Израиль өз территориясын қалай кеңейтті: тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейін

Өз егемендігін жариялағаннан кейін бірнеше сағат өтпей жатып-ақ Израиль мен араб елдерінің коалициясы арасында соғыс басталды

Ануар Маратов
21/11/2023 - 17:22

Фотолар ашық дереккөзден

Фотолар ашық дереккөзден

Палестина-Израиль жанжалы Таяу Шығыс аймағында көп жылға созылған территориялық, ұлттық және діндік жанжал болып саналады. Тарихқа көз жүгіртсек, еврей халқы Палестинада ежелден тұрып келген. Алайда түрлі жағдайларға байланысты олардың жер бетінде көшіп жүруіне орай XX ғасырдың бірінші жартысында Палестина жерінде араб ұлты басым болды. Дегенмен жылдар өте келе Таяу Шығыс аумағында еврей ұлтының қайта көбеюі араб елдерімен түрлі қақтығыстарға әкелді. Сонымен Sarbaz.kz тілшісі кезекті материалында Израиль елінің құрылу тарихына және жылдар өте келе территориясының қалай кеңейгеніне шолу жасап өтпек.

МАНДАТ АСТЫНДАҒЫ ПАЛЕСТИНА

Палестина – 1922 жылы Ұлыбританияның басқаруына берген бұрынғы Осман патшалығының территорияларының бірі болды. Палестинада «Әкімшілік көмек пен кеңес беруден» басқа, британиялық мандат «Палестинада еврей халқы үшін ұлттық ошақ құруды» қолдайтынын білдіретін 1917 жылғы «Бальфур декларациясын» қамтыды. Мандат кезінде, яғни 1922 жылдан 1947 жылға дейін негізінен Шығыс Еуропадан келген ауқымды еврей иммиграциясы болды. Олардың саны 1930 жылдары нацистік қуғын-сүргінге байланысты өсті. Арабтардың Тәуелсіздік туралы талаптары мен иммиграцияға қарсы тұруы 1937 жылы көтеріліске алып келді. Осыдан кейін лаңкестік әрекеттер мен қос тараптан зорлық-зомбылықтар жүріп жатты. Ұлыбритания зорлық-зомбылықтан зардап шеккен елдің тәуелсіздік алуының түрлі жолдарын қарастырды. 1947 жылы Ұлыбритания Палестина мәселесін БҰҰ қарауына берді.

Суретте: БҰҰ жоспары бойынша Палестинаны бөлудің бастапқы картасы. Көк – еврейлерге арналған жер, қызғылт сары – арабтарға арналған жер. Иерусалим БҰҰ-ның бақылауында – ақ түспен белгіленген. 1947 жыл.

1947 ЖЫЛ ЖӘНЕ ИЗРАИЛЬ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҮШІН СОҒЫС

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылғы 29 қарашадағы қарарында Палестинада екі мемлекет құрылуын қарастырылды – араб (аумақтың 43,5%) және еврей (аумақтың 56,5%). Израиль өз мемлекетінің құрылғанын 1948 жылы 14 мамырда жариялады. Міне осыдан кейін қос тарап арасында қанды майдандар ара-тұра жүріп жатты. Өз егемендігін жариялағаннан кейін бірнеше сағат өтпей жатып-ақ Израиль мен араб елдерінің коалициясы арасында соғыс басталды. 1949 жылдың көктеміне дейін созылған соғыстың нәтижесінде Израиль өз аумағын 14-тен 20 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайтты. Жоспарланған араб мемлекеті құрылмады, ал оған арналған аумақтың бір бөлігі Египет (Газа секторы) пен Иорданияның (Иордан өзенінің батыс жағалауы) бақылауына өтті.


Фотода: Көк – еврей мемлекетіне бөлінген аумақтар; қызыл және сұр – соғыс кезінде Израиль басып алған аумақтар; жасыл және күлгін – Египет пен Трансиордания басып алған аумақтар. 1947-1949 жж. соғыс нәтижелері.

1967 ЖЫЛҒЫ АЛТЫ КҮНДІК СОҒЫС

1967 жылы 5 маусымда Израиль екі ел арасындағы шекарада әскерін шоғырландырған Египетке шабуыл жасады. Каир жағында Иордания, Сирия және Ирак соғысқа араласты. Алты күндік соғыстың нәтижесінде израильдіктер Синай түбегін, Газа секторын, Батыс жағалауды, Шығыс Иерусалимді және Голан шыңдарын басып алды. Басып алған жердің жалпы аумағы – 70 мың шаршы км, халқы – 1 миллионнан асады.

 
1967 жылғы алты күндік соғыс нәтижесі

1973 ЖЫЛҒЫ АРАБ-ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫ (АРАСАТ КҮНІНІҢ СОҒЫСЫ)

1973 жылы 6 қазанда Сирия мен Египет Израильге шабуыл жасап, 1967 жылы айырылып қалған жерлерін қайтарып алғысы келді. Алайда, «Арасат күні» соғысының 18-ші күнінде Тель-Авив Синай мен Голан шыңдары арқылы өз аумағын тағы да аздап үлкейтіп алды. Бірақ 1974 жылы израильдіктер Голан шыңдарының бір бөлігін Кунейтра қаласымен бірге БҰҰ-ның демилитаризацияланған аймағына берді.

1979 жылы 26 наурызда Египетпен бейбітшілік келісіміне қол қойылғаннан кейін Израиль Синай түбегінен әскерін шығара бастады. Түбек 1982 жылы Каирге қайтарылды.

ЛИВАНМЕН СОҒЫС. 1982 ЖЫЛ

Ливанда Палестинаны босату ұйымының шабуылдарына жауап ретінде Израиль қарулы күштері 1978 жылы оларға қарсы «Литани» әскери операциясын жүргізді. Нәтижесінде, Литани өзеніне дейінгі Оңтүстік Ливан бөлігін оккупациялап алды, бірақ оккупация көпке созылмады.

Израиль әскерінің қайта кіруі 1982 жылы Ливандағы азаматтық соғысқа толыққанды араласумен басталды. Әскери операция нәтижесінде Оңтүстік Ливан 2000 жылға дейін қайтадан оккупацияға алынды. Оккупацияның сылтауы – Ливан шекарасында қауіпсіз аймақ құру болды.

 
Фотода: Оңтүстік Ливанның Израиль әскерімен оккупацияланған аймақ қара сызықпен қоршалған

ЕВРЕЙ ХАЛҚЫНЫҢ ГАЗА СЕКТОРЫНА ҚОНЫСТАНУЫ

Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауына еврей халқының қоныстануы ерекше проблема болды. Израильдің қоныстануы 1967 жылдан кейін алты күндік соғыс кезінде басып алған аумақтарда құрылған елді мекендерге жүргізілді. Бұл елді мекендердің тұрғындары Израиль азаматтары болды. Бірқатар мемлекеттер мен БҰҰ бұл аумақтарды оккупацияланған деп санайды. Себебі БҰҰ Бас Ассамблеясының №181 қарарына сәйкес олар араб мемлекетін құруға арналған (БҰҰ-ның Палестинаны бөлу жоспары). Алайда 2005 жылдың 15 тамызында біржақты бөлу жоспары аясында Израиль үкіметі Газадағы өз тұрғындарын, яғни Израиль азаматтарын (8500 адам) мәжбүрлеп эвакуациялауды және Израиль әскерін сектордан шығаруды бастады. 22 тамызға қарай Газа секторынан израильдіктер толықтай шығарылды. Ал 12 қыркүйекте Израильдің соңғы сарбазы шығарылды. Осылайша Газа секторы Израильдің бақылауынан алғаш рет ажырады.

ИЗРАИЛЬДІҢ БИІК ҚАБЫРҒАЛАРЫ

Израильді бөлу тосқауылы – Израильді Иордан өзенінің батыс жағалауынан бөлетін Израильдің шекара құрылымы.

Шекаралық тосқауылдың жалпы ұзындығы 703 шақырымды құрайды. Ол 90% қоршаудан (60 метрлік жолақпен) және 10% қабырғадан (биіктігі 8 метрге дейін) тұрады. Ұзындығының 20%-дан астамында тосқауыл «жасыл сызықпен» сәйкес келмейді. Бірақ палестиналықтар өздеріне тиесілі деп санайтын Иордан өзенінің батыс жағалауына қоныстанады. Ал осы аумақтың 10%-дан астамын Израиль қоршап алған.


Фотода: Батыс жағауылдағы израильдік тосқауыл. 2005 жыл. Картаға қарасақ, израильдік тосқауыл «жасыл сызықты» бұзып, Батыс жағалауға мейлінше көбірек енеді.

БҰҰ Халықаралық соты 2004 жылдың 9 шілдесінде трассаның Жасыл сызықтан ауытқуын заңсыз және Женева конвенциясын бұзды деп айыптады.

Жасыл сызық – 1948-1949 жылдардағы араб-израиль соғысы аяқталғаннан кейінгі демаркациялық сызық


Қазіргі уақыттағы Израиль картасы

Соңғы 20 жылда Израиль аумағы өзгермеді. Алайда, қазіргі кездегі кезекті шиеленіске қарай Израиль аумағы кеңеюі мүмкін, сол сияқты Газа секторы әлемдік карталардан мүлдем жойылып кетуі мүмкін деген болжам бар.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91