Ол күнделікті шамамен 45-50 шақырымды артқа тастап отырыпты
Арманы – атажұртқа оралып, өзін тәуелсіз Қазақстанның толыққанды мүшесі сезіну. Осындай арман-мақсатпен қандасымыз Есбол Асқарұлы 3 мың шақырым жолды жаяу кезіп, атамекенге келді. Sarbaz.kz тілшісімен сұхбаттасқан жиһанкез басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті.
– Есбол, Қазақстанға қош келдіңіз! Астанаға Қытайдың қай өңірінен келдіңіз?
– Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Бұл ұзақ сапарға шығуды жоспарлап жүр едім. Осылайша Қытайдың Санжы Манас ауылынан атамекенімді бетке алып, жолға шықтым.
– Атажұртқа жаяу оралу туралы ой неден туды?
– Қазақстан – бір жағы ата-бабамыздың қалдырған қасиетті мекені. Бабаларымыздың батырлығына, ұлан-ғайыр жерді бізге аманаттап қалдырғанына бас иеміз. Сол жерді аяғымызбен басып өтіп, өз көзімізбен көргіміз келді.
2019 жылы Қытайға жасаған іссапарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің қаласының төрінде қазақша сөйлеуі, оның басты телеарнадан көрсетілуі бізге ерекше әсер етті. Миллиард халықтың телеарнасынан Қазақстан Президентінің қазақша даусын есту, оның ұлтжандылығы бізді тәнті етті. Сонымен қатар Тоқаев мырзаның «қандас» сөзіне ерекше мән бергенін байқадық. «Бізде оралмандар жоқ, қандастар бар» дегенін естіп, атажұртқа көшіп келсек, қазақстандықтардың бізді құшақ жая қарсы алатынын аңғардық. Алайда 4 жылдан бері жолға шығудың сәті енді түсті. Президенттің осы сөздерінен кейін көзімізді жұмып, атажұртқа жаяу шығып кеттік.
– Ұзақ жолда қандай қиындықтар болды? Неше аяқ киім ауыстырдыңыз?
– Әрине, жол бойында көптеген қиындық болды. Шөлді аймақтар да кездесті. Кейбір аю, қасқыр сияқты жыртқыш аңдар жүретін қауіпті жерлерді де кезіп өттік. Бірақ үнемі жалғыз жүрмедім. Қасымызда жерлес ағайындар болды. Арасында бізбен бірге жүруге қызығушылық білдіргендер де табылды. Сол кісілердің арқасында қауіпті аймақтарды қорқынышсыз еңсердік. Қиындыққа тап боламыз-ау деген ой болды. Дегенмен үрейге бой алдырмауға тырыстық. Жолда 3 аяқ киім ауыстырдым.
– Күніне қанша шақырым жүрдіңіз?
– Күнделікті шамамен 45-50 шақырымды артқа тастап отырдым.
– Атажұртқа тұрақтап қалу ойыңызда бар ма? Қазақстан азаматтығына құжат тапсырасыз ба?
– Атажұртта қалуды ниеттеніп отырмын. Қазір Қазақстан азаматтығын алу үшін құжат тапсырып жүрмін.
– Қанша жастасыз? Мамандығыңыз қандай? Арғы жақта жақындарыңыздан кім қалды? Неше тіл білесіз?
– Жасым 26-да. Арғы жақта нағашыларым бар. Ал өз әке-шешем бақилық болған. Қазыналыққа (экономика) қатысты оқу оқығанмын. Ыңғайы келсе осы салада Қазақстанда еңбек еткім келеді. Ал болмай жатса екі қолыма бір күрек табылар. Ана тілімнен бөлек қытай, ағылшын тілдерін білемін.
– Атажұртқа осымен нешінші рет келіп тұрсыз? Қандай әсерде болдыңыз?
– Атажұртқа да, Астанаға да алғаш рет келіп тұрғаным осы. Жүрегі мейірімге толы ақкөңіл, ақжарқын халқымыз жақсы қарсы алып жатыр. Батыр бабаларымыз қалдырған ұшы-қиыры жоқ дархан жерімізді көріп, көңілім марқайып қалды.
Осы сапарға жаяу шығудағы мақсатым да кең байтақ жерімізді аяғымызбен басып, көзімізбен көріп, бабаларымыздың рухын сезінгім келген болатын. Сондай жақсы әсерде болдым. Аман-есен Астанаға дейін жаяу жеттім. Енді басқа да сыртта жүрген қандастарымыз атажұртқа қайту жағын ойластырса екен деймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!