Отанға адал қызметтің үлгісі

Мемлекеттің қауіпсіздігі мен дамуы жолында халқының сенімін ақтап, ел ықыласына бөленген тұлғалардың бірі – әскери ұшқыш, Халық қаһарманы, Армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев. Биыл 80 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан батырдың өміржолы мен қызметі тәуелсіз елдің тарихынан айрықша орын алады.

Админ
Бүгін, 15:06

Мұхтар Қапашұлы фашизмді жеңген Жеңіс жылы дүниеге келген. Балалық шағы Қарағандының Киров ауданында өтті. Сол дәуірдің көптеген ұл-қыздары сияқты ол да Талғат Бигелдинов пен Бауыржан Момышұлы секілді батырлардың ерлігіне тәнті болып өсті. Әкесi Қапаш Ұлытаудан қоныс аударып, Қарағанды көмір бассейнінің алғашқы қалыптасу кезеңіне куә болды. Қиын шақта білім алып, кәсіби тау-кен инженері атанып, шахта директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Анасы Галия Софиқызы ерте дүние салғанымен, оның мейірім мен адамгершілікке толы тәрбиесі Мұхтардың өмір бойғы ұстанымына айналды.

Қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген Мұхтар Қапашұлы қазақ орта мектебінде білім алды. Мектепте математика мен физиканы ерекше жақсы көрген жас Мұхтар спортқа бейім болып, футбол, баскетбол және хоккей ойнады. Алайда көктегі ұшақтарға деген қызығушылығы бәрінен басым еді. Жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кезінде әуежай маңындағы аэроклубқа барып, алғашқы қадамдарын сол жерде жасады. Бұл клубта кейін қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те жаттыққан болатын.

Еңбек жолын 17 жасында шахтада көмір қазудан бастаған болашақ әскери ұшқыш алты жылға жуық жер астында ауыр еңбек етті. Бірақ көкте самғау арманынан еш айныған жоқ.

Әскер қатарына шақырылған соң ұшқыш болу арманына бір қадам жақындағандай болды. МиГ ұшағын меңгеріп, запастағы кіші лейтенант атағын алды. Алайда, қайтадан шахтаға оралып, еңбек етті. Бірақ көк аспанға құштарлығы өшкен жоқ.

1969 жылы 24 жасында Краснодар өлкесіндегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс ұшқыштарының Армавир жоғары әскери училищесіне оқуға түсіп, оны үздік аяқтады.

Мұхтар Алтынбаевтың КСРО Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты бөлімдерде ұшқыш боп басталған қызметі корпус командирінің орынбасары, дивизия командирі лауазымдарында сәтті жалғасты. Кезінде ол басқарған әскери бөлімдер КСРО бойынша ең үздік деп танылды.

Армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың естеліктеріне сүйенсек, ол Пермь авиациялық полкінің командирі болып тұрған кезінде күтпеген жерден жоғары комиссияның тексерісі жүргізіліпті. Нәтижесінде екі полк командирі қызметінен босатылған, ал Алтынбаев, керісінше, өз кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі арқасында маршал Жуков атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясына оқуға жіберілді.

Ол кез Мұхтар Қапашұлы үшін оңай болған жоқ, себебі мектепті тәмамдағанына көп жыл өтіп кеткен еді. Соған қарамастан, математикаға деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығының арқасында оқу үрдісіне тез бейімделіп кетті. Академиядағы оқу кезінде оның басшылығындағы бөлімше барлық емтихандарды үздік тапсырып, жоғары нәтиже көрсетті.

1985 жылы Мұхтар Алтынбаев әскери академияны үздік бітіріп, қызыл дипломға ие болды. Одан кейінгі қызметін Түрікменстанда жалғастырып, Түркістан әскери округінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясын басқарды. Ол мұнда да өзін жоғары жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және қарамағындағы сарбаздарға деген қамқорлығымен таныта білді.

Осылайша, Кеңес Одағы Қарулы Күштерінде мінсіз қызмет еткен жылдар ішінде Мұхтар Қапашұлы қарапайым әскери ұшқыштан бастап, әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясының командиріне дейінгі үлкен жолдан өтті. Кәсіби шеберлігі мен табандылығының арқасында авиация генерал-майоры атағына дейін көтерілді.

Ол жойғыш ұшақтардың көптеген түрін меңгерген. МиГ және Су тектес жойғыш ұшақтардың қазіргі заманғы жетілдірілген барлық түрлерін шектеусіз басқаруға рұқсаты бар ұшқыш-мерген.

Кеңес армиясында авиация генерал-майоры дәрежесіне дейін көтерілген Мұхтар Алтынбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Қарулы Күштерін қалыптастыру ісіне белсене кірісті. 1992 жылы туған елге оралған соң Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері корпусының командирі болып қызмет атқарды. Ал Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылған тарихи сәттен бастап ол Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Осы уақыттан бастап еліміздің әскери әуе қорғанысы және авиация саласының қалыптасуы мен нығаюына өлшеусіз үлес қосты.

Кеңес Одағы ыдыраған соң бұрынғы одақтас республикалар арасында әскери техника мен қару-жарақты бөлу басталған шақта, Ресей тарапы өзін басты мұрагер санап, өзгелерге келгенде сараңдық танытқан еді. Сол кезде Қазақстанның жас әуе қорғанысы күштерін қалыптастыру міндеті Мұхтар Алтынбаевтың иығына түсті. Көпшілік қиындыққа қарамастан, ол Ресейдің әскери басшыларымен келіссөз жүргізіп, ақыры 26 әскери ұшақты Липецк қаласындағы полктен әкелуді қамтамасыз етті.

Мұхтар Алтынбаев еліміздің өз ұшқыштарын даярлауға да ерекше мән берді. Краснодардағы әскери ұшқыштар училищесіне бірден он алты қазақ жасын оқуға жіберді. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның көк аспанында қырандай самғап жүрген көптеген ұшқыштар сол Мұхтар Қапашұлының шәкірттері, яғни «Алтынбаевтың қырандары».

Қыран демекші, осы жерде мына бір оқиғаны айта кеткен орынды болар. Мұхтар Қапашұлы АҚШ-қа сапары барысында авиациялық базалардың бірінде атақты F-16 жойғыш ұшағымен ұшу өнерін көрсеткен жаңа тәуелсіз мемлекеттердің тұңғыш ұшқышы болып табылады. Сол жолы америкалық мамандар М. Алтынбаевтың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берген болатын.

Қорғаныс министрі қызметінде жүрген жылдары ол Қазақстан Қарулы Күштерінің нығаюына, әскери оқу-жаттығулардың жүйелі өткізілуіне және заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар, кәсіби мамандар даярлайтын әскери оқу орындарының көбеюіне атсалысты. Қазақстанның Әскери доктринасының қалыптасуына және стратегиялық маңызды шешімдердің қабылдануына тікелей ықпал етті.

Мұхтар Алтынбаев Қорғаныс министрі қызметін атқарған кезең Қазақстан армиясының даму тарихындағы маңызды белес болды. Оның бастамасымен Ақтөбе жоғары азаматтық авиация ұшқыштар училищесі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына айналды. Ал Азаматтық авиация академиясының әскери факультеті негізінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылды. Бүгінде бұл екі жоғары оқу орны еліміздің Қарулы Күштеріне кәсіби әрі жоғары дайындықтағы офицерлер даярлап отыр.

Стратегиялық маңызы зор Каспий өңірінің қорғаныс әлеуетін күшейту мақсатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқармасын Ақтөбеден Атырауға көшіруді ұйымдастырды. Бұл шешім аймақтың әскери қуатын арттырып, 2002 жылы «Бейбітшілік теңізі 2002» атты ірі оқу-жаттығудың сәтті өткізілуіне негіз болды.

2003 жылы Мұхтар Қапашұлы Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылымын терең реформалауды бастады. Соның нәтижесінде Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері қалыптасты. Сондай-ақ Ракета әскерлері мен артиллерия бөлек құрылым ретінде ұйымдастырылды. Бұрынғы әскери округтер орнына өздігінен әрекет ете алатын өңірлік қолбасшылықтар – «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» топтастырылды. Бұл реформалар ел армиясының жауынгерлік қабілетін едәуір арттырды.

Мұхтар Алтынбаев басшылық еткен жылдары Қазақстан аумағында «Отан қалқаны – 2002», «Батыс – 2003», «Шеп – 2006» секілді кең ауқымды республикалық және халықаралық оқу-жаттығулар өтті. Ал «Іле – 2006» жаттығуы кезінде десантшылар өзеннен соғыс техникасымен өтіп, жоғары кәсіби дайындықтарын көрсетті.

2004 жылы өткен «Сарыарқа – 2004» оқу-жаттығуын ел Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшының өзі бақылап, оның барысына жоғары баға берді. Бұл маневрлерге Қарулы Күштердің барлық әскери түрлері мен бөлімдері – Әуе қорғанысы күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Ракета және артиллерия бөлімдері, байланыс әскерлері және өзге де күштік құрылымдар тартылды.

Мұхтар Алтынбаевтың осы жылдардағы реформалары мен стратегиялық шешімдері Қазақстан армиясын кәсіби деңгейге көтеріп, оны аймақтағы ең заманауи және сенімді қорғаныс құрылымдарының біріне айналдырды.

Мұхтар Қапашұлының бастамасымен Қазақстан халықаралық әскери ынтымақтастыққа белсенді араласты. Ресей, Түркия, АҚШ және Еуропа елдерімен бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Ел әскері «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы аясында «Дала қыраны» секілді халықаралық оқу-жаттығуларға қатыса бастады.

Сонымен бірге оның басшылығымен әскери полиция құрылып, армиядағы тәртіп пен моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту мақсатында офицер-психологтар институты енгізілді.

2006 жылдың 6 мамырында ел қорғау жолындағы ерлігі мен Қазақстан Қарулы Күштерін дамытудағы еңбегі үшін Армия генералы Мұхтар Алтынбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

2010 жылы Сенат депутаты болып тағайындалған ол жас ұрпаққа патриотизм мен табандылық үлгісін көрсетуге бағытталған жобаларды іске асырды.

Сенаторлық қызметінде Қазақстан Қарулы Күштерін нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді. Мұхтар Қапашұлының елдің қауіпсіздігіне жанашырлығы, Отан қорғаушыларға көрсеткен қамқорлығы оның мемлекетшілдік ұстанымын айқын танытты.

Бүгінде ол «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы ретінде әскери ардагерлердің мүддесін қорғап, олардың қоғамдағы беделін арттыруға зор үлес қосып келеді. Ардагерлер мен жас сарбаздар арасында рухани сабақтастықты нығайтуға арналған кездесулер мен патриоттық іс-шараларды ұйымдастырып, ел қорғанысын нығайту жолында тәжірибелі әскери буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты сақтауға ұйытқы болды.

Мұхтар Қапашұлының өмірінің ең жарқын беттері зайыбы Гүлбану Рақымбайқызымен бірге өтті. Екеуі бір мектепте оқып, бала кезден дос болып, он тоғыз жасында шаңырақ көтерген. Бұл өзара сыйластық пен сенімге негізделген өмірлік серіктестік болатын.

Ұлдары генерал-лейтенант Мүсілім Алтынбаев әке жолын қуды. Әке мен баланың тағдыры ұқсас. Екеуін де елге қызмет ету рухы мен әскери борыш сезімі біріктіреді. Мүсілім Мұхтарұлы өз сұхбаттарында: «Менің әкем үшін Отанға қызмет ету тек жұмыс емес, өмірлік миссия. Сол рухты мен де жүрегіммен қабылдадым»,- деп айтқан еді.

Мұхтар Алтынбаевтың өмірлік ұстанымы – «Отанға адал қызмет – ең биік парыз». Ол сүйікті ісін өмірінің мәніне айналдырған тұлға. Өзінің айтуынша, авиация маршалы Савицкий 63 жасында реактивті ұшақпен соңғы ұшуын жасағанын естігенде, сол үлгі оны жігерлендірген екен.

 «Мен де жетпістен асқанда көпмақсатты Су-30 ұшағымен көкке көтерілдім. Енді, Алла қаласа, 80 жасымда да ұшамын деп ниеттімін», - дейді Халық қаһарманы.

Есімі тәуелсіз Қазақстанның әскери тарихында алтын әріппен жазылған Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың Қарулы Күштердің қалыптасуы мен жетілу кезеңдеріндегі жанқиярлық еңбегі жас ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала бермек.

Сондай-ақ оқыңыз

×

Редакция

$ 519.61  610.13  6.54