мемлекет есебінен болады» деді әлгі ағамыз.

Бұл ақпаратты қуана тыңдаған әкем менің пікірімді сұрамастан бірден сол жаққа оқуға жіберу туралы шешім қабылдады. Ақтөбе қаласында емтихан тапсырып, Алматы қаласындағы сол әскери мектепке түсіп, ол жерде 2 жыл оқыдым.

– Әскери салада қызмет атқардыңыз ба?

– Жоқ. Алматыдағы әскери мектепті бітіргеннен кейін әрі қарай жоғары командалық әскери училищесіне құжат тапсырған жоқпын. Оның бір себебі туған жерімді сағындым. Ол кезде көп ұзамай Кеңес Одағының келмеске кетерін қайдан білейін?! Елден жырақта жүріп, 5 жыл оқу оқысам, одан кейін 25 жыл әскери салада қызмет атқарсам, «әке-шешемнің, бауырларымның жанында қашан боламын?» деген ой мазалады. Осы ой да менің болашақ әскери қызметкер болмауыма себеп болды.

– Сарбаз болған кезіңіздегі қызықты оқиғалар туралы айтып өтсеңіз.

– Әскери мектепті тәмамдап, аттестат алып, туған ауылыма оралдым. Ауылға келгеннен кейін көп ұзамай әскер қатарына шақырылдым. Екі жыл сол кездегі Украин КСР-інің Харьков облысына қарасты Купянск, Изюм аудандарында орналасқан әуе күштерінің әскери бөлімдерінде екі жыл әскери борышымды өтедім. Әскери өмір сол кездегі барлық Кеңес армиясының өмір формасына сәйкес жүріп жатты. Әуе күштерінің күзет ротасында қызмет атқарып, Миг-21 ұшақтарын күзеттік. Ротадағы 120 сарбаздың арасында жалғыз қазақ болдым. 1 тәжік, 3-4 өзбек, 2 түркімен ұлтының өкілдері, қалғаны кавказдықтар мен славян ұлтының өкілдері болды. Әскер қатарындағы екі жылда естен кетпес талай қызық оқиғалар өтті.

Бір күні шеткі постта күзетте тұрғанмын. Түн ортасында ұйқы қысты. Жаңбыр жиі жауатындықтан ба, ол жақтың шөбі биік болып өсетін. Шөпті төсеп, соның үстіне жатып, ұйықтап қалыппын. Қатты ұйықтап кетсем керек, қолымнан оқталған автоматты біреу алып жатқанын сезіп, ояндым. Көзімді ашсам, үстімнен құбыжық сияқты қап-қара бірдеңе төніп тұр. Аң ба, адам ба, анық аңғара алмадым. Қорыққанымнан дыбысым да шықпай, қозғала да алмай қалдым. Сөйтсем адам екен. Мен тұрған күзет постынан кейін егілген жүгері алқабы, оның арғы жағында үлкен ауыл бар. Кейде сол ауылдан келетін қара ниетті адамдар айналамызды торуылдап жүретін. Олар қару-жарақты немесе әскери құрал-жабдықтарды ұрлайтын. Тіпті кей жағдайда кісі өлтіруден де тайынбайтынын командирлеріміз қатты ескертетін. Сол есіме түсіп, орнымнан дереу қозғала алмадым. Әлгі адам бұрыштағы жарыққа шыққан соң үстіндегі әскери формасын байқадым. Өзіміздің жігіттердің бірі екен деп ойладым да, көңілім орнына түсіп, көзім ілініп кетіпті. Біраз уақыт өтсе керек, біреу бүйірімнен теуіп оятты. «Тұр!» - деді қатқыл үнмен. Біздің кезекті ауыстыруға келген сарбаздар екен. Жаңағы мені теуіп, тепсініп тұрған бізді ауыстыруға келген кезекшілік бастығы болып шықты. Ол кезде менің келгеніме 6 айдай уақыт енді болған. Қаруым қарауыл кезегі бастығының қолында.

– Мәссаған. Қаруыңды жоғалту немесе айырылып қалу қылмыстық жауапкершілікке апаруы мүмкін ғой.

– Иә, дәл солай. Әскерде қаруыңнан айырылу – үлкен қылмыс. Егер ол қарудан кісі өлімі болса, онда сотталуың мүмкін. Ол үшін қолданылатын жаза да ауыр. «Қаруыма ие болмағаным үшін мені енді дисбатқа жіберетін шығар» деп ойладым. Жолай посттарға соғып, кезек-кезек күзеттегі сарбаздарды ауыстырып келе жатырмыз. Қаруластарымның бәрі менің жағдайымнан хабардар екен. Маған аяушылық білдіріп келе жатыр. Сонымен қарауыл үйіне келдік. Оны әскер тілімен ол кезде «караулка» дейтін. «Енді құрыған жерім осы шығар» деп көліктен түсе бергенде жаңағы қаруымды тартып алған бастығым: «енді бұдан былай мұндайыңды көрмейтін болайын» деп зекіп, «мә» деп, автоматымды өзіме қайтарып берді. Қуанып кеттім. Өйткені сол күнгі қарауылдың бастығы капитан Савицкий болатын. Ол кісі өте қатал, «дисбатқа» жіберуден тайынбайтын. Ал менің автоматымды өзіме қайтарып берген жігіт Батыс Украинаның азаматы-тұғын.

Біздің ротада біршама батыс украиналық жігіттер болды. Олар шеттерінен мәрт, бітім-болмысы бөлек-тін. Олар әрдайым Қазақстан туралы жақсы пікірде болатын. Кейін олармен өте жақсы қарым-қатынас орнап, дос болып кеттік. Жалпы, украиналықтар өте ашық, сыйласа білсең, достыққа бейім халық. Соны анық аңғардым.

Осылайша күзетте тұрып, ұйықтаймын деп қаруымнан айырылып қала жаздадым.

– Әскери өмірден не түйдіңіз?

– Жер шарында дербес мемлекет болу үшін, елдің тыныштығы мен шекараның бекем болуы үшін қорғаныс күштерінің сапасы өте маңызды. «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген екен Халық батыры Бауыржан Момышұлы. Сондықтан ер жігіттің ғұмыр жолындағы әскери міндеті, Отан алдындағы борышы – қай заманның болмасын, өзектілігін жоймайтын талабы. Талап пен тәртіп тоқайласқан жерде жігіттің шыңдалу, жарау аттай желпінуі, қайнаудағы болаттай беки түсуі басталады. Біз де әскерде жүріп, көп нәрсені көңілге түйдік. Жауапкершілік жүгінің қандай болатынын сезіндік.

– Сұхбатыңызға рақмет!

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94