Ресей президенттігіне үміткер Екатерина Дунцова туралы не білеміз?

РФ Орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын ресми түрде қабылдауы үшін 300 мың қол жинауы керек

Нұрдәулет Кәкіш
21/12/2023 - 15:38

2024 жылы өтетін Ресей президенттігінің сайлауына өз кандидатурасын ұсынған Екатерина Дунцова кім? Ол биліктің жобасы емес пе? Бұған дейін немен айналысқан? Қандай мәселе көтерген? Толығырақ Sarbaz.kz порталында.

Екатерина Дунцова кім?

Екатерина Дунцова Ресейдің Красноярск қаласында дүниеге келген. Ұзақ жылдардан бері Тверь облысының Ржев қаласында тұрады. Жасы 40-та, 3 баланың анасы. Қолында жоғары оқу орнының қос дипломы бар. Оның бірі – заңгерлік, екіншісі – телевизиялық журналистика мамандығы.

2003 жылдан бері журналист ретінде еңбек етіп келеді. 2006-2022 жылдары жергілікті «РиТ» телестудиясының бас редакторы қызметін атқарған. 2019-2022 жылдары Ржев қалалық думасының депутаты болған.

Дунцова 16 қараша күні президенттікке үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған. Әлеуметтік желідегі жазбасы жарияланған соң Ржев ауданаралық прокуратурасы оны түсінік беруге шақырған. Дегенмен Екатерина Дунцова сұхбаттарының бірінде прокуратура оны түсінік берген соң босатқанын айтады.

«Әлеуметтік желідегі посттарымды прокуратурадағылардың да оқитыны қуантты. Мені Ржев ауданаралық пркуратурасы «ВКонтактедегі» президенттікке кандидаттығымды ұсынған жазбама байланысты түсініктеме беруге шақырды. Оларды менің арнайы әскери  операцияға көзқарасым және жазбамды өшіремін бе, жоқ па сол жағы қызықтырған екен», - деді Дунцова сұхбаттарының бірінде.

Содан кейін Дунцованың банктік картасы бұғатталған. Сайлаушылармен кездесу ұйымдастыру үшін халықтан көмек сұрағанын айтады ол.

17 желтоқсан күні Мәскеу қаласында Екатеринаны қолдаушылар тобының жиыны өтті. 700 адам жиналған залда электр жарығы сөндірілген. Артынша онда полицейлер келген. Мамандар залды жалға алу уақытын создырудан бас тартқан. Дегенмен Екатерина 521 дауыс жинап, келесі кезеңге өткен. Енді 45 күн ішінде ол 300 мың қол жинауы керек.


 Фото: AP Photo/picture alliance

Бұған дейін қандай мәселе көтерген?

«Облыс пен қаламыздың мәселелерін журналист ретінде талай мәрте көтердім. Бірақ мәселені тек айту маған жеткіліксіз болды. Түйткілдердің дұрыс шешім табуына қолымнан келгенше үлесімді қосқым келді. Көптеген қоғам белсендісімен таныстым. Жергілікті тұрғындардың бастамаларына қолдау көрсеттім. Қала мэрінің сайлауына түсуге дейін бардым. 2019 жылы Ржев қалалық думасының депутаты болып сайландым. Сол кезде мәселенің қалай шешілетінін көрдім. Біздің мәселеміздің бәрі алыстан шешіледі екен. Ол туралы бізден не қалайтынымызды ешкім сұрамайды да», - деді Дунцова телеграм арнасында жариялаған видеосында.

Сонымен қатар ол ресейлік порталдардың біріне берген сұхбатында Ржев қаласындағы ауыз су, электр жарығы, газ мәселелерін сан мәрте көтергенін айтты.

Украинадағы соғысқа көзқарасы қалай?

Екатерина Дунцова сұхбатында және өзінің телеграм арнасында Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы да пікірін білдірді.

