Қаламды қару еткен ағаларым

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық баспасөз органы «Қазақстан сарбазы»-«Воин Казахстана» газетінің сапында табаны күректей 15 жыл қызмет етіппін.

Админ
Бүгін, 10:46

       Дәлірек айтсам, 15 жыл 15 күн. 16 желтоқсан 1992-31 желтоқсан 2007 жылдар аралығы. Газеттің тарихи тұңғыш номерінен бастап, басылымды тарих қойнауына енгізген соңғы санына дейін.

Иә, бұл жылдар аралығында небір қайталанбас сәттер мен тарихи оқиғаларды газетпен бірге көру бақыты бұйырған екен. Бүгінгі күннің биігінен қарасам, небір есімі елге танымал, жүрегі қазақ деп соққан  ұлтжанды азаматтармен, аға ұрпақ өкілдерімен осы газеттің қабырғасында жүріп танысқан екенмін. Өз басым ерекше құрметтеген сол аға буынның басым көпшілігі бүгіндері қатарымызда жоқ. Десе де, ол адамдарды ұмытуға әсте қақымыз жоқ деп білемін. Себебі, олар мен үшін тек мақтан тұтар, үлгі алар буын емес, кәсіби тұрғыда кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсеткен жандар. Әскери журналистика саласында, толық сеніммен «әріптестер» дей аламын.

Байзулла Әкежанов. Газет бой көтерген алғашқы жылдары авторлар қатары біраз болды. Басым көпшілігі майдангерлер еді. Байзулла ағамыз да солардың қатарынан болатын. Редакциямызға жиі келетін. Сиясы кеппеген мақаласын алып келіп, біраз отырып жарқылдап әңгімесін айтатын. Мінезі негізінен салмақты, сабырлы болса да балаша қуанған сәттері әлі есімде. Өте қарапайым жан еді. Есімде, соғыс, әскери авиацияға жазғандары орыс тілінде болса, тәрбие, тарих, ұлттық құндылық тақырыбында жазғандары ана тілімізде болатын. Ағамыздың тағы бір ерекшелігі, үстінен әскери фомасын тастамауы еді. Шамасы, бізді формаға құрмет көрсетуге үйреткені болар деп топшылайтынбыз. Шын мәнінде алар жағы көп еді.

Сұлтанғали Қаратаев. Танымал журналист. Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы десем де болады. Қазақ спорт журналистикасының іргетасын қаласқан саңлақтардың бірі деуге лайық жан. Сарапшы, спорт дегенде ішкен асын жерге қоятын жан. Тұрған бойы мәдениет болатын. Басқа-басқа, ағаның әңгімесін тыңдау бір ғанибет еді ау. Сондай жүрекжарды әңгімелерінің бірінде «спорт журналистикасы кенже қалған жанр ғой» деп мұңын шаққан еді. Жанайқайын естіп отырсам да «аға қызық екен, спорт журналистикасы кенже қалды дейді. КСРО тұсында жылдық жазылу бағасы 84 тиынды ғана құраған ана тілімізде СПОРТ газеті шығып тұрды ғой. Ағамыз осыны қанағат тұтпай отырса, әскери журналистиканың жай-күйі не болғаны» деп таңырқаған едім. Сол сәтте таңырқауымды байқаған ағам «қазақ тілді барлық салалық журналистиканың дамуын, ілгерілеуін қалар едім» деген еді. Нағыз жанашырлық емес пе?

       Сейіт Кенжеахметов. Қазақ тілін құрметтейтін адамның бұл есімді білмеуі мүмкін емес. Бұл адам мен үшін тіпті ерекше. Болашағымды айқындап, бағыт-бағдар көрсеткен жан десем де болады. Шамамен 7-8 сынып оқып жүргенімде қолыма «Тышқан тірлік» деген шағын ғана кітап түсті. Әдемі қазақы әзіл тұнып тұрған. Әзіл- сықақ, сатира-юмор деген әлеммен танысып іңкәрлігім оянған еді. Кітаптың авторы – Сейіт Кенжеахметовке ризашылығым шексіз еді. Мен үшін әлем ашқандай болатын. Сейіт аға туралы мәліметті іздеп жүріп оқушы едім. Бір көрсем ғой деп армандаған сәттерім де аз емес. «Көктен іздегенім жерден табылды» дегендей, араға жылдар салып сол Сейіт ағамды газет редакциясынан кездестірдім. Жай кездескен жоқпын, иық тірестіре бір ұжымда қызмет еттім. Тағдырымның маған берген сыйы деп білемін.

       Рас, жоғарыда әңгіме қылған жандар әскери газет тарихына қатысты ұзақ әңгіменің, ерекше сағынышпен еске алар естеліктердің шағын ғана бөлігі. Қазақ әскери журналистикасының тарихы тамырын тереңге жайып үлгерген жоқ. Болашақта алтын әріптермен жазылар мәнді де мазмұнды тарихы алдыңғы күндердің еншісінде деп білемін, әрі соған сенемін.

                       

 Сәндібай Күмісбеков

Әскери журналист

×

Редакция

$ 524.65  607.02  6.48