Бір елдің аумағындай жер жарамсыз: эрозияға ұшыраған жерді қалпына келтіру жолы

90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған

Sarbaz.kz редакторы
14/11/2023 - 23:40

Фотолар ашық дереккөзден

Фотолар ашық дереккөзден

Қоғамда шешілмей тұрған өзекті мәселелер аз емес. Олардың бірі әрі түйіні тарқамай тұрған салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Бірер жыл бұрын батыс өңірлерде құрғақшылықтан төрт түлік мал жем-шөпсіз қалып, қарапайым халық үлкен шығынға ұшыраған. Ал биыл жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан хабарлама қара халықты тағы да дүрліктірді. Ведомствоның сол тұстағы басшысы 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшырағанын мәлімдеген болатын. Яғни қарапайым тілмен айтқанда 90 млн гектар жер құнарсыз, ол жерден жарытып ешнәрсе өсіре алмайсың. Ал мұның арты ертең азық-түлік тапшылығына апарып, әлеуметтік мәселеге айналмақ. Сонымен осыншама жердің жарамсыз болып қалуына не себеп? 90 млн гектар жерді қалпына келтіру мүмкін бе? Sarbaz.kz тілшісі осы мәселеге тоқталып өтпек.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл басында БАҚ өкілдеріне таратқан хабарламасында эрозияға ұшыраған жерлердің мәселесін қозғаған. Министрліктің мәліметінде меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жауапкершіліксіз қолдануынан жарамсыз болып қалғаны айтылған. Ведомствоның сол тұстағы басшысы Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше 90 млн гектардан астам жердің ішінде 29,3 миллион гектар жер іс жүзінде толықтай жарамсыз.

«Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп, жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жем-шөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», – деген еді экс-министр.

Проблемасы онсызда шаш етектен бұл саланың проблемасын енді қалай қалпына келтіруге болады? Осы тұста аздаған цифрлық мәліметтерге көз жүгіртіп көрейік. Қазақстанның жалпы жер көлемін гектар арқылы есептеп көрсек – 272 500 000 га болмақ. Осыған қарап-ақ Қазақстан жерінің үштен бір бөлігі егін егуге, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға жарамсыз екенін аңғаруға болады.

Дәл осы тұста гектар өлшемімен Қазақстанның жарамсыз жерлерін әлемнің алпауыт мемлекеттерінің жалпы жер көлемімен салыстырып көрейік.

Мысалға алайық, Испания елінің жер көлемі – 50 599 000 га, Италия – 30 207 300 га, Ұлыбритания – 24 361 000 га, Украина аумағы – 60 370 000 га, жыл басында зілзаладан үлкен зардап шеккен Түркия – 78 356 200 га.

Осы сандарға көз жүгіртіп-ақ Қазақстанның жарамсыз жер көлемі қаншалықты ауқымды екенін түсінуге болады. Былайша айтқанда бүтін бір мемлекет болатын жер Қазақстанда пайдаға жарамсыз күйде жатыр.

90 МЛН ГЕКТАР ЖЕРДІҢ ЖАРАМСЫЗ БОЛУЫНА НЕ СЕБЕП?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесінен кейін кімнің болмасын көкейінде оның негізгі себебі неден болуы мүмкін деген сауал жатыр? 90 млн гектардың басым бөлігі бәлкім атом бомбасынан зардап шеккен Семей полигонына тиесілі шығар? Wikipedia мәліметіне жүгінсек, полигонның жалпы аумағы – 2 млн гектар. Жоқ, әлде Байқоңыр ғарыш айлағы ма? Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың айтуынша Ресей Байқоңырдың 8,5 млн гектар жерін жалға алып отыр. Немесе күн санап суы тартылып жатқан Арал теңізі ме? Мәліметтерге сүйенсек, Аралдың жалпы аумағы – 2,8 млн гектар.

Қоршаған орта үшін проблемалы үш аймақтың жалпы көлемі 13,3 млн гектар жер болды. Ал қалған 80 млн гектарға жуық жер қалай құнарсызданып қалды? Себебі неде?

Осы тұста жарамсыз жерлерді қалпына келтіру үшін еңбектеніп жүрген, «QazVerm» кооперативінің жетекшісі Пернебек Оразұлының ойын білдік. Кәсіби маман мәселенің негізгі себебі жердің пайдаға жарауы үшін құнарландыру жұмысы жүргізілмейтінімен байланыстырды. Яғни ауыл шаруашылығы мақсатында жалға алынған жерден көбірек өнім алу үшін кәсіпкерлер химиялық тыңайтқыштарды көп мөлшерде себетін көрінеді. Міне мәселе қайда жатыр! Жылдар бойы тек тыңайтқыш себіліп келген жер бүгінде әлбетте жарамсыз болып қалмақ.

«Егілген өнімнің бітік шығуына әсер ететін жердің беткі қабатының эрозияға ұшырап, жарамсыз болуына – ең алдымен химиялық тыңайтқыштар себеп болып отыр. Бұл тек Қазақстанда ғана емес жер бетіндегі біраз елдің бас қайғысына айналып отыр. Осы орайда құнарсыз жерді құнарландыру үшін не істеу керек деген заңды сауал туындайды. Оның жауабы жоқ емес. Эрозияға ұшыраған жерлерді табиғи әдіспен, табиғаттың өзіне тән заңдылығымен, үйлесімді түрде құнарландыру қажет. Яғни жердің беткі қабатын табиғи жолмен құнарландыру керек. Ал оның жолы қандай?

Шұбалшындарды малдың қиына жіберіп, оны арпа, бидай, сұлы секілді дәнді-дақылдардың қалдықтарымен араластырып, органикалық табиғи өнім шығаруға болады. Мұны қарапайым тілде биогумус деп атаса, халықаралық нұсқасы – kompost. Құнарландырудың бұл әдісі соңғы жылдары ерекше қарқындап келеді. Міне өнімнің бітік шығуына әсер ететін жердің беткі қабатына қажетті тыңайтқыш химиялық жолмен емес осылайша табиғи күйде шығарылады», - деп ойымен бөлісті.

Пікір арасында жердің табиғи жолмен құнарлануы өте ұзақ уақыт алатынын, сол себепті биогумус әдісін қолдану қажеттігін айрықша атап өтті.

«Жердің ең құнарлы, нәрлі жерін гумус қабаты деп атайды. Мәселен, Украина елінде жердің нәрлі қабатының бірнеше сантиметрі табиғи жолмен 100-200 жылда барып пайда болса, бізде тіптен ұзақ. Қазақстанның оңтүстігінде жер өздігінен тек мыңдаған жылдарда барып құнарланады. Бұл жердің өз бетімен қалпына келуі өте ұзақ уақытты алатынын білдіреді.

Ал шұбалшындар арқылы жердің гумус қабаты жылдам қалпына келіп, құнарланады. Сөз басында айтып өткенімдей, малдың қиына салып, табиғи тыңайтқыш өңдеп шығарып, оны жерге себетін болса, ең алдымен жарамды күйге айналады. Екіншіден жерге де адам ағзасы секілді иммунды жүйе қажет, ал өңдеп шығарылған табиғи тыңайтқыш арқылы сол жерге отырғызылған өсімдіктің де иммунды жүйесі күшейеді», - дейді кооператив басшысы.

Сөз арасында химиялық тыңайтқыштан егілген өнім бітік шыққанмен, жердің беткі қабаты мен егілген өнімнің сапасына кері әсер ететінін тілге тиек етіп өтті.

Ел аузында «жаздың алғашқы айында қарбыз алуға болмайды, химиямен өсірілген» деген пікір осыдан барып қалыптасқан болса керек.

«Бала күнімде қауын-қарбыздың дәмі қазіргіден әлдеқайда тәтті еді. Қазір тәтті дәмі жоқ, тек су татиды. Міне оған басты себеп – химиялық тыңайтқыштың өте көп мөлшерде қолданылуы, нәтижесінде нитрат жоғары болады. Ал оның адамға зияны аз емес. Бүгінде аурулардың жылдам тарауына – химиялық тыңайтқыштармен өсірілген өнімдер бірден бір себеп. Оны пайдаланғаннан кейін рактың небір түрі белең алып барады. Осындай себептерден кейін шылаушын арқылы табиғи тыңайтқыш шығару – қолға алатын үлкен шаруалардың бірі болып отыр. Биогумус арқылы жердің құнарлығын арттыру қажет. Ал оны жүзеге асыруға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар.

Бізде арпаны, бидайды жинап болғаннан кейін қалдығын өртеп жіберетін жағдайлар кездесіп тұрады. Оның табиғатқа да, экологияның айналым жүйесіне де үлкен зияны бар. Ал оны өртеудің орнына шылаушын жіберілген малдың қиына араластырса үлкен пайдасы тимек», - дейді Пернебек Оразұлы.

КӘСІПТІҢ КӨЗІ

Жұртқа беймәлім саланың иесі өз сөзінде биогумус арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар екенін тілге тиек етіп өтті.

«Биогумус кәсібі ауыл халқына өте ыңғайлы. Шылаушын мен малдың қиы арқылы айналасын жұмыспен қамтып, гүлдендіруге болады. Ал мемлекет тарапынан қандайда бір қолдау алар болса, ісін жүргізгеннен кейін бюджетке салық та төлеп тұрады. Осылайша кооперативтер де жанданар еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды гүлдендіру туралы тапсырмасы осы бастама арқылы-ақ орындалар еді», - дейді ол.

Айтуынша Қазақстанға органикалық тыңайтқыштардың 90-95 пайызы көршілес Ресейден, тіпті Еуропа елдері мен Америка Құрама Штаттарынан жеткізілетін көрінеді. Ал отандық табиғи тыңайтқыштар жоқ деуге де болады. Пернебек Оразұлы секілді жекелеген кәсіпкерлер болғанмен, импорт арқылы жеткен тауарлардың арасында олардың бар-жоғы көрінбей қалып жатады.

«Қазір осы шаруаның басы-қасында жүгіріп, табиғи тыңайтқыштарды өндірумен айналысып жүрміз. Құрамымызда үш мыңға жуық мүшеміз бар кооператив құрдық. Осы бағыт бойынша бүкіл Қазақстанға арнап өнім шығарамыз. Шетелдік тыңайтқыштарға бәсекелес болып, болашақта дамып жатсақ экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Яғни алдымен өзімізге пайдамызды тигізуді мақсат етіп жүрміз», - дейді ол.

Шылаушындар Қазақстанға басқа елдерден импортталатынын сөз арасында айтып өтті. Ал мұндай жағдайда бөтен елден жеткізілгендіктен қазақ топырағына сіңісіп кете ала ма?

«Орынды сауал. Рас, шылаушындар негізінен АҚШ-тан жеткізілетіні жасырын емес. Оны Калифорния шылаушыны деп аталады. Бірақ жәндіктің бұл түрі қазақ жеріне арнайы бейімделген, тиісінше құжаттары да жасалып, заңдастырылған», - дейді Пернебек.

Мән беріп қарасақ, бір ғана шылаушын арқылы ауыл шаруашылығына қатысты қаншама мәселенің түйінін тарқатуға болар еді. Кооператив жетекшісінен сұрап білгенімізде, ауылдағы бір сотық жерден-ақ әжептәуір табыс табуға болатын көрінеді. Ол үшін небәрі 2 шаршы метр аумақты алатын шұбалшын мен бір көлік малдың қиы жеткілікті.

«Шылаушынның бір ерекшелігі, жылдам көбейеді. Мысалға алар болсақ, мал жылына бір рет төлдесе, олар 500 есе көп таралады. Оның үстіне, Қазақстанның климаты шылаушын өсіруге өте қолайлы. Қыс мезгілі қаншалықты аязды болса да шылаушынның көбеюіне зиянын тигізе алмайды», - деп Пернебек Оразұлы ойын аяқтады.

Біз осы орайда Алматы тауларының бөктерінде алманың апорт түрін өсіріп, оны кәсібіне айналдырып отырған Сырымбек Қазыбайұлымен кездесіп, алма шаруашылығындағы эрозияға ұшыраған жерлердің мәселесі туралы ойын білдік.

«Алматыда туып, осында өстім. Апорттың неше түрін көрдік. Алатаудың бөктері толған апорт еді. Дәмі де ерекше, тіл үйіретін. Бір апорттың 1 килограмнан асып түсетіні үйреншікті еді. Үйдегі бақшамызда да алманың неше түрі болатын. Уақыт өте келе апортымыздан айырыла бастадық. Алатаудың алмаларының біразы кесіліп бітті. Қазір апорттың дүкендегі бағасы удай. Дәмі де бұрынғыдай емес. Оның өзі таза апорт емес.

Сонымен не керек, апортты қайта дамытайын деп үш жыл бұрын Есік қаласының маңынан екі гектардай жерді алма бағымен сатып алдым. Бір қарағанда тәп-тәуір сияқты еді. Бірақ тыңайтқыштың неше түрі себіліп, алманың дәмін де, жерінің құнарлығын да бүлдіріпті. Енді бақшамды құнарландыруды қолға алып отырмын. Жуырда шылаушын арқылы өндірілген табиғи тыңайтқыштарға тапсырыс беріп қойдым. Бірер жылдан кейін алма бағым мол өнім беріп, кәсібім жақсы табыс көзіне айналады деп үміттеніп отырмын», - дейді кәсіпкер.

Сөз соңында айтарымыз, қазақ халқы ұлтарақтай жері үшін қасық қаны қалғанша соғысып, бүгінгі ұрпаққа аманаттаған. Ал оны көрінген мақсатта қолданып, жарамсыз ету ата-бабамыздың алдында да, болашақ ұрпақтың алдында да кешірілмейтін іс. 90 млн гектар аумақ бірнеше мемлекеттің көлемімен бірдей жер. Сол себепті жауапты мекеме басшылары да, кәсіпкерлер де құнарландыру жұмысын қолға алуы қажет.

Аян Бекжанұлы

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91