Оқу курсына 11 әскери қызметші қатысты
Қонаев гарнизонының минадан тазарту орталығында қазақстандық әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік қызметін дамыту және кеңейту аясында «БҰҰ минадан тазарту бөлімшесінің қағидаттары» халықаралық курсын өткізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оқу курсына 11 әскери қызметші қатысты, оның ішінде 1-еуі – Сауд Арабиясынан, 2-еуі – Қытай Халық Республикасынан және 8-і – ҚР ҚК әскери қызметшісі. Қазақстан өткен жылы дәріс өткізу туралы аккредитация мен сертификат алды.
«ҚР ҚК минадан тазарту орталығы БҰҰ миссиясы үшін жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру бойынша курс өткізеді. Курс БҰҰ мамандарынан аккредитация алғаннан кейін алғаш рет өткізіледі. ҚХР мен Сауд Арабиясының әскери қызметшілері қазақстандық тараптың шақыруымен келді. Бұл курс базалық әрі қарай минадан тазарту орталығы болып саналады, бұл курсты барлық аспектілер бойынша, әлемдік ауқымда минадан тазарту мәселелері бойынша жақсарту жоспарланған», - дейді 19033 әскери бөлімінің EOD UN курс бастығы подполковник Бақыт Абдуллаев.
Курстың мақсаты – бітімгершілік операциялары үшін оқ-дәрілерді залалсыздандыру бойынша мамандар даярлау. Сабақ барысында әскери қызметшілер БҰҰ минадан тазарту бөлімшелерінің құрылымын, мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын, философияны, жан-жақты қамтамасыз ету мен өзара іс-қимылды, сондай-ақ бітімгершілік операциялардың құқықтық шеңберін зерделеді. Шетелден келген әскери қызметшілер үшін теориялық мәселелерді зерделеумен қатар, Медеу мен Шымбұлаққа бару мәдени-демалыс бағдарламасы ұйымдастырылды.
Курс қорытындысы бойынша қатысушылар емтихан тапсырды, осыдан кейін халықаралық деңгейдегі сертификаттар алды. Орталық мамандарының айтуынша, бұл сабақтар бастама болып саналады, әрі қарай минадан тазарту орталығы базалық курсты әлемдік ауқымға дейін кеңейту жоспарланған.