Түркия әскери державаға айнала ма: технологиялары, әлемдегі орны, зілзаладан кейінгі жағдайы

Әлемдегі ең мықты армия рейтингісінде нешінші орында?

Нұрдәулет Кәкіш
01/09/2023 - 21:37

Фотолар ашық дереккөзден

Фотолар ашық дереккөзден

Түркия Қарулы күштерінің қауқары қандай? Әлемдегі ең мықты армия рейтингісінде нешінші орында? Қанша әскері бар? Қандай әскери техникалармен қамтылған? Қорғаныс бюджеті қанша? Sarbaz.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ АЙМАҚ

Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы қазіргі зайырлы Түркия Республикасының негізін қалағалы бері Түрік қарулы күштері өзін ресми идеологияның, кемализмнің сақтаушысы ретінде қарастырып келді. Қазіргі таңда да түрік саясатына және түрік ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде зор ықпалға ие.

1952 жылғы 18 ақпанда НАТО әскери одағының мүшелігіне қабылданғалы бері Түркия Республикасы өзінің қарулы күштерін жаппай модернизациялау бағдарламасын бастады. 1980 жылдардың аяғында екінші қайта құру үрдісі басталды.

Еуропалық Одақ өкілдерінің дерегінше, Түркия қарулы күштерінің әскери одақ құрылымдарына қосылуы Еуроодақтың нағыз ғаламдық күш және супердержаваға айналуына септігін тигізді.

Түркия өте маңызды және қақтығыстары мол, түрлі саяси режимдері, экономикалық жүйелері және әскери қуатты мемлекеттер тоғысқан аймақта орналасқан. Сонымен қатар Түркия Қара, Эгей және Жерорта теңіздерімен, Балқан түбегі, Кавказ, және Таяу Шығыс сынды аймақтармен шектесетін стратегиялық маңызы жоғары жерде, Еуропа, Азия және Африка құрлықтарының халықаралық геостратегиялық сызықтары және жолдары жанасатын жерде жайғасқан. Түрік бұғаздарын өз бақылауында ұстап тұрған Түркияның Суец каналын да өз бақылауына алуға, яғни бүкіл аймақтағы теңіз қатынасына әсер етуге қауқары жетеді.

Еуропадан Таяу Шығыстың орасан зор энергия қорларына апаратын жол Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Анатолия арқылы өтеді. Түркиямен көршілес аймақтарда көптеген түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Сол өзгерістермен бірге жаңа қауіп-қатерлер де келуі мүмкін. Түркияның салмақты саясаты мен әскери күші бүкіл аймақтың тұрақтылығына оң әсерін тигізуде.

Алайда Түркияның қауіпсіздігіне тек түрлі режимдер мен әскери күштер ғана емес, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық, шекара даулары, билікке талас және лаңкестік қатер төндіреді деп саналады. Сондықтан аймақтық дағдарыстарға тойтарыс берумен бірге Түрік қарулы күштері саяси билік орындарының шешімімен жаһандық бейбітшілікке төнген қауіпке де тойтарыс беруге дайын болуға тиіс.

ӘСКЕРИ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ

Ататүрік жариялаған «Елде тыныштық – жаһанда тыныштық» қағидасын қатаң ұстанатын Түркия Республикасының Қарулы күштері басқыншылық әрекеттерден үзілді-кесілді бас тартады. Бірақ мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне, түрік ұлтының ар-намысына қатер төнген жағдайда әрекет етуге сақадай сай.

НАТО одағының мүшесі ретінде Түркия республикасы өзінің одақтастарына әскери көмек беруге және ғаламдық бейбітшілікті қорғауға қатысуға да дайын. Түркия НАТО елдерімен бірге қорғаныс саласында ынтымақтастық жасасып, қарусыздану және қаруды бақылауға алу бастамаларын қолдайды. Түркия ешбір елдің қауіпсіздігіне нұқсан келмеуі үшін ғаламдық қарусызданудың тиімді бақылау тетіктерін ұйымдастыруға да қолдау көрсетеді.

Көптеген дау-жанжалдарға толы аймақта орналасқан Түркия республикасының Қарулы күштері әскер, әскери теңіз флоты және әскери әуе күштерінен тұрады. Жандармерияның бас басшылығы және Жағалау қорғанысының басшылығы бейбітшілік кезінде ішкі қауіпсіздік қызметтерінің бөлігі ретінде қызмет етеді, ал соғыс кезінде тиісінше құрлық және теңіз күштерінің басшылығына бағынады.

Бас штабтың басшысы әскери күштердің қолбасшысы болып саналады. Соғыс кезінде ол Президенттің атынан Бас қолбасшы қызметін атқарады. Қарулы күштерді басқару, әскерді жабдықтау, дайындау, ұйымдастыру, операциялар, барлау жұмыстарын өткізу — Бас штабтың құзырында. Сонымен бірге түрік Бас штабы Түрік қарулы күштерінің НАТО мүшелерімен және басқа да достас елдермен байланыстар жүргізеді.

ТҮРІК ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ БЕС ТАРМАҚТАН ТҰРАДЫ

Түрік құрлық әскері – дүние жүзіндегі ең үлкен әскерлердің бірі және НАТО мүшелерінің арасында екінші орындағы армия (бірінші орында АҚШ). Түрік әскері қысқа мерзімнің ішінде 50 000 адамдық әскери құраманы бірлескен операция өткізуге жібере алады. Әскер күн-түні бірден алты батальоннан жібере отырып, әуе арқылы шабуыл операцияларын жүргізуге қауқарлы.

Түрік әскери әуе күштері – дүние жүзіндегі ең алғашқы ұйымдастырылған әскери әуе күштерінің бірі. Оның әуе флоты НАТО әскерлерінің ішіндегі ең ірі флот қатарында. Флот тарихында көптеген әуе шебері Түрік әскери әуе күштерінде қызмет еткен. Соның ішінде дүние жүзіндегі ең алғашқы жойғыш ұшақтың ұшқышы Сабиха Гөкчен. Әуеде жанармай толтыру ұшақтарымен жабдықталған ТӘӘК кез келген құрлықта операциялар мен жаттығуларға қатысып, базаларына қайтып келе алады.

Түрік әскери теңіз флоты ғасырлар бойы Жерорта теңізіндегі ең қуатты теңіз күштерінің бірі болып келді. Қосымша кемелерінің көмегімен Түрік әскери теңіз флоты дүние жүзінің кез келген мұхиты немесе теңізінде операциялар мен жаттығулар өткізуге қауқарлы. Сүңгуір қайықтары 15 000 теңіз милясы қашықтығына сапар шегіп, өз тұрақты базаларына қайтып келе алады деседі.

Түрік жандармериясы полиция күштерінің құзырынан тыс аймақтарда заңдылық пен тәртіп сақтаумен айналысады.

Түрік жағалау қорғанысы түрік территориялық суларында заңдылық пен тәртіп сақтауға, қадағалауға жауапты.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚУАТТЫ АРМИЯЛАР ҚАТАРЫНДА

АҚШ-тағы Global FirePower халықаралық корпорациясы жыл сайын әлемдегі ең қуатты армиялардың рейтингісін жариялайды.

Global FirePower-тің дерегінше, өткен жылы әлемдегі ең мықты 13-армия деп танылған Түркия Қарулы күштері биыл 11-орынға көтерілді. Бұл туралы CNN хабарлады. 140 ел қатысатын есепке сәйкес, Түркияда 895 мың әскери қызметші бар.

Агенттік таратқан ақпаратта Түркия әуе күштерінде 615 ұшақ, 195 ұшқышсыз ұшу аппараты, 66 көлік ұшағы, 250 оқу ұшағы, 78 тікұшақ, 56 мың машина, ал құрлық күштерінде 3 045 танк және 11 630 бронды машина бар екені, сонымен қатар әскери-теңіз күштерінің 149 бірлік техникасы бар екендігі айтылды.

Global FirePower мәліметінше, Түркияның қорғаныс бюджеті 17 миллиард 300 миллион долларды құрайды.

Сонымен әлемдегі ең мықты 20 армия рейтингісін АҚШ бастап, Ресей қостап, әрі қарай Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Бразилия жалғап, үздік ондықты Пәкістан түйіндеп тұр. Ал 11-орынға тұрақтаған Түркиядан кейінгі рейтингте Италия, Египет, Иран, Германия, Индонезия, Сауд Арабиясы, Испания, Аустралия және жиырмасыншы болып Израиль жайғасқан.

Зерттеу нәтижесі әскери бөлімдердің саны, қаржылық жағдайы, логистикасы, ұтқырлығы және географиялық орналасуы сияқты көптеген елдердің сипаттамаларына негізделген.

ӘЛЕМДІК ҚОРҒАНЫС ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ҮЗДІК ЖҮЗДІГІНЕ ЕНДІ

Америка Құрама Штаттарында шығатын «Defense News» журналы жариялаған әлемнің ең беделді 100 қорғаныс өнеркәсібінің тізіміне Түркияның 4 компаниясы енді.

Аталған журналда жарияланған қорғаныс өнеркәсібі саудасына негізделіп жасалған 2023 жылдың «Defense News Top 100» тізімінің 47-орнына ASELSAN түрік компаниясы жайғасқан. Былтыр бұл компания осы тізімнің 49-орнында болған. Биылғы тізімде ASELSAN түрік қорғаныс өнеркәсібінің көшін бастап тұр.

Сонымен қатар былтырғы тізімде 67-орында болған TUSAŞ компаниясы биыл 58-орынға, ROKETSAN компаниясы (2022 жылы 86-орында болған) 80-орынға көтерілген.

Тізімге биыл бірінші рет енген кеме жасаумен айналысатын ASFAT әскери зауыты тізімнің үздік жүздігін түйіндеп тұр.

ТҮРКИЯ ӘСКЕРИ ЖАҒЫНАН ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛДЫ

Түркияның қорғаныс өнеркәсібіндегі күшті қадамдары неміс баспасөзінде талқыланды. «Frankfurter Allgemeine» газеті Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің күшеюіне байланысты талдау жасады.

Көптеген ел тарапынан түріктің ұшқышсыз әуе көліктеріне ерекше назар аударылып жатқанын жазған Андреас Михмның сараптамасында:

«Түрік қорғаныс өнеркәсібі бұрынғыдан да табысты. Түркия технологиялық, әскери және экономикалық жағынан державаға айналды», - делінген. 

Мақалада автор «Bayraktar TB2» қарулы ұшқышсыз ұшағына да ерекше тоқталып өткен. Бұл техниканың әртүрлі салада сынақтан сүрінбей өткені баса айтылады.

Жан-жақты талдау мақаласында Түрік қорғаныс өнеркәсібінің тек ұшқышсыз әуе көліктерімен шектелмегені тілге тиек етіліп, Ыстанбұлда өткен Халықаралық қорғаныс өнеркәсібі көрмесіне де назар аударылған.

«Жыл сайын шілде айының соңында сала мамандары көрмеде қару жағынан өздерінің қаншалықты қауқарлы екендіктерін көрсетеді. Бір армияға қажеттінің бәрі назарға ұсынылады», - делінген мақалада.

Сонымен қатар сараптамада биыл Халықаралық қорғаныс өнеркәсібі көрмесіне 1 500 фирманың қатысқаны, оның 800-і шетелдік өнеркәсіп екені жазылған.

ЗІЛЗАЛА ЗАРДАБЫ

Түрік қарулы күштері табиғи апат болғанда көмек жұмыстарын жүргізеді. 1999 жылы Түркияның Мармара аймағындағы Ізміт зілзаласынан кейін көптеген жұмыс атқарған. Түрік әскери әуе күштері төтенше жағдай кезінде дүние жүзінің кез келген аумағына төрт батальондық құрама жіберіп көмектесе алатынын хабарлаған.

Алайда «апат айтып келмейді» дегендей, 2023 жылы бұл елдің бірнеше аймағында болған зілзала жер шарындағы «ғасыр трагедиясы» деп танылып, Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарына әлем елдері көмек қолын созды.

ВВС дерегінше, Түркиядағы жер сілкінісі 34,2 миллиард доллар шығын келтірген. Қалпына келтіру шығындары бұл көрсеткішті екі есеге арттыруы мүмкін екені мәлім болды. Ал экономикалық бұзылуларға байланысты ЖІӨ шығындары жер сілкінісінің құнын одан әрі арттырады делінген.

Зілзаладан ондаған мың адам көз жұмып, бірқатар қалалар мен елдімекендер қирады. Залалдың 81 пайызы Хатай, Кахраманмараш, Газиантеп, Малатия және Адияманда болған.

Global Fast post-Disaster Damage Estimate (GRADE) есебінде ғимараттардың орташа және ауыр зақымдануына немесе толығымен құлауына байланысты 1,25 миллион адам уақытша баспанасыз қалған.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, тұрғын үйлерге келтірілген зиян жалпы шығынның 53 пайызын (18 миллиард доллар) құраған. Жалпы шығынның 28 пайызы (9,7 миллиард доллар) – денсаулық сақтау мекемелері, мектептер, қоғамдық ғимараттар және жеке сектор ғимараттары сияқты нысандар. Шығынның шамамен 19 пайызы (6,4 миллиард доллар) жолдар, электр және сумен жабдықтау сияқты инфрақұрылым нысандарына келтірілген. Есептегі залалды бағалау қалпына келтіру шығындарын қамтымайды.

Дүниежүзілік банк бұл зерттеулердің экономикалық салдары мен шығындары кеңірек болуы мүмкін екенін ескертті.

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия бойынша 6,5 млн тұрғын үйді қайта салу жоспарда бар екенін айтты. Бұл туралы TRT ақпарат агенттігі хабарлады.

«Қала келбетін өзгерту» аясында жаппай іргетас қалау рәсіміне президенттік кешеннен тікелей байланыс арқылы қатысқан Ердоған өз сөзінде 6 ақпанда Кахраманмараш жер сілкінісінде зардап шеккен уәлаяттарда алғашқы жыл 319 мың тұрғын үй салу жоспарланғанын мәлім етті.

«Осылайша, біз әрбір қаламызда ғасырлар бойы қалатын орталық жасаймыз. Жер сілкінісінен қираған қалаларымызды инфрақұрылымы жағынан бұрынғыдан да керемет, берік және кеңірек етіп саламыз», - деді Ердоған.

Сонымен қатар Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларда қала алаңдарын үкіметтің салатынын жеткізді.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4