Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған волейбол турнирінің жеңімпаздары анықталды

Жарысқа елордалық 16 колледж қатысты

Админ
19/11/2023 - 22:35

gov.kz

gov.kz

Жарыстың жабылу салтанаты Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жарысқа елордалық 16 колледж қатысты.

Бұл турнир – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің жүз жылдық мерейтойына арналған алғашқы іс-шаралардың бірі. Оның ерекшелігі, әрбір қатысушы команда Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының Батыры атағын алған бір атақты қазақстандықтың атымен өнер көрсетуінде болып отыр. Осылайша, біз балаларды халқымыздың қаһармандық тарихымен таныстыруға тырыстық, – деді турнирдің идеясы жөнінде Atamnyn amanaty қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Турнирден тыс уақытта жолдастық кездесу өткізілді. Алаңның бір жағына Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар ардагерлерінен құралған құрама, екінші жағына колледж жаттықтырушылары мен педагогтарының командасы жиналды.

Жас спортшыларды жарыстың сәтті аяқталуымен Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов құттықтады.

 Спорт – әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Ол адамның күш-қуатын арттырады, рухты нығайтады және барлық ұрпақ өкілдерін біріктіреді. Менің ойымша, сіздер бүгін бұған тағы бір рет көз жеткіздіңіздер, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың атымен өнер көрсеткен Астана Халықаралық университеті Педагогикалық колледжінің командасы бірінші орынды иеленді.

Екінші орын Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ибраевтың атымен шыққан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің құрамасының еншісінде.

Беделді турнирдің үшінші орнына Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Леонид Беданың атымен өнер көрсеткен Көлік және коммуникация жоғары колледжінің командасы көтерілді. Осы команданың өкілі Диас Жақыпов үздік шабуылшы деп танылды.

Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық колледждің студенті Әмірхан Қасымов үздік байланыстырушы атанды. Бұл оқу орнының командасы Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбуталиповтың атымен сынға түскен болатын. Төрешілер Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінің өкілі Досжан Ізтілеуді үздік бұғаттаушы деп таныды. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінің қызметкері Еламан Омаров (Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ибраев) үздік либеро атанды.

Құрылыс-техникалық колледжінен Бекзат Қадылбек (Кеңес Одағының Батыры Иманғали Балтабанов), Республикалық медицина академиясы медициналық колледжінен Әлімжан Елеусінов (Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы) және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті колледжінен Дархан Қалиев (Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ибраев) турнирдің үздік ойыншылары деп танылды.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.83  515.38  5.5