Солтүстік көршіден қауіп: Қазақстан әскері қай өңірде көп шоғырланған?

Ел әскері басқыншыларға төтеп беруге дайын ба?

Ануар Маратов
25/01/2024 - 17:07

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Әлем елдерінде болып жатқан қырғи-қабақ соғыс кімді болмасын алаң күйге салары белгілі. Ресей мен Украина, Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстан ондаған мың бейбіт тұрғын қаза болды. Олардың арасында қаншама сәби мен әйел адам көз жұмды. Осындай қанды қырғыннан кейін әскери әлеуетін күшейтіп жатқан елдер аз емес. Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Еліміздегі өңірлік қолбасшылық күштерінің құрамы жайлы не белгілі? Аяқасты басқыншылармен қақтығыс бола қалған жағдайда (бетін аулақ етсін!) төтеп беруге дайынбыз ба? Sarbaz.kz тілшісі түйткілді мәселелерге тоқталып, шолу жасап шықты.

Елімізде 2001 жылы төрт әскери округ құрылды, олар: «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарға (ӨҚ). 

«Астана» өңірлік қолбасшылығы

«Астана» өңірлік қолбасшылығы (қолбасшылық штабы – Қарағанды) – Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан.

«Астана» өңірлік қолбасшылығы – Қазақстанның Жоғарғы Бас қолбасшысының жоғарғы бас қолбасшысы ставкасының резерві болып келеді, ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы – полковник Ержан Уақасұлы Ибраев.

«Астана» өңірлік қолбасшылығының құрамы:

  • 7-ші жеке механикаландырылған бригада – Қарағанды;
  • Арнайы мақсаттағы барлау полкі  —  Ақтас;
  • 402-ші реактивті артиллериялық бригада  – Приозерск;
  • 403-ші танкке қарсы артиллериялық бригада – Приозерск;
  • Резервтің кіші мамандарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану Оқу орталығы – Спасск;
  • Зымыран әскерлері мен артиллерияны оқыту орталығы – Приозерск.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы (қолбасшылықтың штабы Семей қаласында орналасқан) – Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының әкімшілік шекараларында (Семей, Өскемен, Георгиев, Аягөз және Үшарал гарнизондары). ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы – полковник Жеңіс Мұхамедқалиұлы Маралов.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамы:

  • 3-ші жеке гвардиялық механикаландырылған бригада – Үшарал;
  • 4-ші жеке механикаландырылған бригада – Өскемен;
  • 8-ші жеке механикаландырылған бригада – Семей;
  • 11-ші танк бригадасы – Аягөз;
  • 34-ші артиллериялық бригада – Аягөз;
  • 101-ші зымыран бригадасы – Семей;
  • 102-ші реактивті артиллериялық бригада – Семей;
  • 103-ші зеңбірек артиллериялық бригадасы – Семей;
  • Жеке барлау полкі – Семей;
  • Жеке байланыс бригадасы – Семей.


Фото: Қорғаныс министрлігі

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы – Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан (қолбасшылық штабы – Атырау қаласы).

Негізгі міндет – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына, аумақтық тұтастығына, егемендігі мен экономикалық мүдделеріне қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету. ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы – генерал-майор Дәулет Рысқұлбекұлы Оспанов.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамы:

  • 100-ші артиллериялық бригада – Ақтөбе;
  • 390-шы теңіз жаяу әскерлерінің жеке гвардиялық бригадасы;
  • Жеке барлау полкі – Атырау;
  • Жеке мотоатқыштар батальоны – Маңғыстау облысы, Бейнеу.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы (қолбасшылықтың штабы – Тараз қаласы) – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан.

Негізгі міндет – елдің оңтүстік-шығыс шекараларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету. ӨҚ әскерлерінің қолбасшысы – генерал-майор Қуанышбек Өскенбайұлы Үштаев.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамы:

  • 5-ші тау атқыштар бригадасы – Тараз;
  • жеке мотоатқыштар батальоны – Луговой кенті;
  • жеке танк батальоны – Луговой кенті;
  • жеке барлау батальоны – Луговой кенті;
  • жеке мотоатқыштар батальоны – Мерке кенті;
  • 6-механикаландырылған бригада – Шымкент;
  • Жеке тау-кен – атты-егерлік полкі – Бауыржан Момышұлы;
  • 9-механикаландырылған бригада;
  • 43-ші танк бригадасы;
  • 44-ші артиллериялық бригада;
  • 40-шы әскери база – Гвардейский (Отар);
  • 12-ші механикаландырылған бригада;
  • 54-ші гвардиялық артиллериялық бригада;
  • 23-ші инженерлік-саперлік бригада;
  • Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің оқу орталығы;
  • 221-ші жеке байланыс бригадасы – Тараз;
  • 232-ші инженерлік-саперлік бригада – Қонаев.

