Әсем Орынбай: Әскери қызмет спорт сияқты ерік-жігерді қалыптастырады

Ол әскери қызмет пен кәсіби спорттың тәртібі ұқсас екенін айтады

Нұрдәулет Кәкіш
28/09/2023 - 17:21

Азия ойындарында екі медальға ие болған Қазақстан Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының практикалық және стендтік ату командасы бөлімшесінің сержанты Әсем Орынбай әскери қызмет пен кәсіби спорттың тәртібі ұқсас екенін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарында үлкен жетістіктерге қол жеткізген көптеген атақты спортшы қызмет етеді. Солардың бірі – Азия ойындарында екі медальға, алтын және қола медальға ие болған Әсем Орынбай.

Сонымен қатар ол – Токио Олимпиадасының қатысушысы, 2018 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем кубогының қола жүлдегері, стендтік атудан ел чемпионы.

Қатаң тәртіп пен дағдылардың арқасында Әсемнің о баста әскери ортаға бейімделуі қиынға соқпаған. Әскери қызмет пен кәсіби спорттың тәртібі ұқсас екенін айтады ол.

«Әскери қызмет менің өміріме өте жағымды әсер етті. Спорт сияқты, ол ерік-жігерді қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін дамытуға, мақсатқа жету жолында табандылыққа көмектеседі. Мен спортқа әскери қызметке дейін келдім. Кішкентай кезімде әкем мені атыс алаңына алып барды. Мен бұл спорт түріне бірден ғашық болдым және өз таңдауыма өкінбеймін. Қызмет басталғанға дейін менде Қазақстан чемпионаттарында, ел Кубоктарында жеңіске жету, сондай-ақ Азия чемпионы, Дүниежүзілік Универсиада және түрлі халықаралық турнирлердің жүлдегері атағы сияқты жетістіктер болды.

Қызмет барысында мен Қазақстанның рекордшысы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы, Токиодағы Олимпиада ойындарының қатысушысы болдым. Спорт маған тамаша сезім сыйлап қана қоймай, мінезімді де қалыптастыруға септігін тигізді. Ол менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Қазір мен Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет етемін, мен үшін спорттық аренада ел намысын қорғау маңызды», - деді Әсем Орынбай бұған дейін отандық БАҚ-қа берген сұхбатының бірінде.

Осы жылдың қаңтар айында орталық спорт клубының спорт комитетінің әскери қызметшісі Қазақстан Қарулы Күштерінің қоржынына алтын медаль алып келген болатын. Әсем Орынбай АҚШ командасының атқыштарынан озып, Мароккода стендтік атудан Әлемдік рейтингтік Кубогының чемпионы атанды. Әлемдік турнирде 45 елден 250-ден астам спортшы бақ сынады.

«Жаттығуға күніне шамамен төрт сағат кетеді. Спортпен шұғылданатын адамның күн тәртібі дұрыс ұйқыны қамтуы керек. Жиындар мен жарыстар кезінде біз өте ерте оянамыз, таңғы бес-алтыда тұрамыз. Біз толық қалыпқа келіп, күш жинау үшін ерте ұйықтаймыз. Бір уақытта ояну және ұйықтау өте маңызды. Бұл денеге режимге үйренуге және тиімді жұмыс істеуге көмектеседі. Тамақтануға келетін болсақ, әр спорттың өзіндік тамақтану ерекшеліктері бар. Ол адамның бірқатар критерийлері мен физикалық сипаттамаларына сүйене отырып таңдалады. Теңдестірілген тамақ нәтижелерге тезірек қол жеткізуге көмектеседі және денені жоғары жүктеме жағдайында нәрлендіреді», - деп атап өтті Әсем Орынбай.

Спортшы осы жолғы Азия ойындарында стенд атудан командалық сайыста алтын жеңіп алса, жекелей жарыста қола жүлдегер атанды.

Азиададағы жеңісінен кейін спортшы БАҚ өкілдеріне пікір білдірді.

«Басты мақсатымыз орындалды. Финалға шығып, медаль жеңіп алдық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Финалдық бәсеке қарсыластарымызға байланысты қиын болды. Қытайлық стендшілер құрлықта ғана емес бүкіл әлемде де мықты. Дегенмен осы жерде сынға түсіп, медаль ала білдік. Бұл жақсы жетістік деп санаймын», - деді Әсем Орынбай.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91