«2022 жылдың ақпан айында қазіргі президент арнайы операцияны бастады. Енді онда әр күн сайын адамдар көз жұмып жатыр. Олардың өмір сүргісі келгеніне менің күмәнім жоқ. Біздің бәріміз де өмір сүргіміз келеді. Бізге бейбітшілік қажет. Бейбіт өмір сүру дегеніміз – бір-біріміздің діни, мәдени және саяси жағынан әралуандығымызға қарамастан бір-бірімізді жақсы көру, құрметтеу деген сөз. Бізге қайтадан әңгімелесуді үйрену керек және барлық мәселемізді бірігіп шешуіміз керек», - деді ол.

Сондай-ақ ол жемқорлық, зейнеткерлердің зейнетақысының тек коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмекке, азық-түлікке әрең жетуі қалыпты жағдай емес екенін атап өтті.


Фото: duntsova2024.ru

«Бізде бәрін тек бір адам шешеді. Ол сіз бен біздің болашағымыздың мәселесін жалғыз өзі реттеп отыр. Шынтуайтында ортақ мәселемізді сіз бен біз бәріміз бірге шешуіміз керек. Бірнеше жылдан кейін елімізде қандай жағдай болатынын бүгінде ешкім тап басып айта алмайды. Мобилизация қашанға дейін жалғасады? Бірнеше жылдан кейін қалай өмір сүреміз? Жағдайымыз жақсара ма? Болашағымыз не болады? Бізде осы сұрақтың бәріне нақты жауап болуы тиіс. Бәріміздің, еліміздің болашағы жарқын болуы үшін мен президенттікке сайлауға түсемін. Бірақ маған сіздердің көмектеріңіз қажет... Бәріміз бірге еліміздің болашағын қайтарайық», - деді Дунцова телеграм арнасындағы видео үндеуінде.

Дунцованың соңында кімдер тұр?

Дунцованы қолдаған «Наш Штаб» жобасының үйлестірушісі Анастасия Буракова жазғандай, жоба демократиялық реформаларды, соғысты дереу тоқтатуды және саяси тұтқындарды босатуды жақтайтын, соғысқа қарсы ұстанымы бар кез келген кандидаттарды қолдауға дайын. Үміткерлерге қол жинауға, науқанды ұйымдастыруға және үгіт-насихат жүргізуге көмектесуге уәде етілген. Жобаның сайтындағы дерекке сәйкес, оның командасына Бураковамен бірге Александр Менюков, Дарина Маяцкая және Андрей Давыдов қатысқан.

Ал Дунцова сұхбаттарының бірінде оның соңында ең алдымен отбасы және жақындары тұрғанын айтқан. Саяси салмағы бар, белгілі тұлғалардың Дунцоваға қолдау көрсеткені туралы әзірге ешқандай дерек жоқ.

Саяси аренада бұған дейін аты аса таныла қоймаған Екатерина Дунцованың кандитатурасын бекіту үшін әзірге 110 мыңға жуық сайлаушы оған қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірген. Орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын қабылдағанмен, Дунцованың жеңіске жетіп, президент тағына жайғасуға қаншалықты мүмкіндігі бар екені әзірге белгісіз.

Естеріңізге салсақ, 2024 жылдың 15-17 наурызы күндері Ресей Федерациясында президент сайлауы өтеді. Оған 25 партия атынан және өзін-өзі ұсынатын кандидаттар қатыса алады. 18 желтоқсан күні РФ Орталық сайлау комиссиясы елдің қазіргі президенті Владимир Путиннің кандидатурасын қабылдады. Сенбі, 16 желтоқсан күні Мәскеудегі «Зарядье» концерт залында сайлаушылар тобының жиыны өтті. Оған қатысқан 750 адам Владимир Путинге қолдау көрсетті. Путин Ресей тарихындағы президент сайлауында бұған дейін 4 рет жеңіске жетті. Яғни 2000 жылы ол 52,94 пайыз, 2004 жылы 71,31 пайыз, 2012 жылы 63,6 пайыз, 2018 жылы 76,69 пайыз дауыс жинаған болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91