Еуропа мен Ресей: Қару-жарақ өнеркәсібінде қай ел озық

Украиндағы соғыс Еуропаны етек-жеңін жинауға мәжбүр етті

Нұрдәулет Кәкіш
16/02/2024 - 22:41

Фото: ВВС/ Суретте Германия канцлері Олаф Шольц Rheinmetall компаниясының жаңа оқ-дәрі зауытын ашу кезінде

Фото: ВВС/ Суретте Германия канцлері Олаф Шольц Rheinmetall компаниясының жаңа оқ-дәрі зауытын ашу кезінде

Ресей мен Украина соғысы, Ресейден төнген қауіп Еуропа елдерін қорғаныс өнеркәсібін қайта жаңғыртуға мәжбүр етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

ВВС агенттігінің хабарлауынша, бір жағынан Еуропаға қорғаныс өнеркәсібі Украинаға көмектесу үшін де қажет. Еуропа елдері Украинаға қару-жарақ, әскери техника, оқ-дәрілерді 2022 жылдың ақпанында шабуыл басталғаннан бері жеткізіп келеді.

Киль университетінің әлемдік экономика институтының 2023 жылғы мәліметтері бойынша, осы кезеңдегі  көмекте бір ғана АҚШ-тың үлесі 47% болса, ЕО-ның барлық елдері мен институттарының үлесі бар болғаны 4 пайызды құраған.

Соңғы уақытқа дейін Украинаға қару-жарақ пен техниканың негізгі бөлігі еуропалық әскерлердің қолданыстағы арсеналдарынан жеткізілген. Бұл тезірек әрі жеңілірек болған.

Мысалы, Украина әскері Германияда жасалған Pzh2000 заманауи өздігінен жүретін гаубицаларды қолданады. Соғыс кезінде Нидерланды Украинаға осындай сегізін берсе, Германия 14, ал Италия 6 көлік берді. Бұл техника қазір Украинада болуы керек немесе сол жаққа енді жетуі де мүмкін.

Германия мен Украина осындай 100 гаубицаны жеткізу туралы келісімшартты бөлек талқылады. Мұны Германия билігі мақұлдады да. Бұл техникаларды өндіруге тапсырыс берілуі керек болған. Алайда келісімшартқа әлі қол қойылмаған көрінеді.

Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының маусым айындағы материалында айтылғандай, сол кездегі Еуропада әскери өнеркәсіпті жұмылдыру процесінің әлдеқайда төмен қарқынмен жүруінің басты себептерінің бірі Украинадан тыс Еуропа елдеріне Ресей қауіп төндірмейді деген сенім болған.

Алайда күздің ортасында Батыс баспасөзі мен аналитикалық ұйымдар Ресейдің НАТО-ға мүше елдерге басып кіру қаупі туралы материалдар шығара бастады.

БАҚ-тағы бұл толқын Украинаның сәтсіз шабуылынан кейін, сондай-ақ желтоқсан айының басында «Латвия билігі орыс тілді халыққа көзқарасы нашар» деген Владимир Путиннің сөздерінен кейін пайда болған.

Ресейдің Балтық жағалауы елдеріне басып кіруі мүмкін деген қорқыныш бұрын да бірнеше рет айтылған. Мысалы, 2017 жылы «Запад-2017» Ресей-Беларуссияның ең ірі жаттығулары басталмай тұрып, көрші елдердің көпшілігі мұны «жасырын шабуыл» деп тон пішкен.

Ол кезде жаттығулардың айналасындағы медиа шу өте күшті болғанымен, Еуропа жаңа реформа қабылдауға әлі де қауқарсыз болған.

Ал қазір не өзгерді?

Еуропалық саясаткерлер халықты, сайлаушыларды ондаған жылдар бойы болмаған соғысқа үлкен қаражат жұмсау керек деп сендіруге кірісті.

Соңғы жылдары Еуропа елдерінің тұрғындары қорғанысқа қарағанда «жасыл» күн тәртібіне көбірек назар аударып, жайбарақат күн кешті.

Алайда Ресейге деген көзқарас Еуропа елдерінде әлі де әралуан. Мысалы, Польша мен Балтық елдерінде соңғы жылдары Ресейге деген сақтық шаралары басым. Ал Венгрияда жағдай басқаша.

Еуропаның басқа жағында орналасқан Португалия Украинамен шектесетін Румынияға қарағанда, сары уайымға салына қоймайтыны рас.

Еуропада бейбіт уақыттағы әскери өнеркәсіп пен қазіргі соғыс кезіндегі өнеркәсіптің арасы жер мен көктей. 2014 жылы Украинадағы жағдай Еуропаны етек-жеңін жинауға, қамдануға мәжбүр етті. 2017 жылдан бастап Еуропа қорғаныс шығындарын арттырды. Содан бері қорғаныс бағытындағы қаржы тұрақты түрде өсіп келе жатыр.

Алайда Ресей қару-жараққа көп қаржы жұмсады. 2014 жылдан бастап оның ЖІӨ-ге қатысты әскери шығындары АҚШ-қа қарағанда жоғары, ал ЕО-ға қарағанда әлдеқайда көп болды.

Фото: ВВС/ Суретте Санкт-Петербургтегі «Алмаз-Антей» зауыты

Ресейлік қорғаныстың өзіндік ерекшелігі болды. Кеңес Одағы ыдыраған соң әртүрлі республикалардағы көптеген өндірістер жұмысын жалғастыра алмады.

1991 жылдан кейінгі 10 жылдан астам уақыт ішінде Ресейде әскери өндірісті, кадрларды даярлауға және қару-жарақ өндірісін модернизациялауға қаражат аз жұмсалды. Қару-жарақтың біраз бөлігі қоймаларда қалды. Осының нәтижесінде 2000 жылдардың екінші жартысында Батыстың әскери технологиясы көптеген бағыт бойынша алға жылжыды.

Сондықтан Ресейдегі үлкен инвестициялар ішінара осы артта қалушылықты өтеуге арналды. Ресейлік әскери сарапшылар «жоғалтқан онжылдықты» жиі еске алып, Ресейдің ауқымды мемлекеттік қару-жарақ бағдарламаларын алға тартты.

2000 жылдары Ресейде қорғаныс шығындарының өсуі ЕО-да кейбір адамдар үшін алаңдаушылық туғызды. Өйткені Ресей ол кезде әлеуетті қарсылас ретінде емес, қару-жарақ нарықтарындағы бәсекелес ретінде қабылданды.

Батыстан бірнеше бағыт бойынша артта қалған Ресей 2000 жылдардан кейін жаңа жүйелер құра отырып, өзінің қару-жарақ өнеркәсібін жаңарта бастады.

Сонымен Ресей Батысты тез арада қуып жету үшін көп күш жұмсады. Ресейдің Әуе қорғанысы және электронды соғыс жүйелері әлемдік стандартқа сәйкес келді. Бірақ Қызыл алаңдағы шерулерде көрсетілген жаңа броньды көліктер жаппай өндіріске енгізілмеді.

Дейтұрғанмен 2022 жылдың ақпанында Украинаға шабуыл жасағанмен тез арада жеңіске жете алмағаннан кейін, Ресей 24/7 режимінде өндірісті іске қосып, соғыс жағдайында жұмыс істеуге көшті. Еуропа да өзінің қорғаныс кешенін дамытуға кірісті.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88