Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері қоршаған ортаны қорғауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында сенбілік өткізді.
Теңізшілер аумақты тазалап, тұрмыстық қоқысты жинады, өсімдіктерден қалған қалдықтарды шығарып, бекітілген аймақты ретке келтірді. Мұндай іс-шаралар Әскери-теңіз күштері арасында дәстүрге айналған.
«Тазалық – әр адамнан басталуы керек. Біз мұндай игі істермен өз балаларымызға, өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болуымыз қажет», деді сенбілікке қатысушы, 3 дәрежелі капитан Ермек Газизов.
Президент тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Мемлекеттік тәртіп пен жауапкершілікті ұстанатын әскери қызметшілер бұл бастаманы белсенді түрде қолдайды.
«Мұндай іс-шараларға қатысу – біз үшін тек міндет емес, бұл – азаматтық ұстанымымыздың көрінісі. Біз Отанға тек қарумен ғана емес, өз үлгі-өнегемізбен де қызмет етеміз», деп атап өтті 3 дәрежелі капитан Фархат Игисинов.
Экологиялық акциялар ұжымдық рухты нығайтып, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейді және патриоттық тәрбие берудің маңызды құралы болып табылады. Әрбір азамат «таза ел – балаларымыздың жарқын болашағы» екенін терең түсінуі керек.