«Қақтығысты күтудің қажеті жоқ»: қазақстандық сарапшы Тайваньда өткен сайлау туралы

Қазақстандық сарапшы Тайваньда өткен сайлауға қатысты болжамды пікірін айтты

Ануар Маратов
17/01/2024 - 16:01

Фото: depositphotos.com

Фото: depositphotos.com

2024 жылдың 13 қаңтарында Қытай Республикасының бір бөлігінде немесе Тайвань жерінде президент сайлауы өтті. Президенттік сайлауда Демкоратиялық прогрессивтік партияның атынан үміткер болған Лай Циндэ жеңіске жетті. Лай Циндэның ұстанымы АҚШ-қа бағытталатыны Қытай мен Тайвань мәселесінің өршуіне әкеледі деген пікірталастар бар. Sarbaz.kz тілшісі Тайваньда өткен сайлаудың әсері туралы қазақстандық саясаттанушы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ілияс Бактығалиевтің пікірін білді. 

Сарапшы Қытаймен тығыз экономикалық қарым-қатынасты ары қарай да жалғастырудан бас тартпайтын, бірақ про-америкалық үміткердің жеңісін атап өтуден бастады.


Фото: Ann Wang / Reuters

Ілияс сонымен қатар сайлаудың сипатын және әлеуметтік желідегі жағдайға назар аудармау керектігін ерекше атап өтті:

«Тайваньда Қытайға қарсы үміткерді сайлай алмайтынын түсіну керек. Әлеуметтік желідегі барлық истерияға қарамастан, бұл сайлау Қытаймен қарым-қатынастың айтарлықтай өршуіне әкелмейді, әзірге оның ушығуына ешқандай себеп жоқ. Сонымен қатар, Тайваньда парламенттік сайлау өткенін де есте ұстаған жөн, онда «про-қытайлық» Гоминьдан партиясы жеңіске жетті. Бұл аймақтағы парламентте абсолютті билік болмаса да, АҚШ-қа мойын бұрып тұратын жаңа президенттің ықтимал бастамаларын бұғаттауға қауқарлы», – деді Ілияс Бактығалиев. 

Сарапшы Тайванның Қытайға күшпен қосылуы ешқандай пайда әкелмейтінін айта келе Қытай бәрін бейбіт жолмен шешуге тырысады деген пікір білдірді.

«Сол себепті менің ойымша, қазіргі уақытта Қытаймен шиеленісті, қақтығысты күтудің керегі жоқ. Бейжің Тайваньмен бұл мәселені бейбіт жолмен интеграциялану үшін жұмсақ қысым құралдарын және Тайвань тұрғындарынның көңілін аулау сияқты барлық шараларды қолдануға тырысады. Жалған көріністі Қытайдың патриоттық баспасөзі мен батыстық БАҚ-тың бір бөлігі ғана жасайды. Сондықтан  бұл сайлауға ерекше назар аударылды», – деп қосты сарапшы.

Сарапшы өз сөзінде Тайвань аймағының Қытайға күшпен қосылуы әлемдік дағдарыс тудыруы мүмкін екенін және бұл АҚШ-ты да бей-жай қалдырмай, жауап қайтаруға итермелейтінін атап өтті. Қазіргі уақытта, әлемнің жартылай өткізгіштердің (микросхемалар, транзисторлар және т.б.) өндірісінің жартысан көбі Тайваньда шоғырланған.

Сарапшы ойын қорытындылай Қазақстан БҰҰ Жарғысын ұстанатынын атап өтті: 

«Қазақстанға келетін болсақ, біздің еліміз БҰҰ Жарғысы мен нормаларын қатаң сақтайды, оның шеңберінде Тайвань халықаралық саясаттың тәуелсіз субъектісі ретінде қарастырылмаған, ал өткен сайлаудың өзі БҰҰ жарғысы тұрғысынан заңсыз өтті», – деп қорытындылады Ілияс Бақтығалиев.

Қытай мен Тайвань қарым-қатынасының қысқаша тарихы

Қытай мен Тайвань арасындағы тарихқа қысқаша шолу жасап шығайық. BBC ақпараты бойынша Тайваньға алғашқы қоныстанғандар қазіргі Оңтүстік Қытайдан шыққан деп саналатын австронезия тайпалары болды.


Фото: schreiberVIS/AdobeStock

Бұл аралдың қалай пайда болғаны Қытай жазбаларында айтылады. Кейбір мәліметтер бойынша, б.з. 239 жылы қытай императоры аймақты зерттеу үшін экспедициялық күш жіберген көрінеді. Міне осы факт арқылы Бейжің аралға иелік ететінін айтады.

Бірақ Тайвань жері белгілі бір кезеңдерде басқа елдерге де бағынған. Мәселен, 1624 жылдан 1661 жылға дейін Тайвань Голландияның колониясы болды, содан кейін 1683 жылдан 1895 жылға дейін Қытай Цин әулетінің қол астына қарады.

Міне осы Қытай Цин әулетіне бағынған XVII ғасырда Тайваньға Қытайдан қоныс аударушылар ағыны көбейген. Жергілікті халық сол замандағы тәртіпсіздіктер мен кедейліктен жан-жаққа ыдырап кетті. Қоныс аударғандардың көпшілігі Фуцзянь провинциясынан келген хокло ұлтының қытайлары немесе негізінен Гуандун провинциясынан келген хакка қытайлары болды. Олардың ұрпағы қазіргі уақытта аралдағы ең үлкен демографияны құрайды.

1895 жылы бірінші қытай-жапон соғысынан кейін Цин Үкіметі Тайваньды Жапонияға беруге мәжбүр болды. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша (1939-1945) Жапония Қытайдан алынған аумақты бақылаудан бас тартты. Қытай Республикасы осыдан кейін Тайваньды одақтастарының, яғни АҚШ пен Ұлыбританияның келісімімен басқара бастады.

Бірақ осыдан кейін Қытайда Чан Кайши бастаған Гоминдаң партиясының ұлттық үкіметі мен Мао Цзэдун бастаған Қытай Коммунистік партиясының әскерлері арасында азаматтық соғыс басталды. Гоминдаң жеңіліске ұшырады.

1949 жылы Чан Кайши өзінің жақтастарымен – барлығы бір жарым миллионға жуық адам Тайваньға қашып кетті. Олар сол жерде жер аударылған үкімет құрды, оған бағынатын аумақты Қытай республикасы деп атады және келесі 25 жыл бойы билік етті.

Тайваньды қай елдер мойындайды?

Тайвань жерінің жалпы аумағы – 36 197 шаршы шақырым. Аралда 23,5 млн адам өмір сүреді.

2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Тайвань жерінің мемлекеттік егемендігін 12 ел мойындайды. Олар: Белиз, Гватемала, Гаити, Маршалл аралдары, Палау, Парагвай, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Тувалу, Эсватини және Папалық Тақ (Ватикан).

Айта кетейік, Тайвань жерінде президент сайлауы өткеннен кейін Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі арнайы хабарлама таратып, Тайвань мәселесі ҚХР-дың ішкі ісі деп мәлімдеді.

«Тайвань жерінде қандай өзгерістер болса да, әлемде бір ғана Қытай бар және Тайвань Қытайдың бір бөлігі және бұл өзгермейді. Бір Қытай принципі Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік құралы. Біз халықаралық қауымдастық бір Қытай қағидатын ұстануды, Тайвань тәуелсіздігіне қарсы және ұлттық бірігуге ұмтылатын қытай халқының әділ ісін түсінуді және қолдауды жалғастырады деп сенеміз», – делінген хабарламада.

Тайвань жеріндегі президент сайлауынан кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі де арнайы хабарлама таратып, «Бір Қытай» қағидатын қолдайтынын мәлімдеді.

«Тайваньда өткен сайлауға байланысты Қазақстан Республикасы «бір Қытай» қағидатын табанды түрде қолдайтынын қайта мәлімдейді және Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет. Ал Тайвань Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін растайды. Қытай Халық Республикасы үкіметінің елді бейбіт жолмен біріктіру жолындағы күш-жігерін қолдаймыз», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88