Астанада жастар арасында бокстан Азия чемпионаты өтеді

Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 2-3 қарашада анықталады

Sarbaz.kz редакторы
19/10/2023 - 21:47

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Астана қаласында алғаш рет бокстан жасөспірімдер және жастар арасында Азия чемпионаты 23 қазан мен 3 қараша аралығында өтеді. Бұл туралы Sarbaz.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада жалауы желбірейтін байрақты бәсекеге сары құрлықтың 23 елінен ең мықты деген 200 жас спортшы Азия чемпионы атағына таласады. Олардың қатарында Өзбекстан, Қытай Тайбэй, Жапония, Филиппин, Гонконг, Оңтүстік Корея, Моңғолия , Иран, Қырғызстан, Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан,Түрікменстан, Палестина, Пәкістан, Йемен, Ирак, Иордания, Кувейт, Малайзия және Қазақстан мемлекеттері бар.

Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ұлдар 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі); қыздар 12 салмақта (45-48 келі, 50 келі, 52 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63 келі, 66 келі, 70 келі, 75 келі, 81 келі, +81 келі) сынға түседі.

Жастар арасындағы чемпионатқа 2005 және 2006 жылы туған боксшылар қатысады. Ал 2007 және 2008 жылдары туған балалар жасөспірімдер арасындағы жарыста бақ сынайды. 

Шаршы алаңдағы жекпе-жектер 23 қазан мен 3 қараша күндері 12:00-ден 22:00-ге дейінгі уақытқа жоспарланған. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 2-3 қарашада анықталады.

Айта кетсек, Қазақстан бокс федерациясы бұған дейін Азия чемпионатын 2016 жылы Павлодарда өткізген болатын. Жеті жылдық үзілістен кейін негізгі оқиға Астана төріне қайта оралмақ.

Жанкүйерлер үшін кіру тегін.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91