Түркиядағы зілзала жер осін жылжытты ма?

Ердоған Түркия бойынша 6,5 млн тұрғын үйді қайта салу жоспарда бар екенін айтты

Нұрдәулет Кәкіш
11/08/2023 - 21:44

Кахраманмараштағы зілзаладан кейін Түркияның басқа да өңірлерінің сейсмикалық белсенділігі күшейді ме? Тарихи қала Кахраманмараштың алдағы жағдайы қалай болмақ? Sarbaz.kz тілшісі мәселені анықтап көрмек.

Биыл 6 ақпанда басталған Түркияның бірнеше өңіріндегі жер сілкінісі «ғасырдың ең үлкен зілзаласы» саналды. Әсіресе, зілзала тұрғысынан өте қауіпсіз жер саналатын Конияда жуырда болған 5 баллдық жер сілкінісін сарапшылар «күтпеген апат» деп бағалады.

«Мұны біз осылай болады деп күтпедік. Бірақ алаңдауға негіз жоқ», - деді Анкара университетінің геофизикалық инженерия кафедрасының меңгерушісі, профессор, жер сілкінісі жөніндегі сарапшы Бюлент Кайпак Elbistanolay ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Бірнеше ғасырдан бері Кония сейсмикалық жағынан тыныш аймақ қатарына жатқызылған. Сондықтан да ғалымдар үшін бұл таңқаларлық жағдай болып отыр.

«Кахраманмараш жер сілкінісінен кейін Түркияда жер сілкінісінің таралуы өсті. Жер құрылымында өзгерістер пайда болды», - деді Кайпак.

Профессордың сөзінше, 6 ақпаннан бастап Кахраманмарашта ірілі-ұсақты 45 мың жер сілкінісі тіркелген.

«Егер біз Мараш жер сілкінісіне дейін және 6 ақпаннан кейін жер сілкінісінің таралуын қарастырсақ, Түркияның әртүрлі аймақтарындағы белсенділіктің артқанын көреміз. Бұл жер құрылымында кейбір өзгерістер болғанын білдіреді. Себебі үлкен жер сілкінісі, мысалы, тоғыз балл тіпті жер осін жылжытуы мүмкін. Осылайша, бұл орасан зор энергия басқа нүктелерде жиналып, кернеудің таралу энергиясының берілуін тудыруы мүмкін. Бұл кейінгі кезеңдерде осы аймақтарда үзілістерге әкеледі. Олар жер қыртысында энергия жиналған кезде әлсіз жерлерінде оңай ыдырайды. Бұл іс жүзінде дүмпу болуы мүмкін аудандар. Яғни, бұл – келесі жер сілкінісі болуы мүмкін ықтимал аймақтар», - деді доктор Кайпак.

Кайпактың айтуынша, үлкен жер сілкінісі басқа аймақта энергияның жиналуына әкелуі мүмкін. Бұл болашақта ол жерде жарылыстарға ұласуы ғажап емес. Дегенмен ол бұл тұрғыда әлі де көптеген белгісіз жайттың бар екенін атап өтті. Профессор Бюлент Кайпак түпкілікті қорытындыға келу үшін алдымен Кахраманмараштағы жер сілкіністерін тоқтату керектігін, содан кейін бірнеше жылға созылатын ғылыми зерттеулер арқылы қорытынды жасау қажет екенін алға тартты.

«Кахраманмараштағы жер сілкіністерінен кейін, мысалы, Қара теңіздегі Самсун жағалауында жер сілкінісі басталды. Бұл жақта бұрын дүмпу өте сирек болды. Бірақ Кахраманмараштағы жер сілкіністерінен кейін Қара теңіздегі Самсун жағалауында болған дүмпу аздап күдік тудырды. Өйткені бұл жер сілкінісінде орасан зор энергия болған және әлі де бар. Кахраманмараш Түркияның сейсмикасына әсер етті ме деп ойлаймын. Геодинамика оның құрылымын өзгертті ме деген сұрақ та туындауы мүмкін. Біз мұны тек кейінгі зерттеу жұмыстары арқылы ғана аша аламыз», - деді Бюлент.

Айта кетсек, Түркиядағы зілзаладан ондаған мың адам көз жұмып, бірқатар қалалар мен елдімекендер қираған болатын. Бұл ретте Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия бойынша 6,5 млн тұрғын үйді қайта салу жоспарда бар екенін айтты. Бұл туралы TRT ақпарат агенттігі хабарлады.

«Қала келбетін өзгерту» аясында жаппай іргетас қалау рәсіміне президенттік кешеннен тікелей байланыс арқылы қатысқан Ердоған өз сөзінде 6 ақпанда Кахраманмараш жер сілкінісінде зардап шеккен уәлаяттарда алғашқы жыл 319 мың тұрғын үй салу жоспарланғанын мәлім етті. Сонымен қатар Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларда қала алаңдарын үкіметтің салатынын жеткізді.

«Осылайша, біз әрбір қаламызда ғасырлар бойы қалатын орталық жасаймыз. Жер сілкінісінен қираған қалаларымызды инфрақұрылымы жағынан бұрынғыдан да керемет, берік және кеңірек етіп саламыз», - деді Ердоған.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85