Танымал актер: Консерваторияға жолдамам болғанына қарамай әскерге алып кетті

Кейіпкеріміз 1990-1992 жылдары әскер сапында сап түзеп, Отан алдындағы борышын өтеген

Нұрдәулет Кәкіш
17/07/2023 - 23:35

Дүйім жұртқа Мұқағали бейнесімен танылған Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Жанқалдыбек Төленбаев Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта әскерде болған қызықты сәттері туралы әңгімелеп берді.

Кейіпкеріміз 1990-1992 жылдары әскер сапында сап түзеп, Отан алдындағы борышын өтеген.

«Мен әскерге қызық жағдайда аттандым. Қалай дейсіз ғой?! Аудандық Мәдениет үйінде киномеханик болып жұмыс істеп жүргенімде Семейде «Жас таланттар» байқауына қатыстым. Сол байқауда бағым жанып, келесі кезеңге өткенімде қатты қуандым. «Даусың өте жақсы екен, сенің тіпті опера әншісі болуға мүмкіндігің бар» деген қазылар алқасы маған Алматыдағы консерваторияға, ондағы Бекен Жылысбаевтың сыныбына жолдама берді. Содан қуаныштан бөркімізді аспанға атып, ауылға келсек, үйге әскерге шақыру қағазы келіп тұр екен. Ертеңінде аудандық қорғаныс басқармасына барып едім, ондағылар: «Қайда жүрсің? Сені іздеп жатыр ғой» деп, бізді, бір топ жасты қайтадан Семейге алып барды», - деп кейіпкеріміз өткенін еске алды.

Дегенмен жағдайдың күрт өзгеруіне өзінің де жөнсіз әрекеті себеп болыпты. Жанқалдыбек Төленбаев онысын былайша жеткізді.

«Семейге барсақ та, мен «әскерге кетемін-ау» деп мүлдем ойламаппын. Бар ойым өнерімді дамыту, Алматыдағы консерваторияда оқу еді. Сонымен тексерістен өтіп жатқан уақытта ретін тауып, полковникке барып жолығып, оған өзімнің жағдайымды түсіндіріп, Алматыға консерваторияға жолдама алғанымды айттым. Алайда оным бекер болған секілді. Мені байыппен тыңдап отырған полковник біраз уақыттан соң: «Онда әскерге тура ертең аттанасың!» деп шатынап шыға келді. Сөйтсем, өзім аузымнан қағылыппын. Егер полковниктің алдына бармай-ақ қойсам, түк те болмайды екен. Артынан білуімше, көктем уақытында шақырылғанымызбен, сол кезде бізді күзгі уақыттағы аттандыруға дайындық шарасынан өткізген екен. Осылайша, консерваторияға жолдамам болғанына қарамай әскерге алып кетті. Сол күннің ертесінде Ақсуаттан бірге барған жігіттердің ішінен жалғыз мені әскерге аттандырды», - деп езу тартты Ж.Төленбаев.

Мәскеу қаласының маңындағы Мурино әскер қалашығында алты ай сержанттық оқу-жаттығуда болған Төленбаев аталған әскери қалашықтан Германия еліне аттанғалы тұрған Кеңес Одағы сарбаздарының қатарына өзінің де есімін енгіздіреді. Содан Германияның Намбург қаласында 8 ай болып, Ресейдің Калининград қаласына қайтарылған Жанқалдыбек осы жерде Отан алдындағы міндетін өтеп болған соң туған жеріне абыроймен оралады.

«Әскер қатарында жүргенде өмірлік зор тәжірибе жинадық. Тәртіпке, бір сөзділікке, төзімділікке дағдыланып, намысымыз да қайрала түсті. Отан алдындағы борышымды өтеген уақытта өзге ұлт өкілдерімен көп ұшырастық. Сол кезде жеке басымыз үшін емес, ұлтымыздың атына кір келтірмес үшін ондағы небір қиындықтарға қасқайып тұрып, төтеп беруге тырыстық. Өйткені ондағы кейбір басқа ұлт өкілдерінің шыдамсыздығын көзіміз көрді. Ал Германияда болғанымызда жалпы, Кеңес Одағы әскерінің абыройын ойладық. Мысалы, қоймада жұмыс істейтін уақытта да неміс халқының көзінше денемізді тік ұстап, жүріс-тұрысымызға, киіміміздің әдемілігі мен тазалығына ерекше мән беріп, елдің мойнын бұрғызатындай сап түзеп өтетінбіз де, жұмыс киімді қойманың ішіне кіргенде бірақ киетін едік. Сондықтан да ол жақта Кеңес Одағының сарбаздарына деген ерекше құрмет байқалды», – дейді актер.

Кейіпкеріміз әскерде жүрген уақытында да өнерден шет қалмаған екен. Әскери ансамбль құрамында да, жекелей де өнер көрсеткен ол сарбаз кезіндегі ұмытылмас қызықты сәт көп болғанын айтады.

«Әскердегі уақытымыз аяқталып, туған жерге келгендегі сәт те әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Ресейден Қазақстанға қайтар жолда тағы да пойызбен біршама күн бойы түрлі станцияларға тоқтап, талай елді аралап келдік. Мысалы, Қазан қаласына бір тоқтасақ, Украинаға да жолымыз түсіп, ит арқасы қиянда жатқан Ресейдің созылып жатқан даласын армансыз таптап өттік. Сол кезде байқағаным, жол бойы өскен ағаштар болғандықтан ба, жердің бәрі маған тар сияқты болып көрінді. Ал туған еліміз Қазақстанның шекарасынан өтіп, Ақтөбеге кіріп келе жатқан кезде сахарадай кең байтақ, дархан даламызды көріп, арқам кеңіп, жаным жадырап сала берді. Көңілім ерекше күйге бөленіп, «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деп вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың әнін, қазіргі Әнұранымызды қалайша шырқап жібергенімді өзім де байқамай қалдым», - деп Жанқалдыбек Төленбаев ойын аяқтады.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94