«Біз шайтанның ісін істедік»: «Оппенгеймер» фильмі қоғамға қандай ой салды

Ядролық қарудың зардабы, адамзатқа тигізген қасіреті

Ұлас Үсенбай
14/08/2023 - 17:53

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Кристофер Ноланның адамзат тарихындағы ең көрнекті физиктердің бірі «атом бомбасының әкесі» Роберт Оппенгеймердің тікелей биографиясына негізделген «Оппенгеймер» атты үлкен кино картинасы осы жаздың ең үздік кино туындыларының бірі болды. Фильм Кай Берд пен Мартин Шервиннің «Америкалық Прометей: Дж. Роберт Оппенгеймер» тарихи романына негізделіп түсілген. Сонымен фильмнің ерекшелігі неде? Sarbaz.kz тілшісі атом бомбасы жайлы мәліметтерге тоқталып өтпек.

Атом бомбасының жасалу тарихы мен дамуы туралы айтылатын бұл фильмді британиялық режиссердің ең үздік фильмдерінің біріне жатқызуға болады. Сондай-ақ үш сағатқа созыған туынды талантты физик Оппенгеймердің тұтас болмысын ашып қана қоймай, Жапонияға ғасырлық қасірет алып келген атом бомбасын ойлап табудағы америкалық ғалымдардың еңбегі қоса баяндалады. Оппенгеймер – бұл жай ғана фильм емес. Бұл көрерменге терең әсер ететін идеялар мен тақырыптардың тоғысқан жарылысы. Сәйкесінше фильм көрермендерге ядролық қарудың зардабын, адамзатқа қасіретін көрсетті.

Иә, ғалымның өнертабысы АҚШ, Жапониядан бөлек, соғыстан кейін Қазақстанға да үлкен әсерін тигізді. Совет билігі де қазақ жерінде атом, сутек бомбасын жарып, ядролық сынақ жүргізді.

Бәрімізге белгілі, атом бомбасын ең алғаш 1945 жылы АҚШ мемлекеті әлемге кандай ел екенін көрсету үшін ойлап тапқан. Оның сол кезеңдегі басты бәсекелесі КСРО үкіметі оларға жауап ретінде 4 жылдан кейін атом бомбасын жасады. Бұл Сталиннің кезінде жүзеге асты. Совет одағының алғашқы атом бомбасы «РДС-1» (*реактивті арнайы қозғалтқыш) деп аталды. Оны Игорь Курчатов жасап шығарған. Ол Семей полигонына 1949-1955 жылдары жетекшілік еткен, советтік «атом бомбасының атасы» деп саналады. 1949 жылы 29 тамызда Совет одағы Семей полигонында алғашқы ядролық қару сынағын өткізді. Жергілікті уақытпен таңғы сағат 7-де болған жарылыс қуаты 22 килотонна болды. Ресми дерек бойынша, Семей полигонындағы ядролық сынақтан 1,5 миллионнан аса адам зардап шеккен. Семей полигонында болған барлық жарылыстың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 1200 есе жойқын болған.

Бұл фильмді көргеннен кейін, көрермен қауым адам баласы жер бетіндегі ең қауіпті тіршілік иелері екенін, сондай-ақ олар миллиондаған немесе миллиардтаған адам өмірін жалмайтын әдіс ойлап тапқанын түсінгендей.

Атом бомбасын жасаған Оппенгеймер деген кім?

Юлиус Роберт Оппенгеймер мата импортымен айналысатын германиялық еврей иммигранттар отбасында 1904 жылы Нью Йоркте дүниеге келген. Ол Харвард университетін небәрі үш жылда үздік бітіріп, Кембридж және Германиядағы Готиңген университеттерінде теориялық физиканы қатар оқып, 23 жасында доктор дәрежесін алады.

Жас физик көп ұзамай өз заманының айтулы ғалымдарымен иық теңестірді. Ол академиялық жұмыстарында кванттық теорияны дамытып, нейтроннан қара құрдымға дейінгінің бәрін болжайды. Ғылымнан тыс санскрит тілін оқып, дінді зерттейді. Көптеген прогрессивті қозғалыстарға қосылып, білімқұмар ізденуші болды.

