Ақпараттық-түсіндіру тобы гарнизондарда іс-шаралар өткізді

Админ
30/09/2023 - 20:27

gov.kz

gov.kz

Алматы, Талдықорған, Қонаев, Абай гарнизондарында және Өскемен қаласында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы әскери-патриоттық жиындар өткізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Алматы гарнизонында Қазақстан әскерінің беделін арттыруға бағытталған шара өтті. Алматы қаласындағы Армия үйінде өткен жиынға әскерге шақыру жасына дейінгі жастар да қатысты. Кездесуде әскери ведомство өкілдері Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу ережелері, мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін жастарға берілетін жеңілдіктері туралы айтып берді. Сондай-ақ, балаларға заманауи қару-жарақ пен әскери техника да көрсетілді.

Қонаев гарнизонында қала мектептерінің мұғалімдерімен «Отанды қорғау – қасиетті борыш» тақырыбында ерлік сабағы өткізілді. 

Қорғаныс министрлігі еліміздің көптеген жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаны іске асыру бойынша меморандумға қол қойды. Оның негізінде мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға білім беру секторында жеңілдіктер қарастырылған, – деп атап өтті ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі полковник Данияр Құдайбергенов.

Ал Семейдің қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Қарулы Күштері ақпараттық-түсіндіру тобының құрамымен келген Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы концерт қойды.

Аталмыш концерт күзгі шақыру науқанына орайластырылды. Оған қоса мәдениет үйінің фойесінде атыс қаруының көрмесі ұйымдастырылды.

Қарулы Күштердің ардагерлері, әскер жасына дейінгі жастар, «Жас сарбаз» қозғалысының қатысушылары елорда әртістерінің өнеріне қошемет көрсетті. Сахнадан патриоттық әндер шырқалған сәтте көрермендер тік тұрып, ду қол шапалақтады.

Концерт соңында Семей қаласынан келген мерзімді қызметтегі сарбаздардың ата-аналарына ұлдарын өнегелі тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табысталды.

Осы шара аясында Астанадан келген әскери қызметшілер Шәкәрім атындағы №5 гимназия және №49 мектеп мұғалімдерімен кездесулер өткізді. Болашақ Отан қорғаушылар Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу шарттары және жоғары оқу орындарына түсу кезінде мерзімді қызметті өткергендерге берілетін жеңілдіктер туралы айтып берді. 

ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыс, Әскери білім және ғылым департаменттерінің офицерлері Абай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пунктінде әскерге шақырылушылармен кездесу өткізді. Әңгіме барысында әскери қызметтің ерекшеліктері, әлеуметтік кепілдіктер, әскери қызметті өткеру тәртібін регламенттейтін нормативтік актілер түсіндірілді.

Мұндай іс-шаралардың мақсаты – жастар арасында Отан қорғаушы мамандығына деген қызығушылықты ояту және Қазақстан армиясының беделін көтеру. Қарулы Күштердің ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің барлық өңірлерінде болды. Бұл сапар «Жаңа Қазақстанның тірегі – Айбынды жастар» ұранымен өтіп жатыр.

Тегтер

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85