Ресей әскерін Херсоннан кетуге мәжбүр еткен HIMARS қандай қару?

M142 HIMARS-ты АҚШ, Украина, БАӘ, Иордания Румыния, Польша, Сингапур елдері қолданады

Ануар Маратов
04/01/2024 - 20:09

M142 HIMARS – Ресей-украин соғысы кезінде әйгілі болған американдық зымыран жүйесі. Бұл қарудың пайда болу тарихы, қолданылуы және ерекшеліктері туралы толығырақ Sarbaz.kz порталында.

М142 HIMARS (High Mobility Artillery Rocket System) – Жоғары мобильді артиллериялық зымыран кешені. ХХ ғасырдың соңында жасалып шыққан HIMARS әскерлердің ұтқырлы түрлерін жабдықтауға көзделген. Жүйенің өзі негізінен дөңгелек шассиіндегі M270 MLRS-тың жеңіл нұсқасы болып саналады. Негізгі айырмашылық – 12 емес, 6 зымыраннан тұратын атыс жиынтығы.

Фото: www.dvidshub.net

Алайда зымырандардың аз болуы тиімділіктің төмендеуін білдірмейді. HIMARS 80 шақырымға дейін жоғары дәлдіктегі зымырандармен немесе 300 шақырымға дейін ATACMS зымыранымен ата алады.

HIMARS-тың басты оқ-дәрісі – калибрі 227 мм GMLRS зымырандары. Олар 80 шақырымға дейін ұшады әрі спутниктік басқаруы бар. Негізгі қолданылатын GMLRS зымырандарының негізі – жарықшақты-фугасты М31 зымыраны және M30A1/A2 зымырандары.

М30А1/А2 зымырандарының ерекшелігі: олар әуеде жарылады және 182 000 вольфрам шарлары бар жауынгерлік бөлікпен жабдықталған.

Ауғанстан мен Сирияда шектеулі қолданылды. Кеңінен қолдану 2022 жылдың маусымында АҚШ-тан осы жүйені ӘАОО Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін алғашқы жеткізуден кейін басталды. Жоғары дәлдік, атыс ауқымы және ұтқырлық Ресей әскерлері үшін проблемаға айналды. 

Фото: WSJ

Бұл жүйе 2022 жылдың күзінде Харьков және Херсон облыстарының бөлігін азат ету кезінде ерекше рөл атқарды. Харьков шабуылы кезінде украиналық HIMARS-тар ресейліктердің қоймалары мен командалық пункттерін жүйелі түрде жойды. Ал Херсон бағытында HIMARS-тар бірнеше ай бойы Херсон көпірі мен Каховская ГЭС-ті атқылап, Днепр өзенінің арғы жағындағы орыс әскерлерін жабдықтауын қиындатты. Ақыры ресейліктер Днепрдің оң жағалауынан шегініп, Херсон қаласынан кетуге мәжбүр болды.

HIMARS-тар ресейлік артиллерияны, әуе қорғаныс жүйелерін және басқа да маңызды нысандарды «аулауға» қолданылады.

Қазіргі уақытта Украинаға осы жүйелердің 20 данасы жеткізілді.

M142 HIMARS-ты АҚШ, Украина, БАӘ, Иордания Румыния, Польша, Сингапур елдері қолданады. Болашақта Латвия, Литва, Эстония, Аустралия, Тайвань осы жүйелерді сатып алмақшы.

M142 HIMARS қолдануға қолайлы заманауи қару түрі болып саналады.

Техникалық сипаттамалары:

Салмағы – 16 000 кг

Жылдамдығы – 85 км / сағ

Негізгі қару-жарақ – 6 GMLRS зымыраны немесе 1 ATACMS типті тактикалық зымыран

Ұзындығы – 7000 мм

Ені – 2400 мм

Биіктігі – 3200 мм

Экипаж – 3 адам (оператор, жүргізуші, командир).

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88