ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

Қазақстанның Қарулы Күштері қазіргі заманғы цифр­лық шешімдерді енгізу арқылы басқару жүйелерін автоматтандыру мен цифрландыру бағытын дәйекті жүзеге асырып келеді. Қорғаныс министрлігі құрылымында жа­санды интеллект технологияларын дамытуға арналған арнайы басқарма құрылып, «Сарбаз+» пи­лот­тық жобасы іске қосылды, сондай-ақ цифрлық әскери комиссариат жүйесі енгізілді.

Админ
01/11/2025 - 12:16

Бәрімізге аян, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйектегі «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті мәселелерді шешу» атты Жолдауында жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, барлық салаға цифрлық трансформацияны енгізу жайында айтқан еді.

Президент атап өткендей, жа­санды интеллект пен цифрландыру ел экономикасын ілгерілететін қоз­ғаушы күшке, басқару сапасын арттыратын құралға әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сенімді тетігіне айналуға тиіс. Осы орайда Қорғаныс саласында әлемдік үрдіске сәйкес жасанды интеллект технологияларын армия қызметіне интеграциялау жаңғырту жолындағы маңызды істер атқарып келеді. Мәселен, алғашқылардың бірі ретінде Қорғаныс министрлігі арнайы Жасанды интеллект (ЖИ) бөлімшені құру жөнінде бастама көтерді. Бұл қадам ел армиясының цифрлық трансформация жолындағы маңызды кезеңі саналады.

Жаңа бөлімнің мақсаты ауқымды деректерді өңдеу және талдау – әскери шешім қабылдаудағы дәлдікті арттыру; автоматтандырылған басқару жүйелерін дамыту – әскери операциялар кезіндегі уақыт үнемділігі мен тиімділікті қамтамасыз ету; болжамдық жүйелерді енгізу – ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, жедел әрекет ету; қорғаныс инфрақұрылымын нығайту – заманауи технологияларды қолданып, тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту. Бұл ретте жаңа құрылым отандық ІТ-компаниялармен, университеттермен және ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз әріптестік орнатуды көздеп отыр. Жасанды интеллектті енгізу жөніндегі бөлімшені құру кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған. Осыған сәйкес, қазіргі заманғы алгоритмдермен және жүйелермен жұмыс істеуге қабілетті офицер-талдаушылар мен цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау қолға алынып жатыр.

Әлемнің бірқатар жетекші мемлекеттері қазірдің өзінде жасанды интеллектке негізделген әскери бөлімдерді дамытып отыр. Мұндай құрылымдар әскери барлау, киберқауіпсіздік, дрондық жүйелерді басқару және логистика саласында кеңінен қолданылады.

Қазақстан армиясында жасанды интеллект технологияларын енгізу мен дамытуға жауапты мамандандырылған бөлімшенің құрылуы осы бағыттағы ғаламдық үрдіспен үндесіп тұр.

Қазақстан армиясында жаңа Жасанды интеллект басқармасының құрылуы – елдің әскери әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық қауіпсіздік жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған. Бұл бөлімнің жұмысы алдағы жылдары нақты жобалар арқылы айқындалып, армияның заманауи бейнесін қалыптастыруға үлес қоспақ.

Сонымен бірге, Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытында жұмыс та жалғасып жатыр. Биылғы жылы елдің Қарулы күштері қызметтік мәліметтерді жіберу үшін отандық Aitu мессенджерді қолданып жатқанынан хабардармыз. Оған құрылым жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен көшуді ұйғарып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған бұл шешім шетелдік платформаларды пайдаланған кездегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Отандық мессенджерге көшу – мемлекеттік құрылымдарда, оның ішінде қорғаныс саласында да қызметтік ақпаратты қорғау деңгейін арттыру бойынша негізгі қадамдардың бірі. Бұған дейін деректерді жіберу үшін көбінесе шетелдік мессенджерлер қолданылып келген. Бұл өз кезегінде қауіпсіздікке белгілі бір қатер төндіруі мүмкін еді. Бұл ретте армияның ұйымдық-штаттық құрылымы мен қолданыстағы байланыс арналары ескеріледі. Мұндай тәсіл қызметтік процесті бұзбай, жүйелі әрі біртіндеп интеграцияны қамтамасыз етеді.

Жаңа мессенджер кең ауқымды міндеттерді шешу үшін қолданылатын болады. Оның ішінде жедел ақпарат алмасудан бастап, жиналыстар өткізу мен іс-қимылдарды үйлестіру шаралары да бар.

Қазіргі заманғы әскери басқарудағы жасанды интеллекттің (ЖИ), үлкен деректерді өңдеу технологияларының және автоматтандырудың рөлі үнемі артып келеді.

Бұл шешімдер жоспарлау процестерін оңтайландырып қана қоймай, сонымен қатар тез өзгеретін жауынгерлік жағдайларда басқару, болжау және шешім қабылдау тиімділігін түбегейлі жақсартады.

ЖИ үлкен деректер жиынтығын жоғары жылдамдықпен және дәлдікпен талдауға, жасырын тәуелділіктерді анықтауға және болашақ даму сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді.

Әскердегі жаңа технологиялар: «Армия KZ» ақпараттық қызметі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Жасанды интеллектті енгізу нәтижесінде ARMIA ақпараттық қызметінде жүзеге асырылатын чатбот форматында сұрақтарға жауап беретін ЖИ агенті жасалды.

Инновациялардың бірі – «Тыңдайтын мемлекет» қағидаты бойынша ел азаматтарымен өзара әрекеттесуді жақсарту. Қызметті Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми взводында міндетті әскери қызметін өтеп жатқан IT білімі бар сарбаздар әзірледі. Жоба мобильді қосымша ретінде жүзеге асырылады және веб-сайты да бар. Қазір жасанды интеллектті пайдаланатын басқа жобалар зерттеліп, зерделенуде. Оларды биыл пилоттық режимде сынақтан өткізілмек. Сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін әрбір әскери бөлімде жергілікті желі құрылысын аяқтау, ал барлық әскери оқу орындарында оқу үдерісін толық цифрландыруды және жасанды интеллектті оқыту курстарын білім беру бағдарламаларына, әскери медицинаға да енгізу жоспарда бар іс. Қорғаныс министрлігі әскери салаға жасанды интеллект мен 3D-модельдеуді кеңінен қолдану қажеттігін де көздеп отыр.  

Қорғаныс министрлігінің алдында цифрлық шешімдерді, жасанды интеллект технологияларын, автономды басқару жүйелерін кеңінен енгізу, сондай-ақ ұлттық қорғаныстың киберқұрамдасын дамыту міндеті тұр.

 

 

×

Редакция

$ 530.47  613.75  6.56