Заң салтанат құрған қоғамда тынышытық пен береке, мамыражай заман орнайды
Әскери прокуратура органдары – әскердегі құқықтық тәртіп пен заңдылықтың сақталуын, мемлекеттегі құқықтық тұрақтылықты, азаматтардың кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қадағалайтын мемлекеттік орган болып саналады, сондай-ақ мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Еліміз егемендік алған сәттен бастап, әскери прокуратура органдарында қалыптасқан барлық дәстүрлерді сақтап, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және жоғары тәжірибелік біліктіліктің арқасында прокуратура органдарының профилактикалық және қадағалау қызметіне жаңа идеяларды енгізу негізгі міндеттердің бірі болып саналады.
Адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңсыз іс-әрекеттен немесе мемлекеттік қызметшілердің әрекетсіздігінен қорғау – саяси және әлеуметтік маңызды міндет.
«Әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы қатаң сақтау Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығы мен әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Дәл осы қағидаттар әскери прокурорлардың қызметіне негізделеді. Анықталған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы әскери қызметшілердің, оның ішінде әскери қызметтен босатылған тұлғалардың заңды құқықтарын қорғауға қатысты белсенді жұмыс жүргізуде.
Нақтырақ айтқанда, әскери прокуратураның енгізген қадағалау актілері бойынша 50 млн теңгеден аса ақшалай жәрдемақыларды, тұрғын үй өтемақыларды және зейнетақы төлемдерін төлеу арқылы көптеген әскери қызметшілердің құқықтары қорғалып, осындай заңсыздыққа жол берген кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды», - дейді Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры Бақытжан Нұрмаханбетов.
АРЫСТАҒЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚҰҚЫНЫҢ ҚОРҒАЛУЫ
Одан бөлек, Арыс гарнизонында орналасқан әскери қалашықтың тұрғындарына (барлығы 592 азамат) суға арналған коммуналдық қызметтерді жоғарылатылған баға бойынша негізсіз есептеу фактісі анықталып, өз кезегінде, бұл әскери қалашықтағы тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Бұл ретте, лауазымды тұлғалар коммуналдық қызметтердің тарифтерін жеке тұлғаларға бекітілген стандарттарға сәйкестендірудің орнына, әскери қалашықтағы тұрғындардан заңды тұлға ретінде есептеп, төлемдерді алып отыруға шешім қабылдаған, осылайша тұрғындардың конституциялық құқықтарына нұқсан келген.
Осы мәселе әскери прокуратурасының араласуынан соң ғана Арыс қаласы әкімінің және уәкілетті органдардың қатысуында жиналыс өткізіліп, онда су есептегіштерді орнатқаннан кейін коммуналдық қызметтерді төмендету жөнінде оң шешім қабылданды.
КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫНЫҢ ҚОРҒАЛУЫ
Сонымен қатар, әскери прокуратура өңірдің ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкелер мен бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғауға да ерекше назар аударады.
Осы мақсатта, гарнизонның аумағында өз қызметін жүзеге асыратын «Кәсіпкерлердің чаты» құрылды. Құрылған «Кәсіпкерлер чаты» өзінің оң нәтижесін берді, қадағалау актілерімен мемлекеттік сатып алу бойынша енгізген қамсыздандырулары қайтарылмаған 3 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлі тұлғалар жауаптылыққа тартылды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, погондағы адамдар мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленуі керек, сондықтан бұл бағыттағы күш-жігерді жалғастыру маңызды. Жоғарыда аталған мәселелерді әрі қарай жүйелі түрде дамыту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқытарын қорғау және қалпына келтіру жөніндегі жедел шараларды жүзеге асыру, мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға және әскери қызметтің беделін көтеруге мүмкіндік береді.
«Заң салтанат құрған қоғамда тынышытық пен береке, мамыражай заман орнайды. Біздің басты міндет Конституцияда көрсетілгендей, Заңның орындалуын қадағалау, мемлекет мүддесін қорғау. Ел игілігінен жеке басының мүддесінен биік көретін кейбір надандар ел тұрмақ мемлекетке қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатады. Сол үшін өз қызметімізде қырағы, үздіксіз білім жетілдіруге ұмтылуымыз қажет. Ата заңға қызмет ету деген терең ұғым екенін әрбіріміз түсініп келеміз.
Ғасырлар тоғысында түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегінде елдіктің арқасында бір ел, бір халық болып топтастық. Мұның өзі біздің Ата Заңда барлық адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктің барлығы қамтылғанының көрсеткіші.
Бүгінгі уақыттағы конституциялық нормалар – Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін даму мен жаңғырудың негізі!» - дейді Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры.