Ресей шабуыл жасаса, Қазақстанға кімдер жақтасады?
Украинамен соғыс аяқталған соң Ресей Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көз алартуы мүмкін бе? Ондай жағдайда Қазақстанға кімдер жақтасады? Қазақтарды елдің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге көшіру жобасы қаншалықты нәтижелі болды? Солтүстік өңірлердегі қазақ ұлтының үлесі қазір қанша пайызды құрайды? Осы және басқа да тақырып тұрғысында толығырақ Sarbaz.kz порталында.
«Путин режиміне сенім жоқ»
Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі РФ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Ресейдің Украинадан кейінгі нысанасы Қазақстан» деген сыңайдағы жариялана сала, көп ұзамай өшірілген жазбасы қоғамды едәуір елеңдетті. Оған дейін де, кейін де мұндай сарындағы сөздер Ресейдің шенеуніктерінің аузынан әрекідік естілген-ді.
Бұлай болуы мүмкін бе? Бұған қатысты отандық және шетелдік сарапшылардың ой-пікірі әртүрлі. Олардың бірі Ресей мен Қазақстанның достығын алға тартып, экономикалық одақтас елдердің жанжалдасуы мүмкін емес десе, енді бірі бауырлас елге соққы жасаған Путин режиміне мүлде сенім жоқ екенін айтады.
Оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы нәтижелі болды ма?
Басқасын айтпағанда, Ресейдің қазақ жеріне шүйлігуінің бірден-бір себебі Қазақстанды мекен орыс ұлтының солтүстік өңірлердегі үлес салмағының басым болуында. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы қазақтар болса, 15 пайыздан астам орыс ұлтының өкілдері сан жағынан екінші орында тұр. Яғни олардың қазақ еліндегі саны 3 миллионды құрап отыр. Соның ішінде 3 қалада олардың саны 100 мыңнан асады. Мысалы, Петропавлды мекендеген орыстар қала тұрғындарының 53,6 пайызына (Теміртау 43,34%, Рудный 44,8%) тең деседі.
Бұл ретте жергілікті қазақтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы нәтиже бермеген көрінеді. Үкімет сағатында Сенат төрағасы осы бағдарламаға қаиысы сын айтты.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келеді. Ал солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдары халық саны Солтүстік Қазақстан облысында - 22, Павлодарда - 6 және Қостанай облысында 8 пайызға азайған. Сенат төрағасы бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күткен нәтиже бермегенін айтты. Осы орайда Мәулен Әшімбаев қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заңда еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру шаралары қарастырылуы қажет екенін атап өтті.
«Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасауына үш фактор түрткі болуы мүмкін»
Америкалық сарапшы Пол Гобль Jamestown Foundation сайтында жарияланған мақалада Қазақстан Украинадан кейінгі Кремльдің әскери агрессиясының келесі нысанасы болуы мүмкін екенін талдады.
Мәскеу мен Астана арасындағы қарым-қатынас Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі даулы жазбасынан кейін екі ел қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деп санайды Гобль.
«Жазбада Қазақстан «жасанды мемлекет» және «бұрынғы орыс жерлері» деп аталды. Медведевтің аккаунтындағы хабарлама тез арада жойылып, аккаунттың бұзылғаны туралы мәлімдеді. Бірақ ресейлік комментаторлардың көпшілігі бұл хабарлама Кремльдегі көптеген адамның көзқарасын білдіретінін мойындады. Нәтижесінде, Кремль сарапшыларының көбісі Қазақстан Ресей президенті Владимир Путиннің келесі мақсаты болуы мүмкін деп санайды. Егер ол бірден болмаса да, өздері сенетін Украинадағы жеңістен кейін болуы мүмкін», - деп жазды Пол Гобль.
Автордың сөзінше, Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасауына үш фактор түрткі болуы мүмкін. Біріншіден, Мәскеудің пікірінше, Қазақстан Украинаның жолымен жүреді және Батыстың ықпалында. Екіншіден, Қазақстанның Ресейден ажырауы Кремльдің Орталық Азиядағы ықпалының әлсіреп, Қытай мен Батыстың ықпалының күшейе түсуіне әкелуі мүмкін. Үшіншіден, Мәскеудің әрекетсіздігі кезінде Қазақстан солтүстікке исламистік экспансия үшін көпір бола алады деген пікірлер бар.
«Қазақстанды Украинаның жеңісі емес, Ресейдің ыдырауы құтқарады»
Карнеги қорының сайтындағы мақалада Орталық Азия зерттеушісі Тимур Омаров та Кремль Украинадан кейін Қазақстанға көз алартуы мүмкін деген ой білдірген. Ал Eurasianet ағылшын тіліндегі сайтындағы мақалада американдық Atlantic Council орталығының зерттеушілері Джо Уэбстер мен Пэдди Райан Ресей 2022 жылдың басында Каспий құбыр консорциумының жұмысын бірнеше рет тоқтатқанын еске салады. Бұл арқылы Қазақстан өз мұнайының көп үлесін шетелге жібереді.
«Бейжіңге Мәскеудің қазақстандық мұнай экспортын бірнеше рет бұғаттауы ұнамайды», - деп жазған авторлар.
КСРО КГБ сыртқы барлаудың элиталық құрамында жұмыс істеген бұрынғы барлаушы, халықаралық экономист, бұрынғы КСРО елдерінің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі маманы Сергей Жирнов Қазақстанды Ресейдің шабуылынан құтқаратын Украинаның жеңісі емес, Ресей Федерациясының ыдырауы екенін айтады.