Оның көптеген ғалымдардан айырмашылығы балалық шағы, мектеп жасындағы қызығушылығы мүлдем басқа болды. Ол ағылшын және француз әдебиеттерін жақсы көрді. Сонымен бірге минералогияға қатты қызығушылық танытты. Орта мектепте болашақ ғалым химияға қызығушылық танытып, оны Харвард университетінде оқуды жалғастырды. Тек студенттік жылдарында физика оның негізгі кәсібіне айналды.

1941 жылы Америка Құрама Штаттары одақтастарға қосылғаннан кейін Оппенгеймерден атом қаруын жасауды көздейтін өте құпия Манхэттен жобасына қатысуды сұрады. Ол ядролық жарылыс жасау үшін қажетті нейтрондық тізбекті реакцияны тудырып, ұстап тұратын не екенін анықтауға тырысады. 1942 жылы АҚШ армиясы Оппенгеймерді бомбалар сыналатын құпия зертхананы басқаруға шақырды. 1945 жылы 16 шілдеде Нью-Мексикодағы полигонда әлемдегі алғашқы атом бомбасы жарылған кезде Манхэттен жобасы сәтті болды.

Осы бірінші сынақ барысында Оппенгеймер ядролық жарылысқа қарап отырып, үнділердің қасиетті гимндерінің жинағы «Бхагавад Гитадан»: «Мен дүниелерді жоюшы Ажал болдым» деген жолдарын айтқан екен. 

АҚШ 1945 жылы 6 және 9 тамызда Оппенгеймер жасауға атсалысқан екі бомбаны Хиросима мен Нагасакиге тастайды. Атомдық бомба қаладан 600 метр биіктікте жарылғандығына қарамастан, Жапония қаласының 60 пайызын жойып жіберген екен. Тіпті үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қаланың 150 мыңға жуығы сол күні-ақ мерт болған. Ал екінші рет, Нагасакидегі жарылыстан 70 мың адам қайтыс болып, тұрғын үйлердің 36 пайызы қираған. Нагасаки бұрын бомбаланған Хиросимаға қарағанда аз зардап шеккен деседі. Жапониядағы жарылыстардан кейін Оппенгеймер «Біз шайтанның ісін істедік» деген екен.

Сондай-ақ Оппенгеймер Жапонияға тезірек бомба тастауды Соғыс департаментіне ұсынған ғылыми комитетте қызмет етті. Физиктер өздерінің жетістігіне масаттанғанымен, шабуылда бейбіт тұрғындардың зардап шеккеніне алаңдап, қару болашақта соғыстардың алдын алудың орнына, көп зардабын тигізеді ме деп қорықты. Жарылыстан кейін бірнеше аптадан соң Оппенгеймер соғыс министріне хат жазып, «ұлттың қауіпсіздігі… бірінші кезекте не толықтай ғылыми немесе техникалық қауқарына тәуелді болмауы керек. Ол тек болашақта соғыстарды болдырмауға ғана негізделе алады», – деп ескерткен.

Осылайша, ғалым ядролық қаруды тек бейбіт мақсатта пайдалануға қол жеткізе алмай 1967 жылы ақпанда қайтыс болады. Әлемге қауіп төндіретін атом ядролық қаруының салдарынан табиғат ластанып, шырайлы жердің тоз-тозын шығарып, ең негізгісі қарапайым адамдар қатерлі ісік пен түрлі ауруға шалдығып, зардабын әлі күнге дейін көріп келеді. Оппенгеймер «атом бомбасының атасы» ретінде тарихқа енді.

Сөз соңында айта кетеріміз, осы фильмнен интернет беттерінде атом бомбасы, Семей полигоны жайлы іздеулер көбейген. Ал YouTube желісінде ядролық полигон жайлы деректі фильмдердің бірінің қаралымы 3 млн-нан асып кеткен.

Тегтер

×

Редакция

$ 482.86  533.17  5.08