РХБ қорғанысын меңгеру үшін сарбаз физика, химия, биологиядан хабардар болуы керек – әскери ұстаз

Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғанысты жетік меңгерген Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж аға оқытушысы, подполковник Қанат Сартаев  жас ұландарды осы қызметтің қыр-сырына үйретіп келеді

Жанель Нұрболатқызы
06/10/2023 - 20:25

Фото: Sarbaz.kz

Фото: Sarbaz.kz

Радияциялық химиялық биологиялық қорғау әскерлерінің әскери қызметшілері кез келген жағдайда жеке қорғаныс костюмдерін жедел киіп, жаппай қырып-жоятын қарудан қорғану шараларын сапалы орындай алуы тиіс. РХБ қорғанысын меңгеру үшін сарбаз физика, химия, биология пәндерінен хабардар болу керек. Бұл туралы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж аға оқытушысы, подполковник Қанат Сартаев  Sarbaz.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Қанат Сартаев – жаңа әскери буынды тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосқан ұстаздардың бірі. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғанысты жетік меңгерген ол жас ұландарды осы қызметтің қыр-сырына үйретіп келеді. Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта оқытушы әскери педагогиканың  ерекшеліктері, РХБҚ әскерлеріне мамандарды даярлау жүйесі жөнінде әңгімеледі.

Еңбек жолын взвод  командирі болып  бастаған Қанат Сартаев өз қызметіне алғашқы жылдардан-ақ білек сыбана кірісіп, әскери ұжымның жұмысын шебер ұйымдастыра білген. Соның арқасында алдымен рота командирі қызметін атқарып, кейін РХБ қорғаныс қызметінің бастығы лауазымына  тағайындалған. Одан соң араға бірнеше жыл салып жас сарбаздармен ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісу мақсатында кадет корпусына жұмысқа орналасқан.

«Әр адам өз арманына әртүрлі жолмен жетеді екен. Мен бала күнімнен әскери адам болуды армандасам да, бір жағдайларға байланысты инженер-механик мамандығына оқуға түстім. Бірақ сол кездері радиациялық химиялық биологиялық қорғау әскерлерінде маман тапшы болып, ойда жоқта өзім оқып жүрген  университеттегі әскери кафедраға шақыртылып, лейтенант шенін алып шықтым. Осылайша, он үш жыл бойы әскери қызмет етіп, одан кейін білгенімді үйрету мақсатында ұстаздық қызметке ауыстым», – дейді ол.

Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері аса жауапты міндеттерді атқарады. Олардың негізгі мақсаты – жаппай қырып-жоятын қарудан қорғану шараларын орындау және оны қолдану салдарын жою.  Күрделі ғылымдарымен тығыз байланыста орындалатын бұл қорғаныс жүйесін орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді.  Дей тұрғанмен, шәкіртінің беталысын бейімінен тани білетін ұстаздар қиын тақырыптың өзін оңай түсіндіріп, кез келген адамды білім биігіне көтере алады. Кейіпкеріміз Қанат Сартаев – сондай ұстаздардың қатарынан. Адамның бойындағы қарым-қабілетті  бірден анықтай алатын ол осы уақытқа дейін жүздеген жас сарбаздың талабын шыңдады.

«Колледжде еліміздің Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлеріне кіші командирлерді даярлаймыз. РХБ қорғанысын меңгеру үшін сарбаз физика, химия, биология пәндерінен хабардар болу керек.  Сондай-ақ РХБ қорғау әскерлерінің әскери қызметшілері кез келген жағдайда жеке қорғаныс костюмдерін жедел киіп, жаппай қырып-жоятын қарудан қорғану шараларын сапалы орындай алуы тиіс. Осы мақсатта біз ұландарды жан-жақты даярлаймыз. Сабақтарды теория мен практиканы ұштастыра отырып өткіземіз. Ұландарды негізінен жаппай қырып-жоятын қару түрлерімен таныстырамыз, оларға радиацияны анықтайтын құралдармен жұмыс жасауды үйретеміз. Бір қарағанда, РХБ қорғанысын аса дарынды сарбаздар ғана меңгере алатындай көрінуі мүмкін. Бірақ  әсте олай емес. Кез келген адамда табиғат сыйлаған қабілет болады. Мәселен, бірі күрделі ақпаратты тез әрі оңай қабылдай алса, енді бірі құрылғыларды басқару ережелерін қиындықсыз түсініп алады. Бастысы – шәкірттің бейімділігін аңғарып, дұрыс бағыт-бағдар беру. Ол үшін әр оқушымен тіл табыса білу қажет. Әскери саланы таңдаған түлектердің арасында ұяң, ойын ашық айтуға қысылатындар болады. Ондай шәкірттерімізбен әскердегі, қызмет барысындағы оқиғаларымызды айтып, байланыс орнатуға тырысамыз. Әскери ұстаз ұландар арасындағы тәртіпті сақтау керек. Бірақ шәкіртіңнің тілін тапқанда ғана ол жақсы жаққа өзгеріп, бірте-бірте нағыз кәсіби маманға айналатынын ұмытпаған жөн»,  – дейді әскери ұстаз.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжіне оқуға қабылданған жас ұландар алғашқы курста мектеп бағдарламасы бойынша білім алып, екінші курстан бастап оқуын өздері таңдаған мамандық бойынша жалғастырады. Биыл «Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау» мамандығын 23 ұлан таңдаған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш және оған аға оқытушы Қанат Сартаевтың үлесі зор болған.

«Әуелден әскери оқу орнына түсетінімді білсем де, нақты қай мамандықты таңдайтыным жөнінде шешім қабылдай алмай жүрген едім. Бірақ Қанат Темірханұлы «Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау» мамандығының артықшылықтарын айтып бергеннен кейін ендігі бағытым қандай боларын түсіндім. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғанысты меңгерген сарбаз әртүрлі салада жұмыс жасай алады.  Колледжді аяқтағаннан кейін жоғары оқу орнында осы мамандық бойынша білім алуды жалғастырғым келеді», – дейді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж екінші курс студенттерінің бірі.  

Қанат Сартаев келесі жылы зейнетке шығады. Бірақ ол әрі қарай да қызметінен қол үзбей, кәсіби мамандарды даярлауды жалғастырмақ.

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88