Олар бірнеше спорт түрінен сынға түсті
Жарысқа Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларынан республикалық әскери мектептердің құрамалары және Астанадағы Әскери колледж командасы қатысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Бірнеше күн бойы республикалық мектептердің тәрбиеленушілері пневматикалық мылтықтан ату, белтемірге тартылу, 50 метрге жүзу, 100 және 3000 метрге жүгіру, сондай-ақ 4х100 эстафетада және шағын футболдан Президенттік тестте бақ сынады. 1996 жылы енгізілген Президенттік тесттер жаттығулар жиынтығын құрайды, олардың орындалуы азаматтардың жалпы дене шынықтыру деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
«Жарысқа мықты командалар жиналды. Олар шымырлығын, төзімділігі мен спорттық машығын ғана қоймай, беріктік пен ерік-жігерді, табандылық пен командалық рухты да көрсетті», – деп атап өтті ҚР ҚМ Орталық спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.
Жарыс қорытындысы бойынша Шымкенттік Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командасы үздік атанды. Қарағандының Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері тұғырға екінші болып көтеріліп, Астананың Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж командасынан басып озды.
«Шеберлігімізді шыңдап, тәжірибе жинадық, басқа өңірлерден келген құрдастарымызбен таныстық. Сіздерге жарысуға және үйренуге осындай мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамыз!» – деп ұйымдастырушыларға қарағандылық «Жас ұлан» республикалық мектебі командасының қатысушысы Абылай Саханов алғысын білдірді.