Астанада Қорғаныс министрлігі XIII спартакиадасының жеңімпаздары марапатталды

Админ
23/12/2023 - 17:33

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс ведомствосының мәжіліс залында Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Қарулы күштер құрылымдық бөлімшелері мен Ақмола өңірлік гарнизоны мекемелерінің арасында өткен XIII Спартакиада қорытындысы бойынша марапаттар салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спартакиада аясында үстел теннисі, шаңғы спорты, тоғызқұмалақ, жүзу, табельдік қарудан ату, футбол, волейбол, әскери-спорттық көпсайыс және әскерилендірілген кросс бойынша барлығы тоғыз чемпионат өткізілді. Оған екі мың әскери қызметші мен қызметкерлерден құралған 50-ден астам команда қатысты.

Кубоктар мен Құрмет грамоталарын спартакиада жеңімпаздарына Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов табыс етті.

Бірінші топтың командалары арасында Жауынгерлік дайындық департаменті жеңімпаз деп танылды. Әкімшілік департаменті екінші, Мемлекеттік құпияларды қорғау департаменті үшінші орындарды иеленді.

Екінші топтағы бірінші орынды Тыл бастығы басқармасының командасы иеленді. Екінші және үшінші орындарды Әскери полиция бас басқармасы мен Ұлттық қорғаныс университеті өзара бөлісті.

Спартакиада салауатты өмір салтын насихаттау, әскери қызметшілер мен азаматтық қызметкерлерді спортпен тұрақты шұғылдануға тарту мақсатымен өткізілді.

Тегтер

×

Редакция

$ 523.58  549.71  5.01