«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 06708 әскери бөліміндегі жас сарбаздар Отан алдында адал болуға ант берді.
Сайдың серке тасындай қаз-қатар тізілген жас сарбаздар Отан алдындағы жауынгерлік міндетін адал атқару үшін жиналғандар алдында ант берді.

Әскери ант қабылдаған сарбаздарды «Астана» өңірлік қолбасшысының орынбасары Ғани Асанов құттықтады.
«Сіздер бүгін нағыз Отан қорғаушы атанып, елін-жерін көздің қарашығындай сақтауға ант бердіңіздер. Алда әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, жігіттік мектептен өтесіздер. Бір жыл әскери борыштарыңыз абыройлы өтсін», деді сарбаздардың ата-аналары атынан сөйлеген Сабира Мұсатаева.

Ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздар түрлі әскери мамандықтарды меңгеретін болады. Жауынгерлік оқу-жаттығулар барысында шынығып, шымыр болып туған үйлеріне оралады.
«Мен бүгін Отан алдында және оның заңды сайланған Президенті алдында адал болуға ант бердім. Бір жыл бойы әскери мектептің тәжірибесін әлі талай үйреніп, тәлімін алатын боламыз. Сондықтан өзіме және қарулас достарыма да ел қорғау жолында тек сәттілік тілеймін», деді қатардағы жауынгер Орынбасар Талғатов.
Думан ЖҰМАШҰЛЫ