Олардың 1,4 млрд теңге қарызы бар
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде 1,4 млрд теңге сомасына 8 800 қарыз және микрокредит бойынша 5 мыңнан аса сарбаздың несиелік төлемдері кейінге қалдырылған, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов Мемлекет басшысының мерзімді әскери қызметтің беделін нығайту, тартымдылығын арттыру және әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған шаралар туралы айтты.
«Біріншіден, мерзімді қызмет сарбаздарына кредиттік демалыс беру шаралары іске асырылып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде 1,4 млрд теңге сомасына 8 800 қарыз және микрокредит бойынша 5 мыңнан аса сарбаздың несиелік төлемдері кейінге қалдырылған.
Екіншіден, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында қажет әскери-есепке алынатын мамандықтар бойынша сарбаздарды дайындайды. Оларға мемлекеттік үлгідегі куәліктер беріледі.
Үшіншіден, Қорғаныс министрлігімен 70-тен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелері борышын өтеген сарбаздарға білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды», - дейді Бауыржан Артықов.