«Жарылыс дауысына шыдамдылығы үйретіледі»: атты әскердің ерекшелігі туралы

Атты әскердің күтімі, дайындығы, міндеті қалай жүргізіледі

Ұлас Үсенбай
26/07/2023 - 21:52

Еліміздің қарулы күштерінің құрамында әскери бірлік ретінде жылқымен қамтылған жалғыз бөлімше бар. Ол – Жамбыл облысы Жуалы ауданында орналысқан 91678 әскери бөлімдегі рота. 91678 әскери бөлімі – ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік зор үлесін қосып келе жатқан әскери бөлімдердің бірі, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Әскери бөлім 2000 жылы Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде батальон болып жасақталып, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысып, Бауыржан Момышұлы ауылына шоғырланды. Бірінші Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болды. Кейін жеке батальон болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды.

91678 әскер бөлімінің жауынгерлік тапсырмасы бір сөзбен айтқанда – таулы аймақтардағы қорғаныс және ұрыс беруге арналған. Иә, бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында әскери бірлік ретінде жылқымен қамтылған жалғыз бөлімше. Әскери бөлімнің бірегейлігі ретінде оның құрамында тау-атқыштар, тау-кен қорықшы, жүк көтеру-көлік роталары жұмыс істейді.

Әскери қызметшілерінде кәсіби альпинисттік, сондай-ақ атпен жұмыс істеу дағдылары жақсы дамыған. Әскери бірлік ретінде қызметте жылқы да бар. Штат бойынша барлығы 86 жылқы бар. Ал тізім бойынша – 84. Әрқайсысы өзінің әскери қызметшісіне бекітіліп, өзінің инвентарлық нөмірі бар. Жылқыны серіктестікке үш-бес жастан бастап алып келеді. Сол кезден бастап арнайы дайындықты бастайды. Ал олардың қызмет ету мерзімі – 12 жыл. Бұл жылқыларды әскери қызметшілер өздері күтіп баптайды екен.

«Әскери бөлімге әкелінген жылқы таулы-егер ротасы (горно-егерская рота), жүк-арту көлік ротасы (вьючно-транспортная рота) материалды-техникамен қамтамасыз ету ротасының (РМТО) жеке құрамына тіркелінеді. Оқу-жаттығулары кезінде жауапты жеке құрам, өз жылқысымен тікелей жұмыс істейді. Яғни олардың жем-су, тазалығы секілді күтіміне жауапты. Серіктестікте жылқылардың саулығын үнемі қадағалайтын ветеринарлық пункт бар. Жылқы ауырған жағдайда ветеринарлық қызметіне (лазаретке) уақытылы хабарлап, ветеринарлар емдеу-күтімімен айналысады. Әскери бөлімде орналасқан ат-қораға  жауапты роталар жеке құрамынан күнделікті кезекшілер тағайындалынады. Кезекшілер ат-қорадағы, лазареттегі ауырған жылқылармен олардың күнделікті жем-су секілді күтіміне жауапты. Жылқы малы әскери нормаға сәйкес жем шөппен қоректенеді. Витаминдер де береміз», – дейді Ветеринарлық қызметінің бастығы – лазарет бастығы лейтенант Дәулет Бекмырзаев.

Атты әскердің тиімділігі таулы аймақтарда техникалар жүре алмайтын жолдарда жеке құрамға әскери жүктер мен оқ-дәрілерді жеткізуде, таулы аймақты қозғалысты жеделдетуде, барлауда білінеді. Сондай-ақ ойлы-қырлы жерлерде, техника жетпеген тар жолдарда және басқа да тапсырмаларды орындауда өте тиімді. Жалпы аталмыш бөлімше таулы аймақтардағы жауынгерлік іс-қимылдар кезінде жоғары ұтқырлығымен және шеберлігімен ерекшеленеді.

«Жылқыны жауынгерлік ұрысқа дайындау үшін көп уақыт керек. Онымен арнайы дайындалған мамандар айналысады. Арнайы дайындық сабағы барысында жылқы малы жауынгерлік ұрыс қалпына қалай жатқызылатыны және олардың жарылыс дауысына шыдамдылығы үйретіледі.

Біздің жылқылар жауынгерлік дайындықтан өтіп отырады. Олар бұйрықты түсінеді, у-шудан қорықпайды. Олармен машина өте алмайтын кез келген жерде барлау жасауға болады. Жылқы құрамымен әскери дайындық роталардын жауынгерлік даярлығы құрылған жоспар бойынша жүргізіледі. Яғни жеке құрам, олар Гер (кавалерия) – әскери ұрыс жаттығулар, Втр (вьючный)  – Гер, АртБ секілді ұрыстық роталарды қару, оқ-дәрімен қамтамасыз ету, Рмто – жылқыларды күнделікті жем-су секілді қажетті заттарын арбамен тасымалдайды», - дейді Дәулет Бекмырзаев.

Әскери бөлімнің қызметшілері 2019 жылы Моңғолияда өткен «АрМИ-2019» халықаралық армия ойындарында, нақты айтқанда ат марафоны байқауында жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл – олардың жоғары кәсіби шеберлігін көрсетеді. Жарыстың шарты бойынша сайыскерлер 130 шақырым қашықтықта марафонға қатысып, қысқа қашықтықта эстафетадан өтеді. Жарыс жолы ретінде орманды, су бөгеттері мен құмды жерлер таңдалған. Жарыстың бірінші кезеңі негізінен атқа байланысты болса, екінші кезең жауынгерлердің дайындығын бағалайды.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91