Бұл елге былтыр қазақстандық бітімгершілер жіберілген
Малидегі апатқа ұшыраған Ил-76 ұшағы «вагнерліктердікі» ме, әлде Беларусьқа тиесілі ме? «Вагнерліктердің» Африкада орналасуындағы мақсаттары қандай? Ол жақтағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына кім кедергі келтіріп жүр? тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Африка құрлығының батысында орналасқан Мали елінің Гао қаласындағы әуежай маңында Ресейде жасалған Ил-76 ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері қаза тапқан. Оқиға 23 қыркүйек, сенбі күні болған. Кейбір дереккөздің мәліметінше, ұшақта Малидың сарбаздары мен «вагнерліктер» болған. Жалпы, апат болған Гао қаласының солтүстік-шығысындағы бұл әуежайды Малидың әскерилері мен «Вагнерлік» жалдамалы әскерилер және БҰҰ бітімгершілік миссиясының әскери қызметшілері пайдаланады.
Қазіргі таңда апатқа ұшыраған ұшақтың ішінде қанша адам болғаны, олардың кім екені әлі де анықталып жатыр. Деректерге сүйенсек, ұшақ қонар кезде ауыр жүкті көтере алмай құлаған деседі.
Айта кетсек, Евгений Пригожиннің өліміне тура бір ай болғанда «Вагнерліктер» ұшағының апатқа ұшырауы сәйкестік емес екенін негізге алып отырған сарапшылар да бар.
Жалпы, Ил-76 әртүрлі мақсаттағы техника мен жүктерді тасымалдауға арналған. Модификацияға байланысты ұшақ салмағы 60 тоннаға дейінгі жүктерді 4,2 мың шақырымнан аса қашықтыққа жеткізе алады.
Бұл тақырыпқа қатысты ресейлік әскери сарапшылар пікірі қаққа жарылды. Олардың кейбірі ұшақ «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясына тиесілі десе, тағы бірі бұл ақпаратты теріске шығарып, ұшақ Беларусь елінікі екенін алға тартады.
Сонымен қатар ресейлік әскери журналистердің ақпараттары құлаған ұшақтың қандай жүк тасымалдағаны туралы болжамдарға да қайшы келеді. Шыңғыс Дамбиев құлаған ұшақтың суретін жариялап, борттың Беларусьтің Rubystar Airways жүк авиакомпаниясына тиесілі екенін, ол Біріккен Ұлттар ұйымының мүддесі үшін рейсті орындағанын мәлімдеді.
Aл Юрий Котенок борттың «Вагнерге» тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасады.
«Бортты жергілікті күштер пайдаланды. Апаттың себебі алдын ала болжам бойынша ұшқыштың қателігінен болды», - деп жазады Котенок.
Жергілікті басылым Malijet қонуға жақындағанда ұшақтың апатқа ұшырап, соққыдан өртеніп кеткенін хабарлады. ТАСС аймақтық БАҚ басылымдарына сілтеме жасай отырып, борттың жергілікті әуе күштеріне тиесілі болуы мүмкін екенін хабарлады.
Бұған дейін Юрий Котенок «Вагнер» жалдамалы әскери бөлімшелері Украинадағы қақтығыс аймағына оралғанын мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, жеке әскери компанияның жауынгерлері Херсон облысында көзге түскен. Журналист бұл мәліметтер қазір «құпия» деген белгінің астында екенін атап өтті. Алайда Ресей Қорғаныс министрлігі бұл мәліметтерге әзір түсініктеме берген жоқ.
Сонымен қатар желіде үш мың «вагнерліктің» Арменияға жөнелтілгені туралы ақпарат тарады. Онда олар республика аумағында үкіметке қарсы акциялар ұйымдастыруға үлес қосты-мыс. Бұл ретте Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ұлттық қауіпсіздік кеңесі елде «Вагнер» жауынгерлерінің бар-жоғы туралы хабарламаларды тексеретінін жеткізді.
«Вагнер» әскери компаниясы Малиде және басқа да Африка елдерінде алтын кеніштерін іздеумен және дамытумен айналысқан Пригожинмен аффилиирленген компанияларды күзетумен айналысады. Алайда Евгений Пригожиннің өзі мұны жоққа шығарған.
Кейбір дереккөздің мәліметінше, «Вагнер» әскери компаниясының алғашқы базаларының бірі Мали астанасы Бамакода орналасқан. 2022 жылдың шілде айының ортасына қарай бұл елде тоғыз базасы болған. Ал ресейлік жалдамалылардың қатысуымен операциялар елдің орталығы мен солтүстік-шығысындағы 30-дан аса жерінде өткен.
Малидегі бірінші жылы ресейлік жалдамалы әскерлер жергілікті әскери күштермен (FAMa) бірге терроризмге қарсы операцияларға қатысқан. Соның ішінде JNIM («Ислам мен мұсылмандарды қолдау тобы» немесе JNIM. Магриб пен Батыс Африкада жұмыс істейтін жиһадшылар қарулы тобы).
Бірақ жергілікті тұрғындар «вагнерліктерді» кісі өлтіру, азаптау, ұрлық-қарлық, тонау және зорлық-зомбылық фактілері бойынша айыптауда.
Малиде ұзақ жылдар бойы Ислам экстремистерінің көтерілісі жүріп жатыр. Бұл көтеріліс 2012 жылы Малидің солтүстігінде басталып, кейінірек Нигер мен Буркина-Фасоға тараған. БҰҰ бітімгершілік миссиясының әскери қызметшілері 2013 жылдан бастап Малидегі тыныштық пен бейбіт тұрғындарды қорғауға ықпал етті.
2021 жылы Мали билігіне әскерилер келіп, олар БҰҰ бітімгерлерін елден шығаруды талап етті. Олар Ресеймен және «Вагнер» әскери компаниясымен тығыз байланыс орнатқан. Бұған дейін Франция мен Германия «вагнерліктер» БҰҰ бітімгершілік миссиясының жұмысына кедергі келтіреді деп шағымданған.
ГФР үкіметі өткен жылы неміс сарбаздарын Малиден шығару туралы шешім қабылдады. Олардың миссиясы биыл жыл соңына дейін аяқталуы керек болған.
Айта кетсек, қазіргі таңда Малиде БҰҰ бітімгершілік миссиясы аясында қазақстандық әскерилер де жұмылдырылған. Өткен жылы Президент Жарлығына сәйкес, қазақстандық 430 бітімгерді Африканың 3-4 еліне жіберу туралы шешім шығарылып, ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары келісім берген болатын.