Ұлттық ұланның қызметкері жауынгерлік самбодан әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Бұл Арменияда өтетін Чемпионат алдындағы соңғы жауынгерлік дайындық болды

Sarbaz.kz редакторы
27/09/2023 - 18:41

Әскери қызметші Арман Тұрымбетов жауынгерлік самбодан әлем кубогында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қазақстан Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бұл Әлем Кубогы жақын арада Арменияда өтетін Чемпионат алдындағы соңғы жауынгерлік дайындық болды.

Халықаралық самбо федерациясы алдағы уақытта барлық жерде жыл сайын Әлем кубогын өткізуді жоспарлайды.

«Маған сенген халқыма, отбасыма және Ұлттық ұландықтарға алғыс айтамын. Менің осындай дәрежеге жетіп, нәтиже көрсетуіме атсалысқан менің жаттықтырушыларыма рахмет. Жоғары дәрежелі жарыстарға біздің еліміздің атынан қатысу – мен үшін мақтаныш және абырой. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан басшылығына алғысым шексіз,  олар үнемі халықаралық аренада өтетін жарыстарға қатысатын спортшыларға қолдау көрсетіп отырады. Келесі жолы алтынмен ораламын деп уәде беремін», – деді ұландық қатардағы жауынгер  Арман Тұрымбетов.

Жарыста гвардияшы Ғазиз Бейбіт 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде спорттық самбодан қола жүлдегер атанды, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан Қойшыбаев 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Спорттық және жауынгерлік самбодан әлем кубогы Сербияның Нови-Сад қаласында 23 және 24 қыркүйекте өтті. Спортшылар 21 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Бұл жарыс 10-12 қарашада Арменияда өтетін әлем чемпионаты алдындағы жауынгерлік дайындық болды.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85