Оның айтуынша, Путинге Украинаға қарағанда Қазақстанды жаулап алу аса қиынға соқпас еді. Алайда оның Украинамен жеке мәселесі болған. Яғни Украинаға шабуыл жасауына 2004 жылғы жағдай түрткі болыпты-мыс. Сол жылы Путин Украинаға барып, елдің президенті ретінде Януковичті отырғызбақ болған. Бірақ онда майдан ұйымдастырылып, президенттік таққа еуропашыл Ющенко жайғасқан. Осы жағдай Путиннің ашуын туғызған деседі. 2014 жылдардағы майданнан кейін 8 жыл үзілістен кейінгі соғыста Путиннің Украинаны бірден басып ала алмауының себебін Жирнов орыстілді және орыстілді емес украиналықтардың бірігуімен түсіндірді.
«Егер Ресей Федерациясы кейбір квазимемлекеттік құрылымдарды мойындайтын болса, онда Путиннің Ресей Федерациясының күйреуіне жол бермейтін дәлелдері жоқ. Мысалы, неге Якутияның Тәуелсіздігін мойындамасқа? Өйткені Федерация құрамындағы барлық автономиялық республикалар мемлекет болып саналады. Ресей Федерациясы Конституциясының бесінші бабында республикалардың мемлекеттер екені ашық жазылған. Өйткені оларда егеменді мемлекеттің барлық атрибуттары бар – территория, конституция, тіл, тарих, басқару органдары, Ту және Елтаңба. Ең бастысы, егер Луганск пен Донецкті Сирия, Венесуэла және кейбір аралдардан басқа ешкім мойындамаса, онда Ресей Федерациясының барлық автономиялық республикаларын тәуелсіздігін жарияласа, БҰҰ дереу мойындайды. Өйткені ол жергілікті жұртшылық туралы халықаралық конвенцияны, тәуелсіз елдердегі өмір салтын басшылыққа алады. Бірақ Луганск пен Донецк бұл конвенцияға жатпайды, өйткені ешқандай байырғы халық (Луганск немесе Донецк ұлты, этнос) жоқ. Ал Ресей Федерациясының құрамындағы 21 автономиялық республиканың кез келгенінің этникалық-мәдени және тарихи құндылықтары бар», - деді Сергей Жирнов exclusive басылымына берген сұхбатында.
Есеріңізге салсақ, бұған дейін Ресей мен Украина соғысында қос елді кімдердің қолдайтыны туралы жазған болатынбыз. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның басына күн туса, Түркия және Қытай қолдау көрсетеді. Қайғылы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ретінде елімізге кіргізілген Ресейдің әскері Бейжіңнің ықпалымен қайтарылған деседі. Бұл туралы Сергей Жирнов exclusive басылымына берген сұхбатында атап өтті.
«Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға мәжбүр болуы мүмкін»
Саясаттану профессоры Полин Джонс жақында CDDRL және TEC бірлесіп ұйымдастырған Reds семинарында сөйлеген сөзінде Украинадағы Ресейдің жаңарған агрессиясы Мәскеудің Еуразиялық көршілерімен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін зерттеді.
Ресейдің Украинадағы басқыншылығы Мәскеудің Еуразиялық көршілерімен қарым-қатынасына қалай әсер еткенін зерттеген Мичиган университетінің саясаттану профессоры Полин Джонс таяуда CDDRL және Еуропалық орталық (TEC) бірлесіп ұйымдастырған Reds семинарлар сериясында өзінің зерттеу қорытындысын жариялады. Қоғамдық пікірді талдауға негізделген зерттеу қорытындысы бойынша, қазақстандықтар отанын агрессияшыл Ресеймен байланыстыратын елмен ынтымақтастықты жалғастыруды қолдамайтыны айқындалған.
Мичиган университетінің саясаттану профессоры Полин Джонс Қазақстан жұртшылығының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатынасын зерттеу жұмысын Индиана университетінің профессоры Регина Смитпен бірлесіп жүргізген. Зерттеу негізінен қазақстандықтардың Ресей құрған, Еуразиялық елдерден құралған ұжымдық қорғанысқа бағытталған, алайда негізінен аймақтық ішкі қақтығыстардың салдарын азайту бағытында жұмыс істеп отырған қауіпсіздік ұйымы ҰҚШҰ-ға көзқарасын айқындауға арналған.
Джонс зерттеуге дәл Қазақстанды таңдап алғанын бұл елдің ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасында ірі ел ретінде маңызды рөл ойнайтынымен түсіндірді.
Зерттеу қазақстандық жұртшылықтың ҰҚШҰ-ға қатысты көзқарасын бағалау үшін тікелей сауалнамаға және экспериментке негізделген. Сауалнамаға қатысқандардан олар «Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты ұйымдастыруға қатысуын мақұлдай ма?» деген сұрапты. Тізім экспериментінде қатысушыларға саяси шаралар тізімі ұсынылып және олардың қаншасымен келісетіні сұралған.
Зерттеу қорытындысына негізделген баяндамасында профессор Джонс бірнеше негізгі тұжырымға тоқталды. Біріншіден, Қазақстанда халық тарапынан ҰҚШҰ-ны қолдау көрсеткіші әлсіз. Екіншіден, этникалық қазақтар арасынан шыққан респонденттер ҰҚШҰ-ны қолдамайтындықтарын айтқан. Сонымен бірге, ҰҚШҰ қолдамайтындар негізінен Украинадағы соғысты қазіргі күнтәртібіндегі маңызды мәселе деп санайтындар болған.
Зерттеуші алдағы уақытта қоғамдық пікір тұрғысында қысымға ұшырап, ел талабына құлақ асуға мәжбүр болатын Қазақстан Үкіметі ҰҚШҰ-ға және тұтастай Ресейге қатысты өз саясатын өзгертуі мүмкін деп мәлімдеді.