10 күн бойы әскери міндеттілер теориялық білім алып, әртүрлі жауынгерлік дайындық пәндерінен іс жүзінде машығын жетілдіреді
Павлодарда аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілердің әскери жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес әскери міндеттілер шақырылатын әскери жиын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы құрамындағы Павлодар облысы аумақтық қорғанысының 99225 әскери бөлімінде өтуде.
Павлодар облысы әкімінің әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі полковник Бауыржан Есімовтің айтуынша, жиынға 70-тен астам адам, атап айтқанда офицерлер, сержанттар мен қатардағы жауынгерлер шақырылған.
Оқыту жеке құрамның қабылдау пунктін өрістете отырып, бригаданы жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруден басталды. 10 күн бойы әскери міндеттілер теориялық білім алып, әртүрлі жауынгерлік дайындық пәндерінен іс жүзінде машығын жетілдіреді.
Сабақтың соңғы кезеңінде ротаны үйлестіру өтеді. Әскери міндеттілер «Стратегиялық объектілерді күзету және қорғаудағы жеке құрамның іс-қимылдары» тақырыбында тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларға қатысады. Оның барысында офицерлер, сержанттар мен сарбаздар тосқауыл бекетінде диверсиялық-барлау топтарының шабуылын тойтарудан жеке құрамның практикалық іс-қимылдарын пысықтайды.
Бригада командирі полковник Асқар Рыспаев әскери міндеттілердің тактикалық-арнайы жаттығуларға қатысуы олардың атыстан, тактикалық-арнайы және дене шынықтыру дайындығынан дағдыларын арттырады деп атап өтті.
«Әскери міндеттілер айтарлықтай нәтиже көрсетіп жатыр. Жиынға қатысқандар өз міндеттерін жақсы атқарғанын атап өткім келеді. Сабақтың барлық кезеңдерінде әскери тәртіп пен қауіпсіздік шаралары бірде-бір рет бұзылған жоқ. Сондай-ақ,әскери міндеттілерге әдістемелік сабақтарды жақсы өткізгені үшін батальон командирі майор Асылхан Сабыров пен аумақтық қорғаныс батальонының командалық құрамын атап өткен жөн», - дейді ол.