Астанада спорттық бағдарлаудан өткен чемпионатта әскери қызметші қола жүлдегер атанды

Ботаникалық бақта, Орталық саябақта және Кемал Ататүрік саябағында өткен жарыстар жеті жас тобы арасында, орта қашықтықта және спринтте ұйымдастырылды

Sarbaz.kz редакторы
23/10/2023 - 23:58

Чемпионат елордалық бағдарлау федерациясының күнтізбелік жоспарына сәйкес өтті. Өз кезегінде Қарулы Күштер Бас штабының Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті оған Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін қатысуға ұсыныс жасады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Ботаникалық бақта, Орталық саябақта және Кемал Ататүрік саябағында өткен жарыстар жеті жас тобы арасында, орта қашықтықта және спринтте ұйымдастырылды.

Қорғаныс ведомствосы атынан бұл жарыста Геоақпараттық қамтамасыз ету, Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік департаменттерінің, министрліктің басқа бөлімшелерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ әскери кафедралардың студенттері, «геодезия және картография» мамандығы бойынша оқитын курсанттар бағын сынап көрді.

– Шара жоғары бәсекелестік ортада тәжірибе жинау тұрғысынан құнды, өйткені жарыстарға тек астаналықтар ғана емес, еліміздің мықты спортшылары да қатысты. Бұл спорт тапқырлықты шыңдауға, табандылық, мақсаттылық сияқты қасиеттерді дамытуға ықпал етеді, дене шымырлығын арттыра түседі, – деп түсіндірді Қарулы Күштер Бас штабы Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті бастығының орынбасары полковник Шаяхмет Әшіров.

Жарыс ережелері бойынша қатысушыларға бақылау нүктелері мен олардың орналасқан жері көрсетіліп, жергілікті жердің картасы берілді. Спортшылар ол жерлерге карта немесе компас арқылы барды. Мұндағы спортшының бағдарлауын бағалаудағы маңызды критерий – дәлдік пен жылдамдық.

Спринт сайысының қорытындысы бойынша қола медаль 44813 әскери бөлімінің әскери қызметшісі капитан Жалғас Әділхасқа бұйырды.

Осындай жарыс барысында алынған тәжірибе әскери қызметшілердің топография бойынша даярлық сапасын арттырады, әскери топография сабақтарында алған білімін бекітуге көмектеседі.

Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің қазақстандық спорттық бағдарлау федерациясымен ынтымақтастығы әскери қызметшілерге 2024 жылы республикалық жарыстарда жиі өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Өткен демалыс күндері 27943 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі Өскеменде Республика күніне арнайы өткен осындай жарысқа қатысқанын да айта кету керек.

Тегтер

×

Редакция

$ 479.05  534.57  5.17