Тізімде олардың орналасқан жеріне қарамастан Жоғарғы Бас қолбасшының резерві болып саналатын Десанттық-шабуылдау әскерлері есепке алынбайды.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерден «Шығыс» пен «Оңтүстік» ӨҚ бөлімше, жеке құрам және техника саны бойынша өзгелерден басым екенін байқауға болады. Осы орайда әскердің көбірек шоғырлануына қандай себеп болуы мүмкін деген ой жатыр?

Айта кетейік, Қазақстанның әскери доктринасына сәйкес, мемлекетіміз халықаралық құқықты ұстанады және бірде-бір мемлекетті дұшпан санамайды. Алайда, ертеңгі күніңді болжап біле алмайтын заманда қауіптің алдын алып, кез келген жағдайға дайын болған жөн.


Фото: AP

Қытайдан қауіп төнуі мүмкін бе?

Елімізде негізгі әскери бөлімшелер КСРО заманынан бастап орналасқан орнын өзгерткен емес. Кеңес-Қытай дауы кезінде екі ел арасындағы соғыстың нақты ықтималдығы болды және Орталық Азия соғыс алаңының біріне айналуы мүмкін еді. 

Алайда, мұның бәрі өткеннің еншісінде қалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның Қытаймен тығыз экономикалық, мәдени және саяси ынтымақтастығы басталды. Мемлекеттердің шекаралары белгіленді және бүгінгі күні тараптардың бір-біріне қатысты аумақтық талаптары жоқ. Қытай доктринасы жақын көршілермен тұрақтылық пен ынтымақтастықты қамтамасыз етеді және оның геосаяси көзқарасы басқа мемлекеттерге бағытталған.

Ресей көз алартып отыр ма?

Ресейге тоқталып өтейік. Украинаны жеңген немесе жеңілген жағдайда көршіміздің бізге қатысты ықтимал агрессиясы туралы аз айтылмайды. Оған себеп те жоқ емес. Көршілес елдің депутаттары, танымал азаматтары Қазақстанға қатысты келеңсіз пікірлерімен талай рет көзге түсті.

Оқи отырыңыз: «Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді»: Тина Канделаки Қазақстанға кіргізілмейтін болды

Дегенмен, Ресей мен Қазақстанның саяси, сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынасы Қытаймен салыстырғанда әлдеқайда тығыз. Оның үстіне Қазақстан Ресейге санкция салған бірде-бір елмен шектеспейді.

Украинаның Ресей ықпалынан шығуға деген талпынысы, Еуропа Одағына және НАТО-ға кіруге деген ұмтылысы – Ресейдің соғыс ашу себептерінің бірі болуы ықтимал. Осыған қарап-ақ Ресейдің «ықтимал қарсыластармен» шектесуді ұнатпайтынын және айналасына қауіпсіз аймақ құруға тырысатынын байқауға болады.

Оңтүстіктегі көршілер және су дағдарысы


Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Осы орайда 2021 жылдың сәуірінде болған Тәжікстан-Қырғызстан қақтығысын еске түсірейік. Даудың басы су тарату станциясынан басталды. Екі жақтан да ондаған адам қаза тапты, бірақ тараптар ешқандай шешімге келе алмады.

Ғалымдар болашақта су тапшылығы туралы дабыл қаққанына біраз болды. Ал Қазақстан Орталық Азияның тәуекел аймағында орналасқанын және ғасырдың ортасына қарай бізде су тапшылығы болуы мүмкін екенін білесіз бе?

Халықтың көбеюі, урбанизация, климаттың өзгеруі және тұтыну көлемінің артуы – су тапшылығының негізгі себептері. Инфрақұрылымның тозуы және ауыл шаруашылығында суды көп мөлшерде қолдану өзекті болып отыр.

КСРО ыдырағаннан кейін әр республика өз проблемаларын өзі шешуі керек болды. Оның салдары мемлекеттер арасындағы дауға алып келді. Мәселен, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов Қырғызстанға жаңа ГЭС салу идеясынан бас тартпаса, соғыс ашуға дайын екенін айтып қорқытқан болатын.

Егер мемлекетаралық өзара келісім болмаса, онда аймақта шиеленістің артуы, Орталық Азияда 70 миллионнан астам адам үшін су тапшылығы болуы және ақыр соңында су үшін соғыс оты туындауы әбден мүмкін.

Міне осы жағдайға қарап-ақ оңтүстік елдердегі жағдай алаңдататын байқауға болады. Қазақстан әскерінің басым бөлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына орналасуының да бір себебі осы болса керек. Дегенмен Орталық Азиядағы түйткілді мәселелер соғыссыз, бейбіт жолмен шешіледі дегенге сенім мол.

Sarbaz.kz тілшісінің Өзбекстан Қарулы күштерінің әлемдегі орны, қару-жарағы туралы жазған материалын оқи отырыңыз.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94