Ресей – Украина соғысы: 2023 жылдың басты оқиғалары

«Вагнер» бүлігі, жазғы қарсы шабуыл және стратегиялық тығырық

Ануар Маратов
29/12/2023 - 20:29

Фото: ВВС

Фото: ВВС

2023 – Ресейдің Украинаға шапқыншылығының екінші жылы. Sarbaz.kz тілшісі Ресей – Украина соғысындағы 2023 жылдың басты оқиғаларына шолу жасады.

Бахмут, снаряд тапшылығы және «Әділдік маршы»

«Бахмут ет тартқышы» деп аталған Бахмут қаласы үшін қанды шайқас 2022 жылдың тамызында басталып, 2023 жылдың маусым айына дейін жалғасты. Бұл шайқаста Ресейдің негізгі күші «Вагнерліктер» болды.

Қала үшін қызу шайқас «Вагнер» басшысы Евгений Пригожин мен Ресей Қорғаныс министрлігі арасында қақтығыс тудырды. Пригожин Қорғаныс министрі Шойгу мен Бас штаб бастығы Герасимовты қабілетсіздігі мен «Вагнерге» снарядтардың жасанды тапшылығын жасады деп айыптады.

Ауыр шығындарға қарамастан (Пригожиннің айтуынша, 20 000 адам қаза тапты), Бахмут 2023 жылдың 20 мамырында Ресейдің бақылауына өтті.

Алайда «вагнерліктердің» Қорғаныс министрлігімен қақтығысы аяқталмады. 23 маусымда Telegram арналарда «вагнерліктердің» лагеріне зымыран соққысы түсірілген бейнежазба тарады.

23 маусым кешінде Евгений Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігін «Вагнер» жалдамалыларын өлтірді деп айыптап:

«Біз 25 мыңбыз және біз елде неліктен әділетсіздік болып жатқанын анықтауға барамыз», - деп мәлімдеді.

Бүлік кезінде Пригожин Ресейдің Ростов-на-Дону қаласын бақылауға алды. Ал «Вагнер» бағандары Мәскеуге бағыт алды.

Ростовтағы Вагенрліктердің танкісі. Фото: AFP

24 маусым кешкісін Беларусь президентінің баспасөз қызметі Пригожин Лукашенконың «Вагнер» қозғалысын тоқтатып, шиеленісті ушықтырмау жөніндегі ұсынысын қабылдағанын мәлім етті. Онда «Вагнермен» жағдайды реттеу жобасы бойынша жауынгерлерге қауіпсіздік кепілдігі бар екендігі айтылды. Пригожин де бұл ұсынысты қабыл алды.

«Олар «Вагнерді» таратқысы келді. Бір күнде біз Мәскеуге 200 шақырымға жетпей өттік. Осы уақыт ішінде біз жауынгерлеріміздің қанының бір тамшысын төккен жоқпыз. Қазір қан төгілуі мүмкін сәт келді. Сондықтан бір жағынан орыс қаны төгілуінің жауапкершілігін түсіне отырып, біз өз бағандарымызды ашып, жоспарға сәйкес далалық лагерьлерге кері бағытта кетеміз», - деп мәлімдеді Пригожин.

Алайда Пригожин 2023 жылдың 23 тамызында бедгісіз жағдайда ұшақ апатынан қайтыс болды. Ұшақта «Вагнердің» тікелей командирі Дмитрий Уткин де болған.

Украина әлі де Бахмутқа шабуыл жасауға тырысып бағуда.

Украинаның қарсы шабуылы: Леопардтар, миналар және «Суровикиннің шебі»

Өткен жылдың басты әскери оқиғасын «Украинаның қарсы шабуылы» деп атауға болады. Бірақ операция сәтті болмады. Украина тарабы барлық бағыт бойынша минималды мақсатқа жете алмады.

Бахмут шайқасы Украина әскерлерінің едәуір бөлігін алаңдатып, ресейліктерге Украинаның оңтүстігінде «Суровикиннің қорғаныс шебін» дайындауға мүмкіндік берді.

Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Украина күштері Ресейдің Оңтүстік тобын құрлықтағы жабдықтау желілерінен ажырату үшін Азов теңізіне қарай бет алуға тырысты.

Қарсы шабуылды бастаған украиндық әскерлер табанды қарсылық пен миналанған алаңдарға тап болды. Украинаның НАТО елдерінде оқытылған бөлімшелері, жеткізілген танктер мен басқа да Батыс техникасы (Леопард танктері, «Бредлилер» мен «Страйкерлер») қарсы шабуылға көмектеспеді.

Қарсы шабуыл сәтсіз аяқталып, белгіленген мақсаттарға жете алмады. Ресей қорғаныс шебін бұзып-жарып, Азов теңізінің жағалауына шығу мүмкін болмады. Украина әскерлері бірнеше айдың ішінде тек 17 шақырымға ғана ілгерілей алды. Бірнеше елдімекендер босатылды. Бірақ айтарлықтай аумақтық жетістікке қол жеткізу мүмкін болмады. Сонымен қатар Украина әскерлері ауыр шығынға ұшырап, тіпті кейбір бригаданы нөлден қалпына келтіруге мәжбүр болды.

Стретгиялық тығырық және соғыстың болашақ көрінісі

The Economist газетіне берген жанжалды сұхбатында Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Залужный майдандағы стратегиялық тығырық туралы айтты.

Валерий Залужный қазіргі соғыста ресейліктердің қорғаныс шебін бұзу мүмкін болмайтынын, майдан шебі де айтарлықтай өзгермейтінін мәлімдеді.

Залужный Украинаның жеңісі үшін түбегейлі жаңа технология қажет екенін атап өтті. Өйткені қазір майдандағы жағдай тығырыққа тірелді. Алайда бұл жағдайда тығырықтан шығу үшін бір технологиялық өнертабысты емес, барлық техникалық шешімдердің жиынтығын пайдалану қажет екенін айтты Залужный.

Валерий Залужный. Фото: facebook.com/CinCAFU

Бұл сұхбатында Залужный, сонымен қатар Украинадағы соғыс Ресей Федерациясының қолында ойнайтын позициялық сарқылу соғысына айналып, жаңа кезеңге өтіп жатқанын айтып қалды.

Днепрдің сол жағалауындағы Крынки ауылында Украина әскерлері күздің басында плацдарм жасады. Алайда украиндықтардың бұл плацдармды кеңейтуге, ал ресейліктердің оны жоюға күштері жетпеді. Осылайша, шайқас екі жақтан да жаңа сарбаздарды мақсатсыз шабуылдарға жіберуге айналды.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88