НАТО-ға қабылданса, Финляндия мен Швецияның армиясында қандай өзгеріс болады?

Әскери одаққа қос елдің қосылуы тиімді ме?

Нұрдәулет Кәкіш
11/08/2023 - 21:25

Швеция мен Финляндия НАТО-ға толыққанды мүше болып қосылса, екі елдің армиясында қандай өзгеріс болуы мүмкін? Бұл елдердің мүшелікке қабылдануы НАТО үшін қаншалықты тиімді? Sarbaz.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрді.

АҚШ Сенаты Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы өтінімдерін қабылдайтын қарарды қабылдады, деп хабарлады nbcnews сайты.

100 сенатордың 95-і аталған екі елдің НАТО-ға қосылуын жақтап дауыс берген, тек біреуі қарсы болған. Келісімді алу үшін 67 дауыс жеткілікті.

«Енді НАТО-ға мүше барлық 30 ел өтінімдерді қабылдауы керек. Содан кейін ғана Финляндия мен Швеция мүшелікке толыққанды өте алады.

3 тамызда АҚШ сенаты НАТО-ның кеңеюіне қатысты қарарды мақұлдады. Қарарды қажетті шекті 67 дауыспен 95 сенатор қолдады. Бір ғана сенатор қарсы болды», деп хабарлайды nbcnews.

АҚШ президенті Джо Байден Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы жөнінде хаттамаларды ратификациялау туралы қарарды мақұлдаған cенаттың шешімін құптап, альянсты кеңейту үшін қажетті құжаттарға қол қоюға дайын екенін білдірді.

«Қосылу туралы хаттамаларға қол қою мүмкіндігін асыға күтіп жүрмін әрі Швеция мен Финляндияны өте қабілетті әскери күштері бар екі күшті демократияны тарихтағы ең ұлы қорғаныс одағының қатарына қарсы аламын», - деді Джо Байден.

Америка Құрама Штаттарының президенті сенаттағы дауыс беруді «тарихи жағдай» деп атап, конгрессмендерге осы мәселеге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

«АҚШ Швеция мен Финляндияның қауіпсіздігін қолдайды. Біз бірлескен қауіпсіздігімізге төнетін кез келген қауіп-қатерге қарсы бірлесе қырағылық таныта береміз», - деді Джо Байден.

Ресей тарапы НАТО-ның текетіресуді мақсат етіп отырғанын бірнеше рет атап өтті. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков альянстың одан әрі кеңеюі Еуропаға үлкен қауіпсіздік әкелмейтінін, НАТО агрессивті сипатқа ие болатынын айтты.

Сондай-ақ ол Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіру мүмкіндігін Ресей үшін экзистенциалды қауіп деп санамайтынын атап өтті.

Естеріңізге салсақ, 2022 жылдың мамырында Швеция мен Финляндия НАТО-ға қосылуға өтініш берген болатын. Екі ел үшін де бұл ондаған жылдар бойы ұстанған әскери бейтараптық саясатынан бас тартуды білдірді. Бұл мемлекеттердің сыртқы саясатының бұлай өзгеруіне 2022 жылдың 24 ақпанында Ресейдің Украинадағы арнайы операцияны бастауы себеп болған. Осы мемлекеттер азаматтарының пікірінше, бейтараптық енді шабуыл жасамаудың кепілі бола алмайды.

Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымы 1949 жылы Еуропаны КСРО тарапынан қауіп-қатерден қорғау үшін құрылған болатын.

Финляндияның НАТО-ға кіруі 2023 жылдың 4 сәуірінде өтті. Ресей мен Финляндия арасындағы құрлық шекарасы шамамен 1300 шақырымды құрайтындықтан, Финляндия НАТО-ға қосылғаннан кейін Ресей мен Солтүстік Атлантикалық Альянс мүшелері арасындағы құрлық шекарасының ұзындығы екі есеге өсті.

Ал Швецияның альянсқа мүше болуын отыз одақтас елдің ішінде Түркия мен Венгрия ғана қолдай қоймады.

Түркияның Швециядағы елшілігінің алдында ереуілшілердің Құран кітапты өртегені түріктердің қарсы болуына басты себеп болды. Сол үшін Анкара Швеция билігін айыптады. Енді НАТО-ға қосылу бойынша шведтерді түріктердің қолдай қоюы екіталай.

Швеция мен Финляндияның армиясы НАТО-ға мүше болған соң қандай айырмашылық немесе артықшылық болуы мүмкін? Негізінен бұл елдер НАТО-мен бұрыннан байланыс орнатқан. Бұған 1994 жылдан бастап НАТО-ның Бейбітшілік үшін әріптестік бағдарламасына және жиырма жыл бұрын әріптестердің мүмкіндігін кеңейту келісімдеріне қосылғаны ықпал етті. Бұл екі құрылым әскери ұйыммен терең әріптестікке мүмкіндік беріп отыр. Екі ел бүгінде НАТО-мен бірлескен әскери жаттығу өтікізіп тұрады. Балқан түбегінің батысы мен Ауғанстанда НАТО-ның жетекшілігімен жұмыс істеген. Ал ақпанда Ресей мен Украина арасында қырғи-қабақтан соң Финляндия министрлері мен дипломаттары НАТО кездесулеріне қатыса бастады.

Екі елдің мүше болуынан НАТО-ның да ұтары бар. Финляндияда 280 мыңнан аса сарбаз бар және әскери уақытта жұмылдыруға болатын 900 мыңнан астам адам резервте тұр. Бұл – НАТО үшін ең ірі күштердің бірі болмақ. Әскери теңіз күштеріне ірі қару-жарақ және жаңа F-35 ұшағын жеткізуді ескерсек, Финляндия биыл қорғанысқа бөлінетін ақшаны ішкі жалпы өнімнің екі пайызына жеткізбек. НАТО белгілеген бұл межеге альянстың қазіргі мүшелерінің тек үштен бірі жеткен.

Швеция да армияға бөлетін ақшаны көбейтіп, бірнеше жылдың ішінде ішкі жалпы өнімнің екі пайызына жеткізетінін жариялады. Яғни, сол кезде қазір 24 мыңнан асатын қарулы күштерінің құрамы артуы мүмкін. Швецияда қару-жарақ өндірісінің айналымы жылына 3,5 миллиард еуроға жетеді. Бұл ел қазіргі заманғы зеңбірек, зенит қаруы, JAS әскери ұшағын өндіреді. Әскери одаққа Финляндия мен Швецияның Nokia және Ericsson сынды технологиялық алыптары да тартымды болып отырғанын айтты.

НАТО құжатының 5-бабында айтылғандай, одаққа мүше елдер альянс мүшелеріне ғана өзара көмек көрсете алады. Бұл Ресеймен 1300 шақырым ортақ шекарасы бар Швеция мен Финляндияны ресми мүше болғанға дейінгі аралықтағы қауіпсіздігіне алаңдатып қойды.

Екі ел 1994 жылы Еуроодаққа мүше болу жайлы референдум өткізген. Бірақ осы жолы оларға мәселенің жылдам шешілгені керек. Финляндия дипломаттары референдум болып, жария дебаттар мен қажетті шаралар өткізген жағдайда «жүйеге сырттан араласатындар табылады» дейді. Швециядағы қоғамдық пікір жайлы сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы плебисцитке қарсы болған.

Екі елде де билікте отырған социал-демократтар НАТО-ға мүше болуды қолдайды. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, финдер мен шведтердің үштен екісі елдің НАТО-ға мүше болғанына қарсы емес.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85