Елімізде әскерге барып келген жастардың алғашқы легі ЖОО-да тегін оқып жүр

Әскерде үздік нәтиже көрсеткен азаматтар тегін білім алуда

Sarbaz.kz редакторы
11/09/2023 - 21:26

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Әскери борышын өтеп келген азаматтардың алғашқы легі оқуға тегін қабылданды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биылдан бастап Қорғаныс министрлігі бастамасының негізінде әскери қызмет барысында жақсы нәтиже көрсеткен сарбаздардың тегін білім алуына мүмкіндік берілді. Тың өзгеріспен басталған жаңа оқу жылында әскерде үздіктердің қатарынан көрінген азаматтар өздері қалаған мамандықты меңгеруде.

Осы жылдың көктем мезгілінде запасқа шығарылған Айдар Науша – солардың бірі. Ол әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінде борышын өтеген. Қазіргі уақытта Астана IT университетінде медиа технология бағытында білім алуда.

«Бұл университетке түсуді жоспарлап жүрсем де, ол маған қол жетпейтін арман болып көрінетін. Дегенмен әскердегі қызметімнің арқасында мақсатыма жетіп, 100 пайыз жеңілдікпен оқып жатырмын. Әскерде дене даярлығы мен жауынгерлік машығымды шыңдап, қатардағы жауынгерден ефрейтор шеніне дейін көтерілдім. Енді жоғары оқу орнын лейтенант болып аяқтауды көздеп жүрмін», – дейді Айдар.

Биылғы оқу жылында Астана IT университетінде Айдар ғана емес, Семей қаласындағы Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарған сарбаз Әмір Қайыров та тегін білім алып жүр. Мерзімді әскери қызмет кезінде өзіне жүктелген міндеттерді сапалы орындаған ол жоба аясында жоғары ұпай жинаған.

«Ата-анам, жақындарым жоғары оқу орнына тегін оқитынымды естігенде қатты қуанды. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Жоспарым – университетті ойдағыдай аяқтап, білікті маман болу», – дейді ол.

Кейіпкерлеріміз оқу барысында Астана IT университетінің базасындағы әскери кафедрада білім алмақшы. Аталған кафедрада запастағы офицерлер мен сержанттарды дайындайды.

Тегтер

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07