Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов әскерде қызмет етеді

Армия боксшылары жастарды жігерлендіреді

Аян Кайырбаев
11/05/2024 - 10:05

Орталық спорт клубы спорт кешенінің Шымкент филиалындағы үйірмелердің тәрбиеленушілері мен 35748 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының атақты былғары қолғап шеберлерімен кездесті.

Жас спортшыларға бокстан ел спартакиадаларының бірнеше дүркін чемпионы, күш құрылымдары арасында әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Құттыбеков және ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының спорт кешені Алматы филиалының аға жаттықтырушысы, бокстан команда бастығы аға лейтенант Әлішер Омарқұлов келді.

Арнайы шақырылған қонақ бокстан Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы және 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының әскери қызметшісі  Сәкен Бибосынов болды.

Армия боксшылары өздерінің жетістіктерімен бөлісті, спорттық мансаптағы қиындықтар мен жеңістері, жаттығудың жаңа әдістері туралы айтып, кейбір тәсілдерді көрсетіп берді.

Спорт үйірмелерінің тәрбиеленушілері мен сарбаздар тәжірибелі мамандардан құнды кеңестер алып, жаттығулар мен дайындық жекпе-жектерге ынтамен қатысты.

Шара жылы және достық атмосферада өтті, мұндай кездесулер жастарды жаңа жетістіктерге жетелейді.

Кездесу соңында Орталық спорт клубының саңлақтары спортқа енді келген жас буын мен сарбаздарға дене шынықтырумен көбірек айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға, елдің сенімді тірегі болуға үндеді.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94