Армия спортшысы Азиададағы жеңісі туралы пікір білдірді

Ол алтын және қола медаль жеңіп алды

Sarbaz.kz редакторы
27/09/2023 - 22:51

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының практикалық және стендтік ату командасы бөлімшесінің сержанты Әсем Орынбай Азия ойындарында екі медальға ие болды. Спортшы стенд атудан командалық сайыста алтын жеңіп алса, жекелей жарыста қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Азия ойындарындағы алғашқы алтын медальді құрамында Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина өнер көрсететін стендтік атудан әйелдер құрамасы әкелді. Біздің қыздар, сондай-ақ 350 ұпай жинап, Азия ойындарының рекордын орнатты. Сонымен қатар Әсем Орынбай Skeet жаттығуларының жеке есебінде стенд атудан жекелей жарыста қола жүлдеге ие болды.

«Азия ойындарындағы нәтижелеріме өте қуаныштымын. Қазақстан қоржынында медальдің көбейетініне сенімдімін. Мен өз жеңісімді анама арнаймын, ал жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеймін», – дейді Әсем Орынбай.

Әсемді стендтік ату секциясына он төрт жыл бұрын әкесі алып барған. Содан бергі уақытта Әсем Орынбайдың есебінде жеңістер аз болған жоқ. 2018 жылы ол Кувейттегі стендтік атудан Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2021 жылы Египетте өткен әлем кубогының қола жүлдегері атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері стендтік ату бойынша әлемдік деңгейде бесінші, республикалық рейтингте бірінші орында тұр.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91