Бітімгерлік миссия: қазақстандық әскерилер БҰҰ дайындығынан өтіп жатыр

Сабақтар жауынгерлік қимылдарға барынша жақын жағдайда өтеді

Sarbaz.kz редакторы
20/09/2023 - 18:31

Қарулы күштердің әскери қызметшілері БҰҰ әскери бақылаушылар курсы бойынша дайындықтан өтіп жатыр. Үш апталық курс полигондағы практикалық сабақтармен аяқталады. Онда тыңдаушылар шабуыл, кепілге алу кезіндегі әскери бақылаушының іс-қимыл алгоритмін пысықтайды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Сабақтар жауынгерлік қимылдарға барынша жақын жағдайда өтеді.

Офицерлерді курстық дайындықтан өткізудің мақсаты түрлі жағдайларды модельдеу және әскери қызметшілердің ішкі жағдайы тұрақсыз, дағдарысқа ұшыраған елдерде бітімгерлік миссияны орындау барысындағы күйзеліске төзімділігі мен әрекет ету қабілетін дамыту болып саналады.

«Әскери қызметшілер әуеден патрульдеу, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды табу, жаралыларды эвакуациялау, келіссөз жүргізу және т.б. тапсырмаларды орындайды. Курстың бағдарламасын БҰҰ-ның әртүрлі елдердегі бітімгерлік миссияларына қатысқан тәжірибелі нұсқаушылар әзірлегенін айта кету керек. Үш апталық бағдарлама Бітімгерлік операциялар орталығының базасында апробациядан, әрі бағалаудан өтеді.

Алдағы уақытта Орталық Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшыларын курсты бағалауға шақыруды жоспарлап отыр. Егер бағдарлама мақұлданып, курс аккредиттеуден өтер болса, бұл бізге Бітімгерлік операциялар орталығының базасында халықаралық деңгейдегі сертификатталған әскери бақылаушыларды даярлауға мүмкіндік береді.

Тыңдаушылар полигонға бармас бұрын офицерлердің әскери бақылаушы ретінде бітімгерлік міндеттерді ойдағыдай орындау дайындығын қамтамасыз ететін пәндер кешенінен өткенін бөліп айту керек. Әскери қызметшілер бітімгерлік қызметті, әскери бақылаушының мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін реттейтін халықаралық заңнаманы, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысушы тараптармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруды жан-жақты зерделеді», - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Оқыту курсының қорытындысы бақылау-кешенді оқу-жаттығуы болмақ. Онда тыңдаушылар БҰҰ әскери байқаушыларының бітімгерлік міндеттер кешенін орындап, оларды іске асырудың түрлі тәсілдерін қолданады.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41