Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің имиджін көтеру мақсатында жарық көріп келе жатқан «Сарбаз» газеті – бүгінгі таңда өзіндік тұрақты оқырманы бар, аудиториясы көлемді, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары ішінен дараланып, өзгелерден ерекшеленген белді де беделді басылымдардың бірі әрі бірегейі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша шығатын басылым көптеген танымдық, қызықты да пайдалы ақпараттарға толы.
Сөзімді бастамас бұрын ең алдымен осы салада еңбек етіп, тер төгіп, төл әскерімізді жаһандық және Қарулы Күштері жаңалықтармен уақытылы хабардар етіп отырған редакция алқасына өз ризашылығымды білдіргім келеді. Осынау ғылым мен технология дамыған заманда, алдарынан кездескен түрлі кедергілерге қарамастан аталған ұжым өздерінің өміршеңдігін, қажеттілігін сәт сайын сөз бен емес нақты іспен дәлелдеп келе жатыр десем артық айтпаған болармын...
Өзімнің сөзімді осы әскери қызметімнің басталған сәтінен бастар болсам, осыдан тура он төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басқан мені арманым Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына жетелеп алып келді. Мен сияқты ауылдың қара домалағы үшін Алматыдай үлкен мегаполис пен қатар әскери өмірдің тыныс-тіршілігі таңсық болатын. Теледидардан қарап көргенім, түрлі республикалық басылым беттерінен оқығаным болмаса мүлде бейтаныс ортаға тап болдым. Дәл осы шақта мен үшін бөлек бір дүниенің, еліміздегі белді де беделді басылымның, нақтырақ айтсақ, «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналының аясына тап болдым. Оған бірден бір себепші менің осы басылым беттеріне бет бұруға себепші болған шығармашылық жолымдағы ұстазым, бүгінде әскери зейнеткерлікке шыққан Аида Бектұрова болатын. Өзімді тануға, тұлға болып қалыптасу жолындағы ақыл кеңесін айтып, баспа ісіне үйретіп, мені осы «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналының тұрақты оқырманы етіп тәрбиеледі десем артық айтқаным емес. Ол кезде Құрлық әскерлерінің әскери институтының 1 курс курсанты болатынмын. Алғашқы мақалам «Сарбаз» газеті бетінде жарыққа шыққан сәтте қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен сияқты қарапайым ауыл баласы үшін үлкен бір жетістік. Өз аты-жөнімді еліміздегі белді басылым беттерінен көрген кезде кеудемді мақтаныш сезімі баурады. Командирлерімнің (бастықтарымның) күнделікті оқу-жаттығу барысын, институт қабырғанысының тыныс-тіршілігін еңбектерімде жазып, оларды басылым беттеріне шығарып жүрдім. Тыңдаушы ретінде бастаған ісім бүгінде офицер ретінде өзімнің саламда лайықты бағасын алып келеді. Осылайша «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы беттерінде мақала жазу барысында өзіме беймәлім ақпараттарды тереңінен танысуға мүмкіндік алдым. Бұл өз кезегінде адамның құлшынысын ашып, ары қарай мақсатты түрде тың ақпараттарды зерделеуге мүмкіндік беретініне көзім жетті.
Әскеріміздің қатарындағы офицерлерден бастап, қатардағы сарбаздарға дейінгі барлық буынды ақпарат нәрімен сусындатып, көптеген әскери қызметшілердің жетістіктерін жариялай білген «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы ұжымының тәрбие ісіндегі алар орны ерекше. Бүгінгі таңда «Сарбаз» газеті жаңа форматта пішіні өзгергенмен, ішіндегі тың ақпараттың маңыздылығы оқырмандары арасында лайықты орын тауып келеді. Ерекше атап өтетін айдардың бірі – «Сарбаз сәлемі» айдары. Бұл айдар Қарулы Күштердегі мыңдаған сарбаздардың тілегін, ата–анасына, туыс– туғандарына, достарына, туған жеріне деген сағынышын хат арқылы жеткізе отырып, сарбаздарымыздың әскери қызметтерін өткеру жолында Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруға, кез-келген жауынгерлік тапсырманы асқан жауапкершілікпен орындауға және әскери антқа адал болуға міндеттейді. Бұл өз кезегінде әрбір сарбаздың жүрегіне жол тауып, өне бойындағы намысын оятып, рухы мығым болып қалыптасуға көмектесуші факторлардың бірі болып табылады. Тәні сау сарбаздың, рухы да сау болу керектігін ескеретін болсақ, осы айдардың көмегі біздер үшін ұшан-теңіз деп айтқым келеді.

«Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы ұжымының осындай қажырлы да табынды еңбектеріңіз Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің тарапынан лайықты түрде бағасын алып жатыр. Алдағы уақытта өсіп, өркендеп, көптеген жаңа айдарларды өмірге алып келеді деген сеніммен Сіздердің еңбектеріңізге толағай табыстар тілей отырып, баршаңызды Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Күршім ауылындағы 31767 «В» әскери бөлімінің әскери қызметшілері атынан бір кісідей «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналына 2026 жылға жазылуға шақырамыз.

ҚР ҚК ӘҚК Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері