Қазақстандық танкистер кәсіби мерекелерін атап өтті

Мерекенің тарихы 1942 жылдан бастау алады

Админ
16/09/2023 - 22:23

gov.kz

gov.kz

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерт залында қазіргі заманғы әскерлердің негізгі жауынгерлік құрамдас бөлігі болып табылатын танкистерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Бұл күні Қарулы күштерде Құрлық әскерлерінің екпінді күші танкистер күнін атап өту бекер емес. Мерекенің тарихы сонау 1942 жылдан бастау алады. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары Республика жастары жинаған қаражатқа жасалған танктер легі Қазақстаннан майдан даласына жөнелтілген болатын.

1941 жылы шымкенттік теміржолшы жастардың бастамасымен бір жыл ішінде бүкіл республика бойынша танк легін құруға жететін ақшалай қаражат жиналды. 1942 жылғы 15 қыркүйекте 46 дана Т-34 танкі әскерлерге беріліп, майдан даласына жіберілді.

Танк құрамаларының жауынгерлік тарихы әскери жылнаманың қаһармандық кезеңдерінен, батылдықтан, танк жауынгерлерінің табандылығы мен жанқиярлығынан тұрады.

Танк әскерлері Ұлы Отан соғысы жылдарында өшпес даңққа ие болып, Жеңіске үлкен үлес қосты. Қазақстандық офицерлер Ғали Әділбекұлы Әділбеков, Жұмаш Рахметұлы Рахметов, қазақ қыздары Жамал Байтасова, Құлкен Тоқбергенова, Күлжамила Талқанбаева және Жамила Бейсенбаева кәсіби танкистер болды.

Бүгінгі таңда танктер негізгі жауынгерлік компонент болып қала береді, олардың ұрыс алаңындағы басты артықшылығы – жылдамдық пен күш. Қазақстан армиясының танк бөлімдері мен бөлімшелері ұдайы жауынгерлік дайындықта болады. Танкистер кәсіби шеберліктерін шыңдап, жауынгерлік даярлық деңгейін арттырып отырады.

Танк бөлімшелерінде қызмет еткен Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов мерекелік іс-шараны ашты.

Танкистердің бүгінгі жетістіктеріне экипаждың барлық мүшелерінің – механик-жүргізушілердің, көздеушілер мен танк командирлерінің қажырлы да құрметті еңбегінің арқасында қол жеткізілуде, – деп атап өтті өз сөзінде генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов. – Танкист мамандығы айтарлықтай романтикаға толы. Олар туралы әндер мен әдеби шығармалар да жетерлік. Ал бүгін сіздердің қиындыққа толы қызметтеріңіз танк әскерлеріне деген құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады.

Мерекелік жиында Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің танкистері мен ардагерлерін алғыс хаттармен және грамоталармен марапаттау туралы бұйрығы оқылды. Салтанатты шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблі шығармашылық ұжымының мерекелік концертімен аяқталды.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41