Әскерге шақырылғандар несиесін кейінге қалдыру үшін не істеу керек?

Қарыз алушы кредиторға жеке жүгіне ала ма?

Sarbaz.kz редакторы
11/09/2023 - 17:26

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша деректеріне сәйкес, төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде 1,4 млрд теңге сомаға 8,8 мың қарыз бойынша 5 мың әскерге шақырылушы мен әскери қызметшіге берілді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы желтоқсанда ҚР Қорғаныс министрлігі мен Агенттік арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған қарыз алушылардың банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін көздейтін өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

Сонымен бұл процесс қалай жасалады?

  • Қорғаныс министрлігі Агенттікке мерзімді әскери қызмет өткеретін, қарыздары бар әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілердің дербес деректерін және банктің немесе МҚҰ-ның атауын көрсете отырып, тізімін ұсынады;
  • Агенттік Қорғаныс министрлігінен алған мерзімді әскери қызмет өткеретін және банктік қарыздары мен (немесе) микрокредиттері бар әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілердің тізімдерін банктердің, МҚҰ-ның немесе коллекторлық агенттіктердің атына жібереді;
  • Банктер мен МҚҰ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген берешекті өндіріп алудың барлық нысанын кейінге қалдыруды, сондай-ақ тоқтата тұруды жедел беруді жүзеге асырады.
  • «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-2-бабына сәйкес, әскерге шақырылушы немесе әскери қызметші не оның заңды өкілі өтінішпен және әскери қызметшінің әскерге шақырылғанын немесе мерзімді әскери қызметтен өткенін растайтын анықтамаларды қоса тіркеп жүгінген кезде банктер мен МҚҰ-ның банктік қарыздар мен микрокредиттердің төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынуы жүзеге асырылады.

Қарыз алушы кредиторға жеке жүгіне ала ма?

Қарыз алушы өтінішті банкке немесе МҚҰ-ға электрондық пошта, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет-ресурс, мобильдік қосымша, басқа да байланыс құралдары арқылы не кредитордың кеңсесіне бару арқылы дербес жіберуге құқылы. Өтінішке әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызметке шақыру немесе өткеру фактісін растайтын анықтама қоса берілуі қажет.

Әскерге шақырылушыларға немесе әскери қызметшілерге қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі кредиторға жеке өзі жүгінген кезде және Қорғаныс министрлігінің тізіміне сәйкес беріледі. Сондай-ақ, кредиторға өтінішті қарыз алушының өкілдері сенімхат бойынша бере алады.

Бұл ретте Агенттікке қосымша өтініш жіберу талап етілмейді.

Тегтер

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94