Зілзала кезінде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?

Жер сілкінісі кезінде алғашқы 10-15 секундта әрекет ету керек

Sarbaz.kz редакторы
23/01/2024 - 16:46

Көрнекі фото: zhijiao.cn

Көрнекі фото: zhijiao.cn

Жер сілкінісі кезінде не істеу керек? Қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек? Sarbaz.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Егер ғимаратта болсаңыз:

  • Бірінші қабатта болсаңыз дереу далаға шығыңыз.
  • Егер бірінші қабаттан жоғары болсаңыз – жақын жердегі қауіпсіз орынға тұрыңыз: көтергіш арқалықтың астында немесе қабырғалардың бұрышына, тірек бағаналардың жанында немесе есіктерді ашып, есік ойығына тұрыңыз. Үстелдің немесе кереуеттің астына жасырынып, құлап жатқан сылақтан, әйнектен және басқа да заттардан бетіңізді қолмен жауып қорғана аласыз.

Егер далада болсаңыз:

  • Ғимараттар мен құрылыстардан, биік бағаналар мен қоршаулардан, маңдайшалардан, әйнектерден және басқа да құлап кету қаупі бар заттардан мүмкіндігінше алыс болыңыз. 
  • Адамдар көп жиналатын жерлерде жарнама, бағана секілді құрылымдардан аулақ болыңыз, ашық кеңістікке шығыңыз, жұлынып кеткен сымдардан сақ болыңыз.
  • Адам көп кезде көпшіліктің қозғалысына қарсы жүрмеңіз, киіміңізді қымтап киіп алыңыз, қолдарыңызды бүгіп, кеудеңізге қарай айқара қысыңыз.
  • Кедергі келтіретін заттарды тастаңыз. Жығылған жағдайда бір тізеңізбен тұрып, көтерілуіңіз қажет. 

Көлікте отырсаңыз:

  • Басқа көліктерге кедергі жасамайтын жерге тоқтаңыз. Көлік зақымдалған болса есіктерді қарысып қалмайтындай ашыңыз. Далада құлаған заттардан жарақат алмау үшін көлігіңізде қалыңыз.

МАҢЫЗДЫ

  • Үрейленбеңіз және дүрбелеңге бой алдырмаңыз;
  • Жер сілкінісі кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
  • Терезелер мен шынысы бар қабырғалардан алшақ жүріңіз;
  • Егер сіз бірінші қабаттан жоғары тұрсаңыз, терезеден немесе балконнан секірмеңіз;
  • Жер асты дүмпулері тоқтағаннан кейін үй-жайдан шығып, басыңызды бүркемелеңіз және электр сымдары мен басқа да бұзылған нысандардан сақ болыңыз!

Жер асты дүмпулері тоқтағаннан кейін электр құралдарын, газды, суды ажыратыңыз. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз, телефон желісі бос болуы керек. Ашық отты қолданбаңыз! 

Тегтер

×

Редакция

$ 439.43  473.31  4.82