Жанар Ержанқызы – Шығыс Қазақстан облысы Қалбатау (бұрынғы Георгиевка) ауылында дүниеге келген.
Орта білімін тәмамдаған соң, бала күнгі арманын жетелеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, оны бакалавр және магистратура деңгейінде үздік аяқтады.
Ол 2014 жылдан бері ҚР Қарулы Күштерінің сапында абыроймен қызмет өткеріп жүрген офицер.
Жанардың басты мақсаты – қазақ әскерінің биік рухын, ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген әскери адамдардың жарқын бейнесін кең жұртшылыққа таныту.
Ол үшін журналистика мен әскери қызметті тоғыстырып, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналар тың дүниелер жасауды көздейді.

Патриотизм… Бұл сөздің астарында тек ұран мен салтанат емес, тұтас адамдық болмыс пен рух биіктігі жатыр. Әр дәуірдің тынысы, әр ұрпақтың өмір салты өзгерсе де, оның түпкі мәні мәңгілік – туған жерге, елге, халыққа деген шексіз сүйіспеншілік.
Бәзбіреулер үшін патриотизм жалаң айқай мен ұрандаудан тұратын сияқты. Бірақ, меніңше, шынайы патриотизм ол – үнсіз іс, адал еңбек, жүректегі сенім. Адамның ішкі бұлқынысы даңқ үшін емес, парыз үшін оянғанда, сол сәтте нағыз патриот туады. Отанды сөзбен емес, іспен сүю, «мен қазақпын» деп айту емес, сол сөзге лайық өмір сүру – міне, елжандылықтың өлшемі осы.
Қай заманда болсын елдің тұтастығын сақтап келген – ол рухтың күші. Ер Тарғынның ерлігі, Бауыржан Момышұлының батылдығы, Әлия мен Мәншүктің қайсарлығы – бәрі бір ғана қасиеттен бастау алады - Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктен. Олар үшін туған жер киелі ұғым, ал ел тағдыры жеке өмірден де биік мұрат болған.
Әскери салада жүргендіктен мен патриотизмнің шынайы мәнін күн сайын сезінемін. Біз үшін Отансүйгіштік – антқа адалдық, тәртіпке құрмет, жауапкершілік пен ерлікке дайын болу. Әскери өмір – жай қызмет емес, бұл – ел тыныштығының қалқаны, бейбіт өмірдің күзеті. Әр атқан таңдағы қызметке кіріскен сәт – мен үшін елге деген адалдықты тағы бір дәлелдеу. Сол кезде мен өз борышымның салмағын және сол борыштың қасиетін сезінемін.
Қазір патриотизм найза мен қылыш ұстау емес, білім мен борышты, ерік пен тәртіпті біріктіре білу. XXI ғасырдың қаһарманы – елін сөзбен емес, ісімен сүйетін сарбаз, офицер, инженер, дәрігер, мұғалім.
Патриотизмнің айғағы – тек майданда емес, бейбіт күннің әр сәтінде.
Патриотизм – ұран емес, ішкі жалын. Ол сырт көзге көрінбесе де, жүрек түкпірінде лапылдап жанып тұрады. Әр жүректе Отанға деген сүйіспеншілік оты маздап тұрса, сол қоғам ешқашан әлсіремейді. Ал сол алауды сөндірмей ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Капитан Жанар ӘМІРЖАНОВА
РЭжБӘИИ баспасөз қызметінің бастығы