Шомылу маусымы: елімізде небәрі үш айда 177 адам суға кетті

136 адам құтқарылды

Sarbaz.kz редакторы
06/09/2023 - 15:19

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Министрліктің хабарлауынша ресми түрде суға түсу маусымы 3 айға созылады – 1 маусымнан 31 тамызға дейін.

«Жаз мезгілінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары суда 136 адамды құтқарды, оның 51-і балалар.

Суға шомылу маусымы басталмас бұрын және оны өту кезінде тұрғындармен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-профилактикалық жұмыс жүргізілді.

Барлық жерде жүргізілген жұмыстарға қарамастан, жаздың үш айында 177 адам суға батып кетті, оның ішінде 53-і – кәмелетке толмағандар. Салыстырар болсақ, өткен 2022 жылғы шомылу маусымында 184 адам суға батып кетті (-4%), оның ішінде 62-сі – кәмелетке толмағандар (-15%).

Суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда суда шомылған. Судағы өлімнің негізгі себептері – өз күшін асыра бағалау, мас күйінде суға түсу, жүзе алмау. Ал балалардың суда өлуінің басты себебі – оларды ересектердің қараусыз қалдыруы», - делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Жалпы республика бойынша суда жаппай демалуға рұқсат етілген 612 орын бар. Ал 4285 орын суға түсуге қауіпті деп танылып, тыйым салынған орындар тізіміне енгізілген.

Тыйым салынған және рұқсат етілген шомылу аймақтары туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған.

Айта кетейік, жуырда Түркістан облысының Отырар ауданындағы Сырдария өзеніне бір әулеттің 11 адамы батып кеткен болатын. Суға кеткендердің алтауы – кәмелетке толмағандар.

Тегтер

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91