Ресей мен Украина: соғыстың үшінші жылы қалай өрбуі мүмкін

Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаға ең ауыр салмақ салған соғыстың басталғанына 714 күн

Нұрдәулет Кәкіш
07/02/2024 - 18:37

Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне тура 2 жыл болады. 2023 жылдың жазы мен күзі Ресей күштерінің Бахмут қаласын басып алуымен және Украина қарулы күштерінің қарсы шабуылымен есте қалды. Украинаның көктемдегі шабуылы сәтсіздікпен аяқталды. Одан кейін майдан шебінде не болды? 2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басындағы оқиғалар туралы толығырақ Sarbaz.kz порталында.

Стратегиялық тығырық

2023 жылдың қарашасында Украина Қарулы күштерінің Бас Қолбасшысы Валерий Залужный The Economist газетіне берген сұхбатында қарсы шабуылдың сәтсіз болғанын мойындап, майдандағы жағдайды тығырыққа теліді. Залужный әскерінің қырылуы Ресейді соғыс қимылдарын тоқтатуға мәжбүр етеді деп болжады.

«Бұл менің қателігім болды. Ресей кем дегенде 150 000 адамынан айырылды. Кез келген басқа елдегі мұндай құрбандықтар соғысты тоқтатады», - деді ол.

Генерал Украинаның мерейін үстем етуге мүмкіндік беретін факторларды атады. Оның сөзінше, соғыстың сипатын маневрлік бағытында өзгерту үшін Украинаға әуе техникасы мен радиоэлектрондық күрестен бастап, батареяға қарсы күрес пен мина-диверсиялық техникаға дейін бірқатар технологиялар мен мүмкіндіктерге жол ашатын инвестиция салынуы керек.

Стратегиялық тығырықтың бірі – Крынки ауылы. Крынки – Днепрдің сол жағалауындағы Херсон облысындағы Ресей әскерлері бақылайтын аумақтағы ауыл. Қазан айында украин әскерлері ауылдың шетіне қонып, ені бір шақырым және тереңдігі екі жүз метр болатын плацдарм құрды. Бұл учаскеде шайқастар әлі де жалғасып жатыр. Украиналық плацдармды жоюға ресейлік әскердің күші жеткіліксіз болса, украин әскерлері тек плацдармды ұстап тұруға қауқарлы, ал оны кеңейтуге дәрменсіз.

Әуені шарлаған FPV дрондары мен квадрокоптерлерді екі жақ та белсенді қолданады. Бұл құралдар, тіпті,, соғыстың сипатын өзгертті. Алдыңғы қатардағы кез келген белсенділік квадрокоптерлерден байқалады.

Ресейдің шабуылы, Солтүстік Кореяның зымырандары

Украина шабуылының сәтсіздігінен кейін Ресей тарапы қарсы шабуыл әрекеттерін бастады. Сонымен, қазан айының басынан Ресей Федерациясының Қарулы күштері Авдеевка қаласын басып алып жатыр. Авдеевка – Донецктің солтүстігінде орналасқан Украина Қарулы күштерінің ірі бекінісі. Украина тарапының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта майданның осы бөлігіндегі жағдай өте күрделі, Ресей Федерациясының Қарулы күштері үлкен шығынға қарамастан бұл жерді басып алуға барын салып жатыр.

Сонымен қатар тамыз айының соңынан бері Ресей Федерациясының Қарулы күштері Харьков облысында, Купянск қаласы бағытында шабуыл жасады. Қазіргі уақытта Ресей әскерлері қалаға шабуыл жасауға тырысуы мүмкін. Бұған дейін Sarbaz.kz Ресейдің бұл қалаға шабуыл жасауы үшін 500 танк жинағанын хабарлаған болатын.

Мұнымен қоса Украинаға зымыран шабуылы да үдей түсті. Сонымен, 30 желтоқсан мен 2 қаңтарда Украина соңғы бірнеше айдағы ең үлкен зымырандық шабуылға ұшырады. Үйреншікті болып қалған Shahed-136/Герань-2 дрондарынан бөлек, Солтүстік Кореяда жасалған баллистикалық зымырандар да қосылды. Харьковтан табылған зымыран сынықтары соған дәлел болды. Естеріңізге салсақ, Батыс БАҚ-тарында Солтүстік Кореяның Ресей Федерациясына әртүрлі оқ-дәрілерді сатып жатқаны туралы ақпараттар 2023 жылдың қазан айында пайда бола бастады.

2023 жылдың қарашасында Ресейдің рекордтық қорғаныс бюджеті қабылданды, ол 10,8 трлн рубльді (115 миллиард доллар) құрады. Бұл 2022 жылғы бюджеттен 70 пайызға көп. Осыдан кейін 2023 жылдың желтоқсанында В.Путин Қарулы Күштер санын көбейту туралы  Жарлыққа қол қойды. Осылайша, Ресей Федерациясының Қарулы күштерінің саны 2,2 миллион адамға жетті, оның ішінде 1 миллион 320 мың әскери қызметші. В. Путин 26 қаңтарда «Арнайы әскери операция» деп аталатын аймақта 600 мыңнан астам әскери қызметші бар деп https://www.interfax.ru/russia/942151  мәлімдеді.

Стратегиялық қорғаныс жылы

АҚШ Конгресінде 2023 жылдың аяғынан бастап Украинаға әскери көмек бөлу туралы қызу пікірталас болып жатыр. Израильге, Тайваньға және Украинаға 106 миллиард доллар әскери көмек бөлу туралы Заңға республикашылдар қарсылық танытты. Бұл заң жобасы әлі қабылданған жоқ.

Украинаға әскеріне Еуропалық Одақ тарапынан қолдау көрсетілді. ЕО елдері Украинаға 21 миллиард еуро көлемінде көмек бөлуге келісті. Еуропалық Одақтың 2023 жылдың наурыз айында басталған 1 миллион снарядты жеткізу жоспары тек 52% орындалды.

F-16 истребительдерін жеткізу мәселесі де тұр. АҚШ бұл истребительдердің Украинаға 2024 жылдың көктемінен ерте жеткізілмейтінін хабарлады. Жалпы, Украина 65 F-16 истребителін алады. Бұл айтарлықтай көрсеткіш, бірақ олардың ресейлік әуе қорғанысы мен истребитель авиациясына қаншалықты тиімді қарсы тұра алатыны белгісіз.

Сонымен қатар Украина Қара теңізде айтарлықтай жетістіктерге жетті.Экипажсыз-камикадзе қайықтары мен Ұлыбритания мен Франция жеткізген Storm Shadow/SCALP- EG  зымырандарының көмегімен Украина Ресей Федерациясының Қара теңіз флотына бірқатар ауыр шабуылдар жасап, флоттың негізгі кеме құрамын Қырымнан материктік Ресейге шығаруға мәжбүр етті. Естеріңізге салсақ, Украина ҚМ ГУР басшысы Кирилл Буданов Қырым көпірі 2024 жылы жойылады деп мәлімдеді.

Тараптар шығыны

Қазіргі уақытта Украина мен Ресей шығындар туралы мәліметтерді жарияламайды. Ресейде бейбіт уақытта және арнайы операциялар кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің санын ашатын мәліметтер мемлекеттік құпия болып саналады. Соңғы рет Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 21 қыркүйегінде 5937 адам қаза тапты деп мәлімдеді.

Шығындарды санауды әртүрлі белсенділер мен журналистер жүргізеді. Сонымен, BBC агенттігі 2023 жылдың 29 қыркүйегінде көз жұмған ресейлік әскерилердің санын есептеді. Осылайша, олар 2022 жылдың ақпанынан бастап Украинада қаза тапқан 33 236 ресейлік жауынгердің есімдерін анықтай алды.

Украина тарапынан да шығындар туралы мәліметтер жоқ. New York Times  газетіне сілтеме жасаған америкалық шенеуніктер 2023 жылдың тамызында 70 мың ресейлік жауынгер қаза тауып, 120 мыңға жуығы жараланғанын хабарлады.

Соғыстың екінші жылының қорытындысы

Бұл соғыста екі жыл ішінде көз жұмғандардың саны деректерде көрсетілген цифрлардан әлдеқайда көбірек болуы мүмкін. 2024 жылы да тараптардың бітімге келуі екіталай. Жүздеген мың адамның құрбан болып, материалдық шығынға батырғанына қарамастан, екі тарап та белсенді түрде қаруланып жатыр. Наурызда Ресей Федерациясында президент сайлауы өтеді. Сондықтан бұл соғыста Путинге жеңіс қажет.

Ал АҚШ назары 2024 жылдың қарашасындағы өтетін президенттік сайлауға ауады. Осыған байланысты Украинаның әскери қолдауының негізгі бөлігі ЕО-ның мойнына түсуі мүмкін. Палестина қақтығысы туралы да ұмытуға әсте болмайды. Газа соғысы Батыс аудиториясының бір бөлігінің назарын өзіне аударып отыр. Осы аймақтағы соғыс өртінің одан әрі өршуі Украинаны мүлдем қолдаусыз қалдыруы да ғажап емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаға ең ауыр салмақ салған қақтығыстың үшінші жылында Ресей мен Украина қалай әрекет етеді? Қоғам соғыстан шаршай ма? Бұл сұрақтың жауабы әлі де белгісіз.